«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

“Tik-tok”-қа тоқтам салу керек пе?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адам орта есеппен күнінің екі жарым сағатын әлеуметтік желілерде өткізеді екен. Осылайша әлеуметтік желілер қолдану уақыты жағынан теледидарды да басып озды. Ғаламтор қолжетімді болған сайын тұтынушылар қызығушылығы онлайн өмірге қарай ойысуда. Бұрын әлеуметтік желілер тек хат-хабар алысу құралы саналса, бүгінде ойын-сауық платформасы мен ақпарат көзіне айналып отыр. Әлеуметтік желілердің тағы бір артықшылығы – онда қатаң қағидалар мен ережелердің жоқтығы. Бүгінде адамдар өз ойын ашық айтып, еркін қарым-қатынас жасағанды қалайды. “Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” да, кіммен болсын байланыс орнатуға мүмкіндік беретін де – әлеуметтік желілер.

Қоғамның әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын бөлігі – жастар. Бүгін­де “әлеуметтік желі керек пе, керек емес пе?” деп жатудың өзі артық. Қалай десек те байланыс қосымша­лары өмірімізге дендеп еніп, күнде­лікті іс-әрекетіміздің ажырамас бө­лігіне айналған. Қазіргі жастар тірші­лігін ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Тіпті осы арқылы табыс тауып, теңін жолықтырып, білім алып жата­тындар да көп. Әлеуметтік желілер – қоғамдағы үздіксіз өзгерістердің жемісі. Бұл өзгерістер бүгін де тоқта­май жалғасып келеді. Соған сай байланыс қосымшаларының да дәу­рені өтіп, бірінің орнын бірі басуда. Бірнеше жыл бұрын “Instagram” же­лісі сұранысқа ие болса, соңғы уа­қыт­та оны “Tik-tok” ығыстырып келеді. 

“Tik-tok” тарихына тоқталсақ, желі алғаш рет 2016 жылы Қытайда пайда болған. Кейіннен оның автор­лары бірқатар өзгерістер енгізіп, қо­сымшаны 2018 жылы әлемдік на­рық­қа шығарған. Содан бері ол қол­да­ну­шылар арасында танымалдылыққа ие болып, көш басында тұр.  2020 жылы “Tik-tok” әлемдегі ең көп жүк­телетін қосымшаға айналса, 2021 жылы видеоқаралым жағынан белгілі “Youtube” желісін басып озған. Өткен жылы аталған желі ең көп қаралатын интернет-ресурс атанып, “Google” іздеу жүйесінің өзін артта қалдырыпты. Қазіргі таңда қосымшаның әлем бойынша 1 млрд. қолданушысы бар.

Деректерге сүйенсек, желі қол­да­­ну­­шы­ларының жартысынан көбі – 16-24 жас аралығындағы жастар. Қо­сымшаның неліктен осынша таны­мал болуының сырын оны қолдану­дың оңайлығымен, адамды қызық­ты­рып әкететін алгоритмімен түсінді­руге болады. Қолданушылар онда әр­түрлі бағыттағы қысқа видеоларын жүктеп, қаралым жинайды. Егер қа­ла­саңыз, видеоны өңдеп, керекті ды­быстар мен түстерді қосып, шы­ғаруға болады. Қазіргі кездегі ақпа­рат ағыны ойды барынша қысқа жет­кізуді талап етеді. Бұрын жастары­мыз кітап оқуға құлықсыз болса, бүгінде олар үлкен видеороликтерді көруге де ерінеді. Ал “Tik-tok” болса, осындай тұтыну­шы­лардың қажетін өтеуге арналған қосымша. Алайда мамандар ақпа­ратты мұндай үлгіде алудың адамға берер пайдасы аз, тіпті зиян екенін айтады.

– Психологияда “клиптік” сана ұғы­мы бар. Бұл ақпаратты тұтас ал­май оның үзіндісін, шағын нұсқасын ғана тұтыну дегенді білдіреді. Мұның бәрі балалардың танымдық процесі­мен тікелей байланысты. Шағын, үзінді бейнероликтер адамның та­нымдық процесіне кері әсер етіп, зейінін төмендетеді. Бүгінгі балалар­дың көбі оқуға құлықсыз, жалқау, енжар болатыны сондықтан. Қысқа видеолар салдарынан адам сыни ойлау, ақпаратты қорыту, оны тал­дау қабілеттерінен айырылады. Өкінішке қарай, бүгінгідей уақыт ты­ғыз, ақпарат көп заманда мұның бәріне шектеу қою да мүмкін емес, – дейді психолог Нұршат Жұматова.

