«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шекараның шебінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттің тұтастығы үшін ше­ка­ра қызметінің орны айрықша. Қа­зақстанның көршілес елдермен шекарасының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымға жуықтайды. Бұл – дү­ниежүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара. Еліміз Қытай, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей сынды бес мемлекетпен шектеседі. Ұшқан құстың қанаты та­ла­тын, шапқан аттың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жеріміздің тұтастығын күндіз-түні қалт жібермей қорғап тұрған шекара сарбаздарының еңбегі ерен. Жауынға да, дауылға да қарамай, күннің ыстығы мен суығын місе тұтпай, ел тыныштығын күзет­кен Мамлют ауданының Белое ауы­лында тұратын шекарашы Асан Нұрғалиевпен жолығып, Отан қорғау ісі жайлы әңгімелестік.

Ол – Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Бинияш ауылының тумасы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің құқықтану факультетін тамамдаған. Алғы шеп­те қызмет етіп, осы саланың қызығы мен қиындығын көріп келе жатқаны­на да 10 жылға таяу уақыт өтіпті. Ше­карашының айтуынша, бұл қызмет – айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде машақаты көп, нағыз ерлердің жұ­мысы. Отансүйгіштік сезімі төмен­дер мұнда ұзақ тұра алмайды екен.

– Шекарашы болу – асқан жауап­кершілікті талап ететін қызмет түрі. Шекарашы қандай жағдай болмасын сақадай сай жүруі тиіс. Ауа райының қолайсыздығына да қарамастан жұ­мыс істейтін мамандық иелері сана­лады. Өйткені ел шекарасы – ұлты­мыздың қауіпсіздігінің кепілі. Мемле­кетіміздің аумақтық тұтасты­ғын сақ­тау шекараның мызғымастығын қам­тамасыз етеді. Әр мамандықтың өз қызықтары мен қиындықтары бар. Өзі­нің сүйген ісіне бар ықыласын са­латын адам қандай жұмыстан да нә­тиже шығара алады. Мемлекет тара­пы­нан көп көмек көрсетілді, әлеу­мет­тік тұрғыдан қолдау бар. Жұмы­сын мінсіз атқарып, батылдығымен көзге түскен азаматтар марапатсыз қалмайды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, қызметіміздің бағаланғаны деп білемін, – дейді Асан Тұяқұлы.

Қызметтің жеңілі жоқ. Барлығы­ның өз жауапкершілігі бар. Қандай жұмыс атқарсаңыз да халықтың ал­ғысына бөлену – үлкен жетістік. Алай­да ел тыныштығын көз ілмей кү­зе­тетін шекарашылардың орны бө­лек. Өйткені олар елдің шетінде, жел­дің өтінде, қауіп-қатердің ортасында жүріп, талай күндерді ұйқысыз өткі­зеді. Олар ел көзіне аса елене бер­мейтін еңбегі үшін кез келген мара­патқа лайық.

Асан Нұрғалиев – екі баланың әке­сі. Қызы биыл бірінші сыныптың та­балдырығын аттаса, ұлы – бала­бақ­шада. Зайыбы Бибігүл Есембае­ва – Белое орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Отаға­сы да мектеп қабырғасында жүр­генде мұғалім болуды арман­дапты. Білім саласын жетілдірмей, жарқын болашақ құру қиын екенін айтады.

– Белое ауылында тұрып жатқа­ны­мызға көп болған жоқ. Үнемі көшіп жүреміз. Отағасы шекарашы болған­нан кейін қызмет бабымен қайда жіберсе, солай қарай бағыт аламыз. Қазіргі тұрып жатқан жеріміз аудан ор­талығына тиіп тұр, облыс орталы­ғынан да алыс емес. Ауылда мектеп, балабақша, медпункт бар. Ауасы таза, айналасы көлмен көмкерілген. Жақында ауызсу тартылмақшы. Құ­дайға шүкір, тұрмыстық жағдайымыз жаман емес. Өзім жұмыс істейтін ұжым да, көрші-қолаңдар да жақсы, – дейді Бибігүл Амангелдіқызы.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: шекарашы Асан Нұр­ға­лиев пен зайыбы Бибігүл Есем­баева.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp