Облыстың өңдеу өнеркәсібінде соңғы бес жылда кәсіпорындар саны 25 пайызға артқан. Тоқырау жылдары жалпы аумағы 300 мың шаршы метр болатын нысан бос қалса, осы аралықта оның 67 пайызы қайта жаңғырып, жаңа өндіріс орындарына айналған. Бұл жайында облыс әкімдігінде өткен инвестициялық жобаларға онлайн тур барысында айтылды.
Өңірде өңдеу өнеркәсібінің оң өсу қарқыны сақталып отыр. Бұл өңірге көптеп инвестиция тарту нәтижесінде мүмкін болған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, инвестицияларды тарту – өңір экономикасын дамытудың тиімді бағыты әрі негізгі көрсеткіші. Соңғы үш жылда облысқа 850 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осылайша 2018 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 1,5 есеге өскен.
“2018 жылы инвестиция көлемі өңірде бір адамға шаққанда 384,8 мың теңге болды. Республикадағы көрсеткіш 611,7 мың теңге, айырмашылық 60 пайыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті өңірде 616,5 мың теңгеге жеткіздік. Республикада 696,9 мың теңге, яғни айырмашылық 13 пайыз ғана. Ал шетелдік инвестиция осы аралықта 32 есе өскен, 2018 жылы 1,5 млн. АҚШ доллары болса, биылғы жарты жылда ол 47,8 млн. долларға жетті”, – деді Құмар Ақсақалов.
Өнеркәсіп кәсіпорындары сыртқы сауданы да оң жолға қойған. 2018 жылдан бері экспорт көлемі 2,3 есе артып, 110 млн. долларға жетіп отыр.
“Кезінде көптеген зауыт-кәсіпорындар тоқтап, ғимараттары босап қалды. 5 жыл бұрын ревизия жүргізіп, осындай 300 мың шаршы метрдің жай тұрғанын анықтадық. Біз оларды жөндеп, солардың негізінде жаңа жобаларды іске асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта кәсіпорындардың 67 пайызы іске қосылды. Инвестициялық жобалардың берері көп: жаңа жұмыс орындары пайда болып, салық түсімдері артады, соның әсерінен өңір тұрғындарының жағдайы жақсарады”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыста биылғы 9 айда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, 23 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Салық түсімі 36,4 пайызға, зейнетақы қорына аударымдар 25,7 пайызға артқан.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек сөз алды. Ол соңғы үш жылда пайдалануға кәсіпорындардың облыс экономикасының ілгерілеуіне үлес қосып отырғанын айтып өтті.
“Біздің өңір индустриялық-аграрлық экономикаға көшіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Өнеркәсіп саласында негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі алады. Бұл саладағы өндіріс көлемі 2018 жылғы 171,2 млрд. теңгеден өткен жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд. теңгеге дейін өсті. Биылғы 9 айда біздің өңдеушілеріміз 282,5 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Осы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 390 млрд. теңгеге жетеді деп отырмыз”, – деді Дәурен Жандарбек.
Облыста өндірістің ұлғаюы әсерінен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысы да артқан. 2018 жылы 120 мың теңге болса, бүгінде орташа еңбекақы 242 мың теңгеге жеткен.
“Әрине, экономиканың нақты секторы мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы дамып жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және “Қарапайым заттар экономикасы” аясында өңір бизнесмендерін қолдауға биыл шамамен 7,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2018 жылғы деңгейден 3 есе көп. Оның 4,6 млрд. теңгесі субсидиялауға, 2,2 млрд. теңге кепілдік беруге, 37 млн. теңге гранттық қаржыландыруға, 690 млн. теңге инфрақұрылымды тартуға жұмсалды. Егер 2018 жылы облысқа 214,2 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл негізгі капиталға шамамен 380 млрд. теңге инвестиция түседі деген жоспар бар”, – деді Дәурен Жандарбек.
