«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есімдері – ел жүрегінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың қайтпас батыры, қаһар­ман қолбасшысы Бауыржан Момыш­ұлының “Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты”, – деген қанатты сөзі бар. Отанының аспанына бұлт үйірі­ліп, жау қыспаққа алғанда қолына қару ұстап, қан майданға аттанған, абыройына дақ түсірмеген ата-баба ерлігі ұмытылмасы анық. Соның бір айғағы Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында ашылған естелік тақта десе болады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына орай соғысқа қатысқан жауынгерлер мен тылда еңбек еткендердің есімдері тасқа қашалып жазып, өскелең ұрпаққа үлгі болар игі іс тындырылды.

Бірлік ауылының қазығы 1929 жы­лы қағылды. Есілдің бойын мекенде­ген екі атаның балалары бірігіп, ар­тель құрған екен. Кейін жер өңдеуші­лер серіктестігі деп аталған. Ал 1936 жылы осы маңайдағы басқа да аға­йындар қосылып, ұжымшар ретінде қалыптасқан. Кеңес үкіметімен бірге келген нәубет бұл ауылды да айна­лып өткен жоқ. Өткен ғасырдың 30-жылдары “жаптым жала, жақтым күйе” деген солақай саясаттың кесірі­нен Бірліктің 60 шақты атпал азаматы “халық жауы” атанып, итжеккенге айдалды. Олардың тек санаулысы ғана елге оралды. Аштық пен кәмпес­ке, қуғын-сүргін саябырсып, ел енді ең­се­сін тіктей бастағанда зұлмат соғыс басталды. Ат төбеліндей ғана ауылдан қан қасапқа 130-дан астам адам аттанды. Олардың 60-сы туған жерге оралған жоқ.

1973 жылы Бірліктің дәл орталы­ғын­да боздақтарға арналған ескерт­кіш тұрғызылып, жат жерден топырақ бұйырған майдангерлердің есімдері жазылған болатын. Уақыт шіркін жел­мая жүрісінен танбай желіп өтіп, тоз­бас деген тас та мұқалды. Есім­дері түскен тақта да үгітіліп, қирай баста­ға­сын ауылдың азаматтары бас қо­сып, жаңғыртуға бел буды. Былтыр 60 боз­дақтың есімі жазылған тақта Же­ңіс күнінде ашылған еді. Соғыстан аман оралған қарт майдангерлердің есімдерін неге хаттамасқа, бүгінде бәрі бақилық болған аталарымызға неге ескерткіш ашпасқа деген ой да былтыр тұтанған еді. Содан Бірліктің бір­лігі бекем азаматтары білек сыба­на кіріскен. Бір жылдың ішінде ені – 8, биіктігі 3 метр ескерткіш тақта орна­ты­лып, соғыс ардагерлері мен тыл ең­беккерлерінің есімдері жазылды.

– Былтыр боздақтардың есімдері жазылған тақтаны жаңартқаннан кейін ауыл азаматтары майданнан аман қайтқан аталарымыздың атта­рын неге жазбасқа, олар елге оралып, шаруашылықты көтерді, бізге өмір сыйлады ғой деген ойға келді. Ақша ке­рек деп едім, бәрі қолдап кетті. Осы­лайша өз күшімізбен Жеңіс жауын­герлерінің ұрпақтары бұл істі қолға алдық. Соғысқа бармаса да еңбек май­данында тер төккен ата-әжелерімізді, бұғанасы бекімесе де бала күні­нен еңбекке араласқан әке-шешелерімізді де ұлықтайық деген ой тастал­ды. Бір-бірімізді қолдап, ынтымақ­тастық танытудың арқасында, бүгін міне, мынандай ескерткіш ашылып отыр, – дейді Бірлік ауылының тумасы Қайролла Сүлейменов.

Соғыс салған тән жарасы жазылға­нымен, жанға түскен дерттен ел әлі де айықпағаны анық. Қаншама әйел жесір, мыңдаған бала жетім қалды. Майданда жан тапсырған аталары­мызға Тәңірдің берген өтеуі – артын­да қалған ұрпағы. Сол балаларының әкелер даңқын ұмытпай, есімдерін ұлықтауы мақтануға тұрарлық іс.

Бірлікте соғыс өрті шарпымаған от­басы жоқ, мұнда әр әулеттің өз баты­ры бар. Ескерткіш тақтаның бой көте­руіне бәрі бір кісідей жұмылып, атса­лысты. Қара гранит тасқа 56 соғыс ар­дагері мен 177 тыл еңбеккерінің есімі жазыл­ды. Бүгінде сол майдан­гер­лердің бірі де жоқ, тыңдағы еңбек­кер­лерден са­наулы адам қалды. Со­лар­дың бірі – жа­сы тоқсаннан асқан Зада Баймолдина. Кейуана Жеңіс кү­ні­не ар­налған ми­тингке жиналған­дар­ға бей­біт өмір тілеп, ұйымшылдық танытқан ауыл тұрғындарына алғы­сын білдірді.

Соғыс жылдары Ресейден Қазақ­станға немістердің көптеп көшірілгені белгілі. Бірлік ауылына да бір отбасы жер аударылған болатын. Сол әулет­тің ұрпағы Мария Акст Жеңіс күніне орай өзінің туған ауылына арнайы келіпті.

– Осы ауылда туып өстім, балалы­ғым да жастығым да осында өтті. Ауылдағылардың бәрі – менің бауыр­ларым. Осындай іс-шара өткізіп, ескерткіш орнатқан ағаларыма, ініле­ріме ризамын. Менің ата-анамның зираты осында, жиі келіп тұрамын. Қай­да жүрсем де Бірлікте, осындай ұйымшыл ауылда, қазақ бауыр­ла­рым­ның арасында еркелеп өскенімді мақтан тұтамын, – дейді Мария Акст.

Ескерткіш тақта орнатуға жергілікті шаруашылықтар да атсалысты. Тех­никамен көмектесіп, қажетті заттарды тасуға, орнатуға үлес қосты. Ал жұ­мыс­тардың бәрін ауыл тұрғындары өздері атқарды. Тас төселіп, ағаш егі­ліп, гүл отырғызылды. Болашақта бұл жер шағын саябаққа әрі бабалар ру­хына тағзым ететін қастерлі орынға айналмақ.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp