Әр адам орта есеппен күнінің екі жарым сағатын әлеуметтік желілерде өткізеді екен. Осылайша әлеуметтік желілер қолдану уақыты жағынан теледидарды да басып озды. Ғаламтор қолжетімді болған сайын тұтынушылар қызығушылығы онлайн өмірге қарай ойысуда. Бұрын әлеуметтік желілер тек хат-хабар алысу құралы саналса, бүгінде ойын-сауық платформасы мен ақпарат көзіне айналып отыр. Әлеуметтік желілердің тағы бір артықшылығы – онда қатаң қағидалар мен ережелердің жоқтығы. Бүгінде адамдар өз ойын ашық айтып, еркін қарым-қатынас жасағанды қалайды. “Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” да, кіммен болсын байланыс орнатуға мүмкіндік беретін де – әлеуметтік желілер.
Қоғамның әлеуметтік желіні жиі пайдаланатын бөлігі – жастар. Бүгінде “әлеуметтік желі керек пе, керек емес пе?” деп жатудың өзі артық. Қалай десек те байланыс қосымшалары өмірімізге дендеп еніп, күнделікті іс-әрекетіміздің ажырамас бөлігіне айналған. Қазіргі жастар тіршілігін ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Тіпті осы арқылы табыс тауып, теңін жолықтырып, білім алып жататындар да көп. Әлеуметтік желілер – қоғамдағы үздіксіз өзгерістердің жемісі. Бұл өзгерістер бүгін де тоқтамай жалғасып келеді. Соған сай байланыс қосымшаларының да дәурені өтіп, бірінің орнын бірі басуда. Бірнеше жыл бұрын “Instagram” желісі сұранысқа ие болса, соңғы уақытта оны “Tik-tok” ығыстырып келеді.
“Tik-tok” тарихына тоқталсақ, желі алғаш рет 2016 жылы Қытайда пайда болған. Кейіннен оның авторлары бірқатар өзгерістер енгізіп, қосымшаны 2018 жылы әлемдік нарыққа шығарған. Содан бері ол қолданушылар арасында танымалдылыққа ие болып, көш басында тұр. 2020 жылы “Tik-tok” әлемдегі ең көп жүктелетін қосымшаға айналса, 2021 жылы видеоқаралым жағынан белгілі “Youtube” желісін басып озған. Өткен жылы аталған желі ең көп қаралатын интернет-ресурс атанып, “Google” іздеу жүйесінің өзін артта қалдырыпты. Қазіргі таңда қосымшаның әлем бойынша 1 млрд. қолданушысы бар.
Деректерге сүйенсек, желі қолданушыларының жартысынан көбі – 16-24 жас аралығындағы жастар. Қосымшаның неліктен осынша танымал болуының сырын оны қолданудың оңайлығымен, адамды қызықтырып әкететін алгоритмімен түсіндіруге болады. Қолданушылар онда әртүрлі бағыттағы қысқа видеоларын жүктеп, қаралым жинайды. Егер қаласаңыз, видеоны өңдеп, керекті дыбыстар мен түстерді қосып, шығаруға болады. Қазіргі кездегі ақпарат ағыны ойды барынша қысқа жеткізуді талап етеді. Бұрын жастарымыз кітап оқуға құлықсыз болса, бүгінде олар үлкен видеороликтерді көруге де ерінеді. Ал “Tik-tok” болса, осындай тұтынушылардың қажетін өтеуге арналған қосымша. Алайда мамандар ақпаратты мұндай үлгіде алудың адамға берер пайдасы аз, тіпті зиян екенін айтады.
– Психологияда “клиптік” сана ұғымы бар. Бұл ақпаратты тұтас алмай оның үзіндісін, шағын нұсқасын ғана тұтыну дегенді білдіреді. Мұның бәрі балалардың танымдық процесімен тікелей байланысты. Шағын, үзінді бейнероликтер адамның танымдық процесіне кері әсер етіп, зейінін төмендетеді. Бүгінгі балалардың көбі оқуға құлықсыз, жалқау, енжар болатыны сондықтан. Қысқа видеолар салдарынан адам сыни ойлау, ақпаратты қорыту, оны талдау қабілеттерінен айырылады. Өкінішке қарай, бүгінгідей уақыт тығыз, ақпарат көп заманда мұның бәріне шектеу қою да мүмкін емес, – дейді психолог Нұршат Жұматова.