Жалпы соңғы 3 жылда облыста бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Азық-түлік өндірісі 3 жылда 1,6 есе өсіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 168 млрд. теңгені құрады. Қызылжар өңірі еліміздегі барлық астықтың 20 пайызын өсіреді. Сондықтан дәнді дақылдарды өңдеудің оң жолға қойылғаны заңды. Облыста ұн, макарон және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын “Мамлют ұн тарту комбинаты”, “DEZ”, “Vizavi Company”, “Петропавл нан комбинаты” сынды кәсіпорындар бар. Мұнымен қоса биоэтанол, глютен, крахмал, жоғары протеинды жем-азық дайындайтын “BioOperations”, “Тайынша Май”, “Kazmeal” зауыттары бар. Мәселен, “BioOperations” кәсіпорны биоэтанолды Бельгияға, Ұлыбританияға, глютенді Индияға, Нидерланды және АҚШ мемлекеттеріне экспорттайды.
“BioOperations” кәсіпорны 12 млрд. теңгенің 15 мың тонна биоэтанолын экспорттады. “Kazmeal” зауыты шығаратын жем-азық Қытайға сатылады. Кәсіпорын іске қосылғалы 5,1 млрд. теңгеге 48 мың тонна өнім сатты. Зауыт 85 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Петропавлдағы “Маслодел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса былтыр еліміздегі ең ірі май экстракциялау зауытының құрылысын қолға алды. Кәсіпорын өнімінің 80 пайызын экспортқа шығару жоспарланған”, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Дәурен Жандарбек биыл маусым айында іске қосылған “Евразиан милк” кәсіпорнының жұмысына да тоқталды. Компания ескірген “Молсоюз” зауытын сатып алып, 13 млрд. теңгеге толық жаңартты. Қазір мұнда 300 адам еңбек етеді. Кәсіпорын ірімшіктің қатты түрлерін жасайды. Жалпы облыста осындай қатты ірімшік өндіретін 9 кәсіпорын бар. Нәтижесінде облыс биыл 2 мың тоннаға жуық өнім өндірген, оның 65 пайызы “Евразиан милк” зауытының үлесі.
Жалпы болашаққа жоспар ауқымды. Мәселен, жақын уақытта облыста елімізде бұрын-соңды болмаған “донат”, яғни нан өнімін өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынбақ.
“Бұл жобаға қатысты біз ресейлік “Хлебпром” компаниясымен зауыт салу жайында келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар әлемдегі кондитерлік өнім шығаратын 100 үздік ұйымның қатарына кіреді. Инвестиция көлемі 34,5 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын ашылса 400 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылмақ”, – деді өңір басшысының орынбасары.
Баяндамада өңірдегі машина жасау саласындағы ірі жобаларға да назар аударылды. Бұл кәсіпорындарда да оң динамика бар. Жыл басынан “COOL Infinity”, “CLAAS”, “ALAGEUM ELECTRIC” зауыттары 40,3 млрд. теңгеге өнім шығарды. Ал “REIMANN” неміс компаниясы тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жоспарлап отыр. Жоба құны 3 млрд. теңге, 75 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жылдық қуаты – 150 техника.
“Құрылыс материалдарын өзімізде шығару маңызды. Қазіргі уақытта облыста “Единство”, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты”, “Блок”, “Петропавл металл құрылымдар зауыты” жұмыс істеп тұр. Мамыр айында кірпіш зауыты іске қосылды. Осылайша жергілікті кірпіш өзіміздің ірі құрылыс алаңдарында ғана емес, көрші облыстарда да пайдаланылады. Кәсіпорын жылына 40 млн. дана кірпіш шығарады. Толық қуатына көшкенде өңірдегі кірпішке деген қажеттіліктің 30 пайызын өтейді. Жергілікті құрылыс компаниялары темірбетон бұйымдарын жасауды да қолға алды. Жобаларға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. теңгеден асады”, – деді Дәурен Жандарбек.
Бүгінде өңірде жалпы сомасы 432 млрд. теңгенің 35 инвестициялық жобасы анықталды. Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.