«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЗАҢНЫҢ ҮШТЕН БІР БӨЛІГІ ЖАҢАРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов өңірімізге жұмыс сапармен келіп, бірқатар кездесулер өткізді. Халық қалаулысы алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен сұхбаттасып, 5 маусымға белгіленген бүкілхалықтық референдумның негізгі мақсаттарын түсіндіріп, Ата Заңға енгізіліп жатқан өзгерістерге тоқталды.

– Конституция – еліміздің басты құжаты, оған енгізілетін өзгерістер жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болып отыр. Жаңашылдықтар көп, мәселен, суперпрезиденттік биліктен президенттік-парламенттік басқаруға көшуді айтуға болады. Тұтастай алғанда 33-бапқа толықтырулар енгізіліп, екі жаңа бап қосылады. Осылайша 98 баптан тұратын Конституцияның үштен бір бөлігі жаңартылмақ, – деді Ерік Хамзаұлы.

Сенатордың облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуінде референдумға дайындық мәселелері айтылды. Халық қалаулысы енгізілетін өзгерістердің әрбір тармағына тоқталып, жобаны белгілі құқықтанушылар мен ғалымдар әзірлегенін, Конституциялық кеңестің оң қорытындысын алғанын жеткізді. Түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделгенін және бүкіл қоғамның мүддесі жете ескерілгенін айтты.

– Конституцияға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар өзара байланысты. Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту үшін құқықтық база құруға бағытталған. Референдум демократиялық өзгерістердің маңызды элементі болып табылады. Бұл – азаматтардың ерік білдіруінің ауқымды процесі, мемлекет пен қоғам үшін айрықша мәні бар іс, – деді сенатор.

Ерік Сұлтанов Конституцияға ұсынылған түзетулердің үлкен саяси мәні бар екенін және ортақ ерік-жігер мен қолдау көрсету үшін жалпы республикалық референдумға белсенді қатысу маңызды екенін атап өтті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp