«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мереке қарсаңында 30 мейірбике түрлі марапатқа ие болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық мейірбике күніне орай 30 солтүстікқазақстандық мейірбике түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

45 жылдық еңбек өтілі бар Айман Құрманғалиева «Еңбек ардагері» атанды. Қарағанды медициналық училищесіне тәмамдаған ол 1971 жылы шақыртумен қазіргі Аққайың ауданы Аралағаш ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналасқан. Кейін Петропавлдағы бірнеше емдеу мекемесінде еңбек етіп, 10 жыл бұрын зейнет демалысына шықты.

-Қазіргі мейірбике мен біздің кезіміздегі мейірбикенің жұмысын салыстыруға болмайды ғой. Бәрі жаңа, заманауи қондырғылар. Біз ине-шприцтерді өзіміз залалсыздандыратынбыз, қазір бір реттік шприцпен дәрі егіледі ғой. Хирургия бөлімшесінде жұмыс істедім. Ол кезде жансақтау бөлімшесі деген жоқ. Отадан кейін бірден палатаға әкеледі. Науқастарды балаша күтеміз. 1 мейірбикеге 60 кісі болатын, — дейді Айман Құрманғалиева.

16 мамыр күні 70 жылдық мерейтойын атап өтетін зейнеткердің марапатын облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев табыс етті. Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, мейірбикелер күні ол үшін де кәсіби мереке болып есептеледі. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы алғашқы еңбек жолын Алматы қалалық ауруханасында мейіргер болып бастаған екен.

-Денсаулық – басты байлық. Денсаулықсыз бақытты өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан мейірбикенің жұмысы қашанда сұранысқа ие болмақ. Мейірбан жандардың біліктілігінен, кәсіби міндетіне жауапкершілікпен қарауынан, адамдарға жылулық сыйлап, көмектесуге даяр тұруынан денсаулық сақтау саласының жағдайын бағалауға болады,- деді Тимур Сұлтанғазиев.

Фото: «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінен

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp