Облыс орталығына жұмыс сапарымен еліміздің Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев келді. Елордалық мейман Петропавлдағы ірі өндіріс ошақтарында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өңір басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек вице-министрге соңғы жылдары қалада ашылған зауыттардың тынысы туралы айтып берді.
Арман Абайұлы аялдаған алғашқы нысан “Радуга” ЖШС-ға тиесілі көкөністер, әлеуметтік және тұрмыстық тауар түрлері сақталатын қойма болды. Бүгіндері көпсалалы кәсіпорын елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де танымал. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаев қоймада қажетті азық-түлік жеткілікті екенін айтты.
– “Радуга” серіктестігінде екі үлкен қойма бар. Бірінде әлеуметтік маңызды тауарлар мен тұрмысқа қажетті заттар, екіншісінде облыста өсірілген көкөністер сақталады. Зауыттарымызда шығарылған тауар бірден осында жеткізіледі. Кейін дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Ең үлкен қойманың аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Ал көкөністер сақтайтын қойманың аумағы – 2 мың шаршы метр. Қазіргі күні ол 90 пайызға толық. Азық-түлік өнімдерін шілде айына дейін сақтауға мүмкіндігіміз бар, – деді Дмитрий Шарапаев.
Нысанды аралап өткен бірінші вице-министр Арман Шакқалиев, мұндай арнайы қоймаларды өзге өңірлерде де ашу маңызды екенін атап өтті.
– Үкімет тарапынан инвесторларға қолдау бар. Әр өңірде жергілікті атқарушы билік өкілдері кәсіпкерлерге қолғабыс көрсетуде. Егер бизнесмен жаңа өндіріс ошағын ашқысы келсе, субсидиялар беріліп, салынайын деп жатқан ғимараттарға инфрақұрылым желілері тартылады. Қазақстанның оңтүстік, орталық және шығыс аймақтарында да дәл осындай көкөністер мен тауарлар сақтайтын қоймалар бар. Өкініштісі, еліміздің батыс бөлігінде мұндай нысандар жоқтың қасы. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек деп есептеймін. Егер сол жақта осындай қойма салсаңыздар, біздің тарапымыздан көмек көрсетіледі. Министрлік инвесторға барынша қолдау білдіруге ниетті, – деді Сауда және интеграция вице-министрі.
Арман Шакқалиев “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігінің жұмысымен де танысты. Өткен жылы ашылған кәсіпорын фанер импортының 22 пайызын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ал келер жылы Еуропа нарығына шықпақшы.
– “Солтүстік фанер комбинаты” көп жылдар бойы иесіз тұрған нысанды жөндеп, өңір үшін жаңа кәсіпті бастап кетті. Инвестор енді “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына кіретін ескі ғимараттарды жөндеп, ДСП және ЛДСП құрылыс материалдарын шығаруды қолға алмақшы. Өткен жылы 2 млрд. теңгенің тауарын шығарып, алыс-жақын шетелдерге саудалады. Бұл шамамен 10 мың текше метрге тең. Биыл инвестор бұл межеден асып, 3 млрд. теңгенің ламинатталған фанерасын саудалап үлгерді, – деді Дәурен Жандарбек. “Солтүстік фанер комбинатының” ашылуымен 300 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылғанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, инвестор өз қызметкерлеріне арнап 60 орындық жатақхана тұрғызуды қолға алды.
– ДСП және ЛДСП құрылыс материалдарын шығаратын зауытты біз 2024 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жаңа өндіріс ошағын ашуға шамамен 8 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылады. Нәтижесінде жылына 50 мың текше метр құрылыс материалын шығара аламыз, – деді “Солтүстік фанер комбинаты” директорының орынбасары Айваз Бакиров.
Петропавлда бір ай бұрын қағаз фабрикасы іске қосылған болатын. Өндіріс ошағының жылдық қуаты 10 мың тоннаға жетеді. Тың жобаның жүзеге асуымен ішкі нарық толық қамтылып, қағаз бұйымдарын экспорттауға мүмкіндік тумақ.
– Кәсіпорында 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 7 млрд. теңге. Фабрикада майлықтар, дәретхана және А4 форматындағы кеңсе қағаздарын шығарудамыз. Шамамен өнімнің 20 түрін әзірлеп, саудалауды қолға алдық. Бір тәулікте 7 жарым мың тонна өнім шығаратын арнайы қондырғыларымыз да бар. Айына санитарлық-гигиеналық қажеттілікке жұмсалатын қағаздың 5 млн. данасын жасаймыз, – деген “Радуга” серіктестігінің бас директоры Дмитрий Шарапаев алдағы уақытта картон шығару ісін жолға қоятынын айтты. Бүгінде облыстағы азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар мұндай қораптарды көрші елден жеткізуде.