Психологтар “Tik-tok” видеолары адамға жарнама роликтері, фильм үзінділері сияқты әсер ететінін айтады. Көп ұзамай-ақ тұтынушы санасы қысқа, түсінікті, қарапайым ақпаратты қабылдауға бейімделіп алады. Көлемі 1 минутқа жетер-жетпес видеолар талдауды, тексеруді, сыни көзқараспен қарауды да қажет етпейді. Осылайша адам онда өткізген 1 сағаттың ішінде кемі 60 видео көріп үлгереді екен. Мұны байқаған әлем ғалымдары бүгінде әлеуметтік желілерде тұтас, көлемді, көркем ақпараттың азайып кеткенін айтып дабыл қағуда.
Ал “Tik-tok” қосымшасын белсенді қолданушы жастар ғаламторды демалудың жаңа түрі деп санайды.
– Алғашында мен де бұл қосымшаға үрке қарайтын едім. Мұндағы мүмкіндіктер мен жаңашылдықтарды мойындамадым. Кейіннен құрбыларымның осы желіге арнап шағын видео түсіріп жүргендерін байқап, менің де қызығушылығым оянды. Бүгінде онда өзімнің тұрақты көрерменім бар. Өнерге жаным жақын болған соң онда би билегенімді жариялап отырамын. Ал қазір “Tik-tok” пайдаланбайтын адамды кездестірсем, таңдана қараймын. Күніне 4-5 сағат ғаламтор пайдалансам, соның жартысы “Tik-tok” көруге кетеді. Бұл қосымшаның басты артықшылығы – сенің талғамыңды дәл тауып, өзіңе керекті видеоларды ұсынып отырады. Өз басым бұл желіден өзіме пайдалы ақпарат алуға тырысамын. Өкінішке қарай, “Tik-tok”-та мәдениетімізге жат, жалған ақпарат тарататындар да кездесіп жатады, – дейді желінің белсенді қолданушысы Гүлден Асқарқызы.
Бүгінде “Tik-tok” өз дамуының шыңына шыққан. Қазір қосымша өзгелермен салыстырғанда қай жағынан болсын бірінші орында. Гүлден Асқарқызы жақында аталған желінің алтын дәуірі аяқталып, оның орнын басқа платформа басуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Қалай десек те бүгінде “Tik-tok” жастардың көп уақыт өткізетін, ой бөлісіп, ақпарат алатын алаңына айналып отыр. Сондықтан да жастар өмірінің ажырамас бөлігіне айналған аталған желіні барынша пайдалы ету маңызды. Қазірдің өзінде онда әр саладан хабар беретін танымдық жазбалар аз емес. Қосымшаның танымалдылығын ескерген ел Президенті де ондағы жобаларға қолдау білдіріп, желіні балаларға ел тарихын танытатын дүниелермен байыту қажеттігін айтқан болатын. Ал биыл елімізге келген “Tik-Tok”-тың вице-президенті Тео Бертрам Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуға ниетті екендігін, қосымшаның қазақтілді нұсқасы да әзірленетінін жеткізді.
Әлеуметтік желілер бүгінгі өмірдің шындығына айналды. Білім алып, қарым-қатынас жасау барысында жастарымыздың ешбірі де оны айналып өте алмайды. Сондықтан да жас буын жиі уақыт өткізетін алаңдарда танымдық жобаларды қолға алып, пайдалы жазбаларды көбейту керек. Сонда “Tik-tok” сияқты танымал желілер ойын-сауық қосымшасы емес, құнды ақпарат пен мәдениет, білімнің көзіне айналмақ.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.