Дәстүрлі Абай және Мағжан оқуларының облыстық кезеңі Петропавлдағы данышпанның атын иеленген мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында өтті. Оған 3-11-сынып оқушылары қатысты.
– Біз бұл шараны “Балалар жылы” аясында ұйымдастырып отырмыз. Алғаш рет оған облыс мектептерінің бастауыш сынып оқушылары қатысты. Қазақтың ұлы қос тұлғасының еңбектерін жатқа айтқан үміткерлердің өнерлері бізді сүйсінтті. Абайды оқыған, Мағжан жырларымен сырласқан бала жаман болмайды, – дейді Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгүл Есенғалиева.
Петропавл қаласы мен он үш ауданның білім беру ұйымдарының намысын қорғаған 152 оқушы өздерінің өнерлерін ортаға салды. Олардың ішінде ұлы ақындар шығармаларының білгірлері, болашақта қаламгер болуды көздегендер, Абай сөздеріне ән шырқаған әншілер де бар.
Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары аталымдар бойынша жеке-жеке марапатталды. Бастауыш сыныптар арасында “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” аталымы бойынша Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы Елнұр Оңдасын, 4-сыныптан Шоқан Уәлиханов ауданының Қарашілік негізгі мектебінің оқушысы Жасмина Ахметова жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал “Ұлылар әлемі” аталымы бойынша Қызылжар ауданындағы Парасат мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Аружан Қажымұрат пен Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Ердәулет Кәрібай 1-орынды қанжығаларына байлады.
Жоғары сыныптар арасында 9 аталым бойынша Әділет Нұрмаш, Әйгерім Төлебай, Кәусар Төрехан, Бекзат Бағдат, Әспет Тұрсынбаева, Жәнібек Мырзат, Ангелина Аракелова, Диана Жоламан, Алтынай Ережепова үздік деп танылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.