“Масло-Дел Петропавл” ЖШС-ның жұмысы да Арман Шакқалиевтың назарынан тыс қалмады. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі кәсіпорын жұмысымен танысты. Әзірге зауыт толық қуатына көшкен жоқ.
– Зауыт күн сайын 500 тонна сүт өңдейді. Жаңа цехтағы барлық қондырғыларды іске қосқан кезде оның қуаты 750 тоннаға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Өндіріс ошағын жаңғыртуға 21 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылды, – деді “Масло-Дел Петропавл” серіктестігінің директоры Қанат Нұрпейісов. Кәсіпорын басшысы биыл “Cool Infinity” серіктестігі шығарған 130 жаңа термос-вагон сатып алғандарын айтты. Енді компания өнімін еліміздің кез келген өңіріне жеткізе алады.
Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Петропавл электртехникалық зауытында да болды. Өндіріс ошағы трансформаторлар жасайтын “Alageum Group” компаниясының құрамына кіреді. “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында бой көтерген нысанның жұмысы жайлы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек айтып берді. Бүгіндері кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Оның 50 пайызы – еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген мамандар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Серпін” бағдарламасы аясында білім алып шыққан түлектер де қызмет етеді. Зауыт жыл соңына дейін 4 мың трансформатор шығармақ. Келер жылдан бастап кәсіпорын қуатын арттырып, бұл өнімнің 13 мың данасын құрастыруды қолға алмақшы.
Сауда және интеграция бірінші вицеминистрі Арман Шакқалиев өңір кәсіпкерлерімен де кездесті. Жиында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тауарды экспорттау кезінде вагондардың жетіспеушілігі және темір жолдағы кедергілер жөнінде сөз қозғалды. Белгілі болғандай, соңғы кездері облыста өнімін шетелге шығаратын кәсіпорындар саны артқан. Мемлекет те экспортқа бағытталған компанияларды қолдауға әзір. Дегенмен кәсіпкерлерді аяқтан шалатын кедергілер де жоқ емес.
– Компаниямыз күнбағыс дәні мен майын экспорттаумен айналысады. Биыл бізге өнімді сыртқа шығаруға екі ай уақыт берілді. Яғни, қараша мен желтоқсан айында тауарды шетелге шығаруымыз керек. Бірақ темір жолдағы қиындықтар оған мүмкіндік бермей отыр. Ал қаңтар айында баж салығы енгізіледі. Жалпы жаңа жылда басқа қандай өзгерістер болады? – деген “GREEN GOLD SKO” серіктестігінің директоры Қанат Баймұханбетовтің сұрағына жауап берген Арман Абайұлы бұл мәселе шешілетінін мәлімдеді. Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен жиын өткізбекші. Нәтижесі бұл отырыстан соң белгілі болмақ.
Ал нарықта 20 жылдан бері жұмыс істейтін “Dez” компаниясы өнімдерінің 75 пайызын экспорттайды. Негізінен ұн мен бидай Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелтіледі. Кәсіпкер соңғы уақытта жүк тасымалында қиындық туындағанын, яғни вагондар жеткіліксіз екенін айтты. Бағасы да қалтаны қағатыны белгілі болды.
– Елімізде жүк тасымалдайтын арнайы жабық вагондардың жетіспейтіндігін білеміз. Бірақ биыл олардың саны өсті. Және ондай компанияларға біз, ең алдымен, шикізатты емес, өңделген өнімді тасымалдау қажет деген міндет қоймақпыз. Ол екіжаққа да тиімді болмақ, – деді Арман Шакқалиев.
Солтүстікқазақстандық тұтынушылардың құқығын қорғап жүрген Надежда Дубовая кейбір кәсіпкерлердің жұмысына наразы. Мораторийлерге әбден иек артып алған олар бүгіндері қарапайым тұрғындардың жанайқайын елеуден қалған. Қауымдастық төрайымы бизнесмендер көрсететін қызметтің және шығаратын тауарлардың сапасын бақылауға алу қажет деген пікір білдірді. Арман Шакқалиевтің айтуынша, соңғы уақытта тұтынушылар тарапынан шағым көбейген. Кәсіпкерлер тауарды таңбалауда қателік жібереді. Өнім құрамын дұрыс көрсетпейді. Осындай олқылықтарды тізе беруге болады. Сондықтан министрлік жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр екен. Ол тұтынушыларды қолдауға бағытталады. Егер құжат қабылданса, тұтынушылар шағымын арқалап бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай, бірден сотқа жүгінуге мүмкіндік алады.
Жұмыс сапары барысында арнайы брифинг ұйымдастырылып, бірінші вице-министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.