Облысымыздың ішкі істер органдарында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 700-ден астам жауынгер қызмет еткен. Олардың есімдері даңқ ескерткішінде, музейдің экспозицияларында, ведомстволық баспасөз қызметінің мұрағатындағы басылымдар мен бейнематериалдарда сақтаулы. Солтүстікқазақстандық милицияда жұмыс істеген майдангердің соңғысы – Григорий Красильников биылғы ақпан айында дүниеден өтті. Григорий Иванович өткен жылдың желтоқсан айында 100-ге толған еді…
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында соңғы жылдары майдангерлермен болған кездесулер мен оқиғалар жинақталып, бейнеролик әзірленді. Соғыс ардагерлерінің үшеуі 100 жылдығын тойлаған болатын. Бұл бақытты сәттер басшылықтың, жас қызметкерлердің назарынан тыс қалмайды. “Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін есте сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – борышымыз. Сол күндердің оқиғалары ұзаған сайын, олар туралы естеліктердің маңызы арта түседі”, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сәуле Андағұлова.
Тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлерінің жесірлері де назардан тыс қалған жоқ. Мереке қарсаңында полиция ведомствосының өкілдері Галина Келібаева мен Дариға Әбілмәжінованың үйіне барып қайтты. Ішкі істер органдары ардагерлерінің тізімінде тоғыз тыл еңбеккері бар.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.