Психологтар “Tik-tok” видеолары адамға жарнама роликтері, фильм үзінділері сияқты әсер ететінін айта­ды. Көп ұзамай-ақ тұтынушы санасы қысқа, түсінікті, қарапайым ақпа­рат­ты қабылдауға бейімделіп ала­ды. Кө­ле­мі 1 минутқа жетер-жет­пес видео­лар талдауды, тексеру­ді, сыни көзқа­рас­пен қарауды да қажет ет­пейді. Осы­лайша адам онда өткізген 1 са­ғаттың ішінде кемі 60 видео көріп үл­гереді екен. Мұны байқаған әлем ға­лым­дары бүгінде әлеуметтік желі­лерде тұтас, көлемді, көркем ақпа­раттың азайып кеткенін айтып дабыл қағуда.

Ал “Tik-tok” қосымшасын бел­сен­ді қолданушы жастар ғаламторды демалудың жаңа түрі деп санайды.

– Алғашында мен де бұл қосым­шаға үрке қарайтын едім. Мұндағы мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар­ды мойындамадым. Кейіннен құрбы­ла­рымның осы желіге арнап шағын видео түсіріп жүргендерін байқап, менің де қызығушылығым оянды. Бү­гінде онда өзімнің тұрақты көрерме­нім бар. Өнерге жаным жақын болған соң онда би билегенімді жариялап отырамын. Ал қазір “Tik-tok” пайда­ланбайтын адамды кездестірсем, таңдана қараймын. Күніне 4-5 сағат ғаламтор пайдалансам, соның жар­тысы “Tik-tok” көруге кетеді. Бұл қо­сымшаның басты артықшылығы – сенің талғамыңды дәл тауып, өзіңе керекті видеоларды ұсынып отыра­ды. Өз басым бұл желіден өзіме пайдалы ақпарат алуға тырысамын. Өкінішке қарай, “Tik-tok”-та мәдение­ті­мізге жат, жалған ақпарат тарата­тындар да кездесіп жатады, – дейді желінің белсенді қолданушысы Гүл­ден Асқарқызы.

Бүгінде “Tik-tok” өз дамуының шы­ңына шыққан. Қазір қосымша өзге­лер­мен салыстырғанда қай жағынан болсын бірінші орында. Гүлден Ас­қарқызы жақында аталған желінің алтын дәуірі аяқталып, оның орнын басқа платформа басуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Қалай десек те бүгінде “Tik-tok” жастардың көп уақыт өткізетін, ой бө­лісіп, ақпарат алатын алаңына айна­лып отыр. Сондықтан да жастар өмі­рінің ажырамас бөлігіне айналған аталған желіні барынша пайдалы ету маңызды. Қазірдің өзінде онда әр саладан хабар беретін танымдық жаз­балар аз емес. Қосымшаның та­ны­малдылығын ескерген ел Прези­денті де ондағы жобаларға қолдау біл­діріп, желіні балаларға ел тари­хын танытатын дүниелермен байы­ту­ қажеттігін айтқан болатын. Ал биыл еліміз­ге келген “Tik-Tok”-тың вице-пре­зи­денті Тео Бертрам Қазақстан­да өз өкілдіктерін ашуға ниетті екен­дігін, қосымшаның қазақтілді нұс­қасы да әзірленетінін жеткізді.

Әлеуметтік желілер бүгінгі өмір­дің шындығына айналды. Білім алып, қарым-қатынас жасау бары­сында жастарымыздың ешбірі де оны айналып өте алмайды. Сон­дықтан да жас буын жиі уақыт өткі­зетін алаңдарда танымдық жобалар­ды қолға алып, пайдалы жазбалар­ды көбейту керек. Сонда “Tik-tok” сияқ­ты танымал желілер ойын-сауық қосымшасы емес, құнды ақпарат пен мәдениет, білімнің көзіне айналмақ.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp