Петропавл полицейлері бірнеше интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Бір факті өткен жылдың қыркүйек айында орын алған. Петропавл тұрғыны интернеттегі хабарландыру бойынша магнитола сатып алмақшы болып, алдын ала төлем ретінде қаражат аударған, салдарынан 80 мың теңгесінен айырылған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қалалық бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні тапты. Мән-жайды анықтау кезінде ұсталғанның ұқсас қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін екендігі анықталды. Жедел уәкілдер материалдарды павлодарлық әріптестеріне жіберді. Қазіргі уақытта ол Шығыс Қазақстан облысында және басқа өңірлерде жасалған 15 интернет-алаяқтық бойынша күдікке ілінді. Қылмыстар жалған тауарға алдын ала төлемді талап ету арқылы жасалған.
Марат ЖҰМАЛИЕВ,
криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.