«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚУАНЫШ” — ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ Азия чемпионына 10 млн. теңгенің сертификаты табысталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандық волейболшы қыздар өңір тарихында тұңғыш рет клубтар арасындағы Азия біріншілігінде топ жарғаны белгілі. Спортшылардың бұл жеңісі елеусіз қалған жоқ, “Green Park” отбасылық демалыс орталығында салтанатты жиын өтіп, облыс әкімі Құмар Ақсақалов команда мүшелерін құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Өңір басшысы спорт сүйер қауымның қошеметіне бөленген Азия чемпиондарының жетістігін жоғары бағалап, келер маусымда бұдан биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

– Волейболдан әйелдер арасында өткен Азия біріншілігінде бәріміз жергілікті спортшыларға жанкүйер болдық. “Қуаныш” клубы облыстың атын ғана емес, ел намысын абыроймен қорғады. Биылғы маусымда біздің қыздарымыз Қазақстан чемпионатында өскемендік “Алтаймен” бірнеше рет кездесіп, жеңілістің кермек дәмін татқаны белгілі. Қуанышымызға орай, аруларымыз құрлықтың басты додасында есе қайтарып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Бұл жаттығуларда төккен тердің өтеуі деп білеміз. Бұдан да биік белестерді бағындыра беріңіздер, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов волейболшыларға 10 млн. теңгенің сертифкатын табыстады.

Қызылжарлық бұрымды волейболшылар ел чемпионатында екінші жыл қатарынан жүлдегерлер қатарынан көрінгенін атап өткен жөн. Сарықұрлықтың жеңімпазы атану үшін “Қуаныш” Иран, Тайланд, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерден келген командалармен күш сынасты. Ақтық сында солтүстікқазақстандықтар өскемендік “Алтаймен” ойнап, камбэк жасады. Екі сеттің қорытындысы бойынша жеңіліп жатқан жерлестеріміз, кездесуді өз пайдасына шешіп, 3:2 есебімен аяқтады.

– Клуб 2014 жылы құрылды. Сол уақыттан бергі арманымыз – ел чемпионы атану. Бұл белесті бағындыруға тырысамыз. Биыл Азия чемпионатында топ жарып, сенсация жасадық. Бұл жетістікпен тоқталмақ емеспіз. Бізді әрдайым қолдап отырған облыс басшысы Құмар Іргебайұлына рақмет. Жанкүйерлеріміздің сенімін ақтауға тырысып бағамыз, – деді “Қуаныш” клубының директоры Қайырбек Хамзин.

Салтанатты шарада клубтың капитаны Татьяна Алдошина “Қуаныш” ойыншыларының қолдары қойылған волейбол добын облыс әкіміне табыс етіп, маусым бойы қолдау көрсетіп келген жанкүйерлерге алғысын білдірді. Шараға жиналғандар спортшылармен тілдесіп, фотосуретке түсуге мүмкіндік алды.

Азияның үздігі атанған жерлестеріміз алда тағы бір үлкен сын – дүниежүзі клубтары арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Бұл байрақты бәсеке күзде Нидерландыда өтеді деп жоспарланып отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp