Петропавлдағы Спорт сарайында қазақ күресінен “Қызылжар барысы – 2022” іріктеу турнирі өтті. Дәстүрлі жарысқа облыстың барлық аудандарынан 32 балуан қатысты. Елордада өтетін “Қазақстан барысы” республикалық додасына іріктеу кезеңі болып саналатын бұл жарысқа жерлестеріміз тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұрды. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев жарысқа қатысушыларды Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі.
Өз ауданының мықтысы атанған, өңкей сен тұр, мен атайын деген жігіттер бар күштерін салып белдесті. Кей жігіттер күрестің амал-айласын жақсы меңгергенінің нәтижесінде қарсыласын жылдам алып ұрса, екіншілері итжығыс түсіп жатты. Жеребе тарту арқылы қарсыласты анықтағанда әртүрлі салмақтағы балуандар бір-бірімен кездесіп қалатыны белгілі. Дегенмен жарыстың аты жарыс, жеңіс тұғырына бабы мен білек күші мығымдар көтерілді. Петропавл қаласының атынан додаға түскен Мұхит Тұрсынов бас жүлдені жеңіп алды. Сыйлыққа 500 мың теңге берілді.
Екінші орынға Уәлиханов ауданының балуаны Алтынбек Аусағитов жайғасса (300 мың теңге), үздік үштікті шалақындық Қайырбек Батырхан түйіндеді (200 мың теңге).
– Бүгін кілең мықтылар жиналды. Күрестері көңіл көншітеді. Бір қуантарлығы – жас балуандардың ағаларының өкшесін басып өсіп келе жатқаны. Арасында 2000 жылғы жастар да бар. Облысымызда жілік майы толық, белден алып жерге ұратын нағыз балуандар баршылық. Көбі ауылда. Соларды аламандарға тартуымыз керек. Жеңімпаздар “Қазақстан барысында” облысымыздың туын биікке көтереді деген үміттемін. Бір байқағаным, балуандардың күш-жігері жылдан-жылға толысып, деңгейі барған сайын жоғарылап келеді. Үлкен жарыстарға қатысып, қанжығасы майланып жүргендер баршылық. Шалақындық Әлібек Госмановтың күрестегі қарқыны жақсы, болашағынан үміт күттіретін бала, – дейді жарыстың бас төрешісі, ардагер спортшы Есләмбек Бекмұрзин.
Жарыс барысында жуырда ғана Ұлан-Батыр қаласында өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында күміс медаль еншілеген Нұрғожа Қайпанов пен Аманғали Бекболатовтың әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал олардың жаттықтырушыларына 200 мың теңгеден бұйырды.
– Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 2018 жылы облыста “Қызылжар арландары” клубы ашылғаннан бері көптеген жетістіктерге жетіп келеміз. Алда көптеген жарыстар күтіп тұр. Мамырдың 19-ы Қостанай қаласында Қазақстан кубогы өтеді. “Қазақстан барысы” додасы алдындағы оқу-жаттығу жиыны бар дегендей. Қызу дайындық үстіндеміз. Киелі Қызылжар – ақындар мен батырлардың мекені ғой, сондықтан арлан мінезді, барыстай ширақ жігіттер көп бола берсін деп тілек айтқым келеді, – деді “Қызылжар барысы – 2022” турнирінің бас жүлдесін қанжығасына байлаған Мұхит Тұрсынов.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.