Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтас ауылынан 58 азамат аттанып, 30-на бір уыс топырақ жат жерден бұйырған. Соғыстың суық ызғарын сезініп, асыл жарын зарыға күткен ана, әкесіз өскен бала қаншама. Солардың бірі – Сәлем Қасымов. Алматыда тұратын ағамыз жақында туған ауылына келіп, өткенге тағзым етті. Бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелініп келген әкесі соғыс аяқталуға екі ай қалғанда ерлікпен қаза тауып, Венгриядағы бауырластар зиратында жерленгені анықталыпты.
Марқұмдарды еске алып, аруағына Құран бағыштау рәсіміне осы ауылда туып-өсіп, еліне абыройлы қызмет атқарып жүрген жерлестеріміз, ғылым докторлары Бүркітбай Аяған мен Амандық Төлешов те ортақтасты. Ақтас сегізжылдық мектебінің ұжымы ұйымдастырған мерекелік жиын мен концерттік бағдарламаны сырттан келген қонақтар қызыға тамашалады. Оқушылардың өнері оларды тәнті етті. Білім сайысы да жұртшылық көңілінен шықты. “Мағжан оқуларының” аудандық байқауында көркем сөз оқу және ғылыми жоба бойынша 1-ші орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алған Ерболат Жүсіп пен Аяжан Жұмағұлға ерекше қошемет көрсетілді.
Жеңіс күніне арналған футбол жарысына көрші ауылдардан бес команда қатысып, бірінші орынды – Ақтас, екінші орынды – Бұлақ, үшінші орынды Светлое ауылының командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Қонақтар құрылысы жүріп жатқан Мәдениет үйі ретінде пайдалануға берілетін нысанның жанына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жансұлу ӨМІРЖАНОВА,
Ақтас мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Есіл ауданы.