«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атқарылған іс аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 49 млрд. 683,5 млн. теңгені құраған. Ал экономикаға тартылған инвестиция 8 млрд. теңгеге жуықтады.

2021 жылы ауданда етті және сүтті мал басын арттыру бойынша екі жоба жүзеге асырылды. “Береке Ақжар” ЖШС Ирландиядан жалпы сомасы 425 млн. теңгеге, “Бекет” шаруа қожалығы Австриядан 88,3 млн. теңгеге қара мал сатып алды. Бұдан бөлек, “Береке Ақжар” өз қаражаты есебінен 24 млн. теңгеге мал басын асылдандыру үшін ангус тұқымды 40 бас бұқа әкелді. “Исин” шаруа қожалығы 27 млн. теңгеге 66 бас асылтұқымды сиыр сатып алды.

Ауданның жері ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Бүгінде пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру жұмыстары жүргізілуде. Биыл 4311 гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 955 гектары – егістік, 3296 гектары – жайылым.

– Былтырғы орақ науқанында ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар 214 мың тонна астық жинады. Әр гектардан 11,3 центнерден өнім алдық. Астықтың бітік шығуы минералды тыңайтқыштарды қолдануға да байланысты. Өкінішке қарай, шаруашылық басшыларының бәрі бірдей тыңайтқыштарды пайдаланбай келеді. Бұл бағыттағы жұмысты ширата түсу керек, – деді аудан әкімі.

Су – тіршілік көзі. Ауданда ауызсу мәселесін түбегейлі шешу үшін түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 87,5 пайызды құрайды.

– 2021 жылы бюджеттен ауыз-сумен жабдықтау саласындағы 5 жобаға 131,4 млн. теңге бөлінді. Ленинград ауылында су резервуары орнатылды және 13,3 километр құбыр тартылды, Талшықта 57 колонка ауыстырылды. Сонымен қатар Ленинград, Киевское ауылдарында 230 үй желіге қосылды. 4 су тазарту пунктін күрделі жөндеу үшін аудандық бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді, – деді Қанат Қайыржанұлы.

Әкімнің айтуынша, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік жағынан қорғау жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде.

Өткен жылы 1327 адам жұмысқа орналастырылған. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызға төмендеді. 2022 жылы 1051 адамды жұмыспен қамту жоспары бар. Бүгінгі таңда 258-і екі қолға бір күрек тапқан. Бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, соның қорытындысы бойынша 16 адам тұрақты жұмыс орындарына, 8 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 10 адам кәсіби оқытуға жіберілген.

Былтыр Ақжар ауданында “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша Талшық, Ленинград және Май мектептерін жөндеуге 342 млн. 168 мың теңге бөлінді. Аудан әкімінің айтуынша, білім беру мекемелерінде әлі де шешімін таппаған мәселе жеткілікті. Солардың қатарында мектептердің жылу жүйесі мен шатырларын жаңарту мәселелері де бар.

Баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алда атқарылатын істерді саралады.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp