МАҢЫЗДЫ ЖОБА

Soltüstık Qazaqstan

 romanogazzi@gmail.com

Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті “Protecting Business And Investments” жобасы аясында қытайлық “SHI Yan De Rui Gong Mao Co” компаниясымен келісімшартқа отырды.

Шетелдік компания облысымызда жалпы құны 75,4 млрд. теңгелік машина жасау кластерін құруға мүдделі. Маңызды жоба бір мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Инвестор ауыл шаруашылығы, құрылыс және экономиканың басқа да салаларына қажетті арнайы техника шығаруды көздейді.

Кездесу барысында жобаның маңыздылығы сөз болып, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы және әкімшілік кедергілерді жою мәселесі көтерілді.

– Бизнесті қорғау, қолайлы инвестициялық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету біздің департамент жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған “Protecting Business And Investments” жобасы облысымызда былтырғы жылдан бері сәтті жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, мемлекеттік билік институттарына бизнес пен инвесторлардың сенімін нығайту. Бүгінгі таңда жоба аясында 137,8 млрд. теңгенің 9 келісімшартын жасастық. Алдағы уақытта сіздермен де жемісті жұмыс жүргіземіз деп сенемін, – деді департамент басшысының міндетін атқарушы Жанат Жұмабаев.

Өз кезегінде компания төрағасының көмекшісі Лю Чжиюн мұндай тиімді келісімдер облысымызға шетелдік инвесторлардың келуіне және өңір бизнесінің серпінді дамуына тікелей үлес қосатын жақсы бастама екендігін айтты. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдірді.

Шара соңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен “SHI Yan De Rui Gong Mao Co” компаниясының басшылары инвестициялық жобаны сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғау бойынша келісімшартқа қол қойды.

Ендігі кезекте инвесторлар сыбайлас жемқорлық фактілерінің кез келген көріністері туындаған жағдайда тікелей агенттікке немесе оның аумақтық департаменттеріне жүгіне алады. Өз кезегінде уәкілетті орган келісімге қол қойған инвесторларды сыбайлас жемқорлық фактілерінен қорғайтын болады.

Индира БӘЖЕНОВА, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

http://localhost/muragat.kz/?p=4179

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp