«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН билердің төрелік ету дәстүрі қайта жаңғыруда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Халықаралық медиация орталығы” қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Петропавлда алғаш рет республикалық билер форумы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысқан шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан өкілдер келіп, экономикалық, отбасылық, азаматтық, әлеуметтік, еңбек даулары, сондай-ақ кәсіби медиация институтын дамыту мәселелерін талқылады. Форумды халықаралық медиация орталығының өңірлік директоры Алтын Бесембаева жүргізіп отырды.

Ғани Сақтағанұлы өз сөзінде билер сотының және жалпы медиацияның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. “Қазақ жерінде билер түрлі жанжалдар мен дауларды әділеттілікпен шешіп, ел мүддесін қолдап отырған. Бүгінде осы функцияларды медиация институттары атқарады. Өңірде құрылған 17 медиация кабинетінде 26 медиатор еңбек етеді. Олар былтыр 516 дауды реттеп, 700-ден астам түрлі кеңес берді”, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Билер соты институтының құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі туралы облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазин айтып берді. Ербол Әмірғалиұлының сөзінше, бүгінгінің билері – бірінші кезекте судьялар. Олардың билігі байырғы халықтық дәстүрлермен, қазіргі талаптармен тығыз сабақтас.

Форумға қатысушылар атап өткендей, қазақ билерінің екі тарапты бітістірген, табыстырған ізгі ниеттері әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. “Бүгінгі билер алдымен медиацияның жалпы және кәсіби медиаторларды даярлау курстарынан өтеді. Тәжірибе жинақтағаннан кейін ғана дауларды шешуге үміткер ретінде тіркеледі. Дауларды реттеу оңай емес. Ең бастысы, білім мен кәсіби біліктілік керек. Би болу үшін халықаралық арбитраж орталығынан аккредитациядан, психологиялық әзірліктен өту, тілге шешен болу сияқты шарттары бар”, – деді Жоғарғы Соттың сенімді өкілі Қайрат Төлекеев.

Қазақстандағы халықаралық медиация орталығының құрамында бір жарым мыңнан астам кәсіби медиатор мен жиырма би бар. 7 жыл ішінде даулар мен жанжалдарды реттеудің 300 мыңға жуық рәсімін өткізді. Жаңадан қабылданған “Медиация туралы” заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін анықтайды. Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгеннен кейін медиаторлардың дауларды реттеу, шешу үрдістері оңтайландырылды.

Форумнан кейін билер өтініш-тілектерін айта келген адамдарды қабылдады.

Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,

облыстық соттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp