Футболдан ел біріншілігінің 11-ші туры аясында “Qyzyljar” клубы атыраулық командамен күш сынасты. Бұл кездесуде алты бірдей гол соғылды.
Есепті кездесудің 3-ші минутында “Атырау” командасының футболшысы Амандық Набиханов ашты. Солтүстікқазақстандықтар есе қайтаруға тырысқанымен бірінші тайм нәтижесі өзгеріссіз қалды. Ойынның екінші бөлігінде атыраулықтар шабуылды үдете түсіп, 46 минутта Андрия Филиппович тағы бір гол соқты.
Осыдан кейін ғана ширақ қимылдай бастаған петропавлдықтар есеп айырмасын қысқартты. Бұл жолы айып добын Юрий Бушман сәтті орындады. Ал кездесудің 71 минутында “Атырау” қақпасына пенальти белгіленіп, жерлестеріміз таблодағы нәтижені теңестірді.
Алайда қуаныштары ұзаққа созылмады. Көп ұзамай қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Андрия Филиппович дубль авторы атанды. “Qyzyljar” аяқдопшылары қарсыласты соңғы минуттарға дейін қыспаққа алды. Негізгі уақыт аяқталып, төреші қосқан қосымша 5 минутта қарсылас қақпасына тағы да он бір метрлік айып добы белгіленді. Нүктеге келген Юрий Бушман мүлт кетпеді. Қорытынды есеп – 3:3.
Жерлестеріміз турнир кестесінде 9 ұпаймен 13-ші орында келеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.