Петропавлдағы Жұмысшы кентінде жеңіл көлік аялдамаға соғылып, төрт адам ауыр жарақаттанды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апаты Жұмысшы кентіндегі Панфилов көшесінде сағат 14.20 шамасында болған. ВАЗ-2108 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған.
“Көлікті 23 жастағы жігіт тізгіндеген. Медициналық куәландыру оның спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті. Жол-көлік оқиғасына қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік бөліміне берілді”, – деді баспасөз қызметіндегілер.
Зардап шеккен 4 адамның үшеуі – кәмелет жасына толмаған бала. Олардың барлығын “Жедел жәрдем” қызметі облыс орталығындағы емдеу мекемелеріне жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің бірі – 43 жастағы Петропавл тұрғыны. Әйелдің аяғы сынып, бас сүйегі зақымданған, миы шайқалған. Зардап шегуші қалалық көпсалалы ауруханаға жатқызылды. 7 жасар егіздер облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті, олардың ішіне зақым келген. 12 жастағы баланың саны сынған, ол да жансақтау бөлімінде жатыр.
“Егіздер алдымен хирургия бөлімшесінде тексерілді, олардың қабырғаларына соққы тиіп, ішіне зақым келгені анықталғандықтан, жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды. 12 жасар бала жарақат бөлімшесінде қаралды, оның сүйегі сынған, тізесінде үлкен жарақат бар, басына зақым келген. Жасөспірім жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Бұл балаға жедел түрде ота жасалып, сан сүйегіне металл құрылғы қойылды. Өйткені сүйегі сынып, сынықтары орнынан жылжып кеткен. Ота екі сағатқа жалғасты. Қалпына келуі үшін бірнеше ай керек”, – дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.