Мағжан Жұмабаев – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ардақтысы. Оның отты өлеңдері халқын еркіндікке үндеп, даңқты бабаларымыздың дәуірлеген кезін үлгі етеді. Сондықтан да ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын терең зерттеп, кеңінен насихаттау маңызды. Бұл ретте жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Жақында Мағжан жайлы сериалдың ізін ала жерлесіміз жайлы тағы бір туынды көрерменге жол тартты. Ақынның жастық шағынан, ұлт үшін күреске толы өмір кезеңдерінен сыр шертетін қойылымның тұсауы Түркістан қаласындағы “Түркістан” драма театрында кесілді.
Мағжан түріктің рухты ұлы болса, Түркістан – сол түріктің бесігі, рухани ордасы. Сондықтан ақын жайлы туындының Түркістан шаһарында қойылуы заңдылық. Ақиық ақынның Түркістан жайлы толғауы қаланың әнұранына айналғандай. Көне шаһардың әр жерінен аталған өлеңнің жазылған үзінділерін жиі кездестіруге болады. Қала халқының Мағжанға деген құрметінің де ерекше екені байқалады. Екі күн бойы жаңа театр төрінде сахналанған спектакльдің билеттері түгелдей сатылып кеткен. Оны көру үшін өзге өңірлерден арнайы келгендер де бар. Тұсаукесерге ақын туған Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан қонақтар жиналды.
2 сағатқа жуық уақытқа созылған қойылым тек Мағжан ақынның тағдырынан ғана емес, қазақ халқының қилы өмірінен сыр шертеді. Пьесаның авторы – жас драматург Алмас Нүсіп. Премьераның сәтті шығуына жаңа театрдың кең сахнасы мен ондағы заманауи мүмкіндіктер де әсер етті. Бұған дейін мұнда әлемді таңдай қақтырған “Бөрте” спектаклі де сахналанған екен.
Қойылымды қою үшін шетелден арнайы мамандар да шақыртылыпты. Туындының қоюшы режиссері – италиялық Давид Ливермор, режиссері – Чиара Окелла, сценографы – Эльянора Перонетти, үлестірушісі – Диедда Петра. Шетелдік театр мамандары қойылымды қою барысында қазақтың қасіретті тарихына қанығып, бір сәтке өздерін де қазақ сезініп кеткендерін айтып, ағынан жарылды. Қойылымды музыкамен белгілі композитор Хамин Шанғалиев әрлесе, басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров пен Зарина Карменова сомдады.
Қойылымның басында жас Мағжанның Гүлсім сұлумен таныстығы, оның Қызылжардағы өмірі баяндалса, кейіннен оқиға шиеленісіп, ақын қызылдардың жалауын көтерген белсенділермен тартысқа түседі. Одан соң қазақ даласын аралап, ұлтының бар қасіретін бойынан өткізеді. Соңында ақын рухы көкке көтеріледі, оның артындағы қабырғада қан мен қара сия тамшылап, “Мені де, өлім, әлдиле” өлеңі оқылады, төмендегі халықтың бәрі шырақ ұстап отты ақыннан шуақ алғысы келгендей аспандағы Мағжан бейнесіне қол созады. Қойылым осылайша аяқталып, ақынның аңызға толы өмірін баян етеді.
Спектакльден кейін тұсаукесерге келген өнер майталмандары Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мәдениет және спорт вице-министі Нұрқиса Дәуешов жылы лебіздерін білдіріп, театр ұжымы мен шетелдік қонақтарға алғыс айтты.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Петропавл – Түркістан – Петропавл.