«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Мағжан” – Түркістан төрінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ардақтысы. Оның отты өлеңдері халқын еркіндікке үндеп, даңқты бабаларымыздың дәуірлеген кезін үлгі етеді. Сондықтан да ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын терең зерттеп, кеңінен насихаттау маңызды. Бұл ретте  жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Жақында Мағжан жайлы сериалдың ізін ала жерлесіміз жайлы тағы бір туынды көрерменге жол тартты. Ақынның жастық шағынан, ұлт үшін күреске толы өмір кезеңдерінен сыр шертетін қойылымның тұсауы Түркістан қаласындағы “Түркістан” драма театрында кесілді.

Мағжан түріктің рухты ұлы бол­са, Түркістан – сол түріктің бесігі, ру­хани ордасы. Сондықтан ақын жайлы туындының Түркістан шаһарында қойылуы заңдылық. Ақиық ақынның Түркістан жайлы толғауы қаланың әнұранына айналғандай. Көне шаһардың әр жерінен аталған өлеңнің жазылған үзінділерін жиі кездестіруге болады. Қала халқының Мағ­жанға деген құрметінің де ерекше екені байқалады. Екі күн бойы жаңа театр төрінде сахналанған спектакль­дің билеттері түгелдей саты­лып кеткен. Оны көру үшін өзге өңір­лерден арнайы келгендер де бар. Тұсаукесерге ақын туған Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан қо­нақ­тар жиналды.

2 сағатқа жуық уақытқа созыл­ған қойылым тек Мағжан ақынның тағдырынан ғана емес, қазақ халқы­ның қилы өмірінен сыр шертеді. Пьесаның авторы – жас драматург Алмас Нүсіп. Премьераның сәтті шығуына жаңа театрдың кең сахна­сы мен ондағы заманауи мүмкіндіктер де әсер етті. Бұған дейін мұнда әлемді таңдай қақтырған “Бөрте” спектаклі де сахналанған екен.

Қойылымды қою үшін шетелден арнайы мамандар да шақыртылып­ты. Туындының қоюшы режиссері – италиялық Давид Ливермор, режис­сері – Чиара Окелла, сценографы – Эльянора Перонетти, үлестірушісі – Диедда Петра. Шетелдік театр мамандары қойылымды қою бары­сында қазақтың қасіретті тарихына қанығып, бір сәтке өздерін де қазақ сезініп кеткендерін айтып, ағынан жарылды. Қойылымды музыкамен белгілі композитор Хамин Шанға­лиев әрлесе, басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров пен Зарина Карменова сомдады.

Қойылымның басында жас Мағ­жанның Гүлсім сұлумен таныстығы, оның Қызылжардағы өмірі баян­далса, кейіннен оқиға шиеленісіп, ақын қызылдардың жалауын көтерген белсенділермен тартысқа тү­седі. Одан соң қазақ даласын ара­лап, ұлтының бар қасіретін бойынан өткізеді. Соңында ақын рухы көкке көтеріледі, оның артындағы қабыр­ғада қан мен қара сия тамшылап, “Мені де, өлім, әлдиле” өлеңі оқы­лады, төмендегі халықтың бәрі шы­рақ ұстап отты ақыннан шуақ алғысы келгендей аспандағы Мағжан бейнесіне қол созады. Қойылым осы­лайша аяқталып, ақынның аңызға толы өмірін баян етеді.

Спектакльден кейін тұсауке­серге келген өнер майталмандары Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мәдениет және спорт вице-министі Нұрқиса Дәуешов жылы лебіздерін білдіріп, театр ұжымы мен шетелдік қонақтарға ал­ғыс айтты.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Петропавл – Түркістан –  Петропавл.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp