Петропавлдық шығармашылық ұжымдар VII Халықаралық ұлттық мәдениеттер фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Алтай мемлекеттік мәдениет институты ұйымдастырған “достық палитрасы” VII Халықаралық фестиваль-байқауы онлайн форматта өтті.
“Халық әні” аталымында жерлес “Украинские вечорныци” ансамблі I дәрежелі дипломмен марапатталды, ал “Калина красная” вокалдық тобы II дәрежелі дипломға ие болды.
Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері қазылық еткен байқауға Ресейдің Алтай өлкесі, Новосибирск және Томск облыстары, Қазақстаннан Павлодар және Петропавл қалалары ұжымдарынан 200-ден астам жұмыс ұсынылды.
– Осындай маңызды шығармашылық сайыста біздің ансамбльдер өздерінің жоғары кәсібилігін дәлелдегені қуантады. Іс-шара әртүрлі халықтардың дәстүрлі мәдениеті мен фольклорын қолдауға, насихаттауға, сақтауға, орындаушылардың шеберлігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды оқиға болды, – дейді М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “Орыс тілі әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы Елена Киреева.
Алтынай ҚАЗИҚАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.