«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Республикалық маңызы бар жолдар жөнделеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс бойынша республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1970 шақырымды құрайды. Оның 140 шақырымына асфальт — бетон төселмеген, тек қиыршақ таспен жабылған. Жергілікті бюджет қаражаты учаскелерді жөндеуге жетпегендіктен, 2019 жылы облыстық меншіктен республикаға берілген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

«Волошинка-Сергеевка-Тимирязев» автожолының ұзындығы 119 шақырымды құрайды. Оның 54 шақырымына қиыршық тас төселген. Былтыр Кривощековадан Новопокровка елді мекеніне дейінгі 15 шақырым жолға асфальт төселді. Бүгіндері Волошинко ауылына дейінгі 18 шақырым жол жөнделіп жатыр.

— Жұмыстар былтыр басталды. Республикалық маңызы бар бұл жолды шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұрын бұл жолдардың жағдайы нашар еді. Халық 15 шақырымды 1 сағатта жүріп өтетін. Ал қазір жағдай оңалды. Біздің 3 асфальт өндіретін зауытымыз бар, — дейді «Жол-құрылыс трест СК» ЖШС директоры Степан Носов.

Былтыр Тимирязев ауданындағы республикалық маңызы бар 7 км жолда орташа жөндеу, Мерген ауылынан Сергеевка қаласына дейінгі 20 км жолды қайта өңдеп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жолдардың барлығы тиісті нормаға сай, Ұлттық сапа орталығының тексерісінен сәтті өтті.

— Ұлттық сапа орталығының СҚО бойынша қызметкерлері жыл басынан бері «Волошинка — Сергеевка — Тимирязев» бағытындағы жолға 5 рет тексеру жүргізді. Нәтижесінде жолдан 6 сынама алынды. Барлығы тиісті нормаға сәйкес. Жұмыс сапасы туралы ескертулер болған жоқ,- дейді Ұлттық сапа орталығының СҚО бойынша жол активтері орталығының инженері Азамат Шубеков.

«Қазавтожол» филиалы мамандары 2025 жылға дейін өңірдегі барлық республикалық маңызы бар жолдарды асфальт бетонды жабындыға көшіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ биыл ұзындығы 260 км құрайтын 10 учаскеде жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp