«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРГЕ БАСҚАН ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығына жұмыс сапарымен еліміздің Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев келді. Елордалық мейман Петропавлдағы ірі өндіріс ошақтарында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өңір басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек вице-министрге соңғы жылдары қалада ашылған зауыттардың тынысы туралы айтып берді.

Арман Абайұлы аялдаған алғашқы нысан “Радуга” ЖШС-ға тиесілі көкөністер, әлеуметтік және тұрмыстық тауар түрлері сақталатын қойма болды. Бүгіндері көпсалалы кәсіпорын елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де танымал. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаев қоймада қажетті азық-түлік жеткілікті екенін айтты.

– “Радуга” серіктестігінде екі үлкен қойма бар. Бірінде әлеуметтік маңызды тауарлар мен тұрмысқа қажетті заттар, екіншісінде облыста өсірілген көкөністер сақталады. Зауыттарымызда шығарылған тауар бірден осында жеткізіледі. Кейін дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Ең үлкен қойманың аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Ал көкөністер сақтайтын қойманың аумағы – 2 мың шаршы метр. Қазіргі күні ол 90 пайызға толық. Азық-түлік өнімдерін шілде айына дейін сақтауға мүмкіндігіміз бар, – деді Дмитрий Шарапаев.

Нысанды аралап өткен бірінші вице-министр Арман Шакқалиев,  мұндай арнайы қоймаларды өзге өңірлерде де ашу маңызды екенін атап өтті.

– Үкімет тарапынан инвесторларға қолдау бар. Әр өңірде жергілікті атқарушы билік өкілдері кәсіпкерлерге қолғабыс көрсетуде. Егер бизнесмен жаңа өндіріс ошағын ашқысы келсе, субсидиялар беріліп, салынайын деп жатқан ғимараттарға инфрақұрылым желілері тартылады. Қазақстанның оңтүстік, орталық және шығыс аймақтарында да дәл осындай көкөністер мен тауарлар сақтайтын қоймалар бар. Өкініштісі, еліміздің батыс бөлігінде мұндай нысандар жоқтың қасы. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек деп есептеймін. Егер сол жақта осындай қойма салсаңыздар, біздің тарапымыздан көмек көрсетіледі. Министрлік инвесторға барынша қолдау білдіруге ниетті, – деді Сауда және интеграция вице-министрі.

Арман Шакқалиев “Солтүстік фанер комбинаты” серіктестігінің жұмысымен де танысты. Өткен жылы ашылған кәсіпорын фанер импортының 22 пайызын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ал келер жылы Еуропа нарығына шықпақшы.

– “Солтүстік фанер комбинаты” көп жылдар бойы иесіз тұрған ны­санды жөндеп, өңір үшін жаңа кә­сіпті бастап кетті. Инвестор енді “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына кіретін ескі ғимараттарды жөндеп, ДСП және ЛДСП құрылыс мате­риалдарын шығаруды қолға ал­мақшы. Өткен жылы 2 млрд. теңге­нің тауарын шығарып, алыс-жақын шетелдерге саудалады. Бұл шама­мен 10 мың текше метрге тең. Биыл инвестор бұл межеден асып, 3 млрд. теңгенің ламинатталған фа­не­­ра­сын саудалап үлгерді, – деді Дәурен Жандарбек. “Солтүстік фа­нер комбинатының” ашылуымен 300 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылғанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, инвестор өз қызметкерлеріне арнап 60 орындық жатақхана тұрғы­зуды қолға алды.

– ДСП және ЛДСП құрылыс ма­териалдарын шығаратын зауытты біз 2024 жылы іске қосуды жоспар­лап отырмыз. Жаңа өндіріс ошағын ашуға шамамен 8 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылады. Нәти­жесінде жылына 50 мың текше метр құрылыс материалын шығара аламыз, – деді “Солтүстік фанер комби­наты” директорының орынбасары Ай­ваз Бакиров.

Петропавлда бір ай бұрын қағаз фабрикасы іске қосылған болатын. Өндіріс ошағының жылдық қуаты 10 мың тоннаға жетеді. Тың жобаның жүзеге асуымен ішкі нарық толық қамтылып, қағаз бұйымдарын экс­порт­тауға мүмкіндік тумақ.

– Кәсіпорында 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 7 млрд. теңге. Фаб­рикада майлықтар, дәретхана және А4 форматындағы кеңсе қағазда­рын шығарудамыз. Шамамен өнім­нің 20 түрін әзірлеп, саудалауды қолға алдық. Бір тәулікте 7 жарым мың тонна өнім шығаратын арнайы қондырғыларымыз да бар. Айына санитарлық-гигиеналық қажеттілік­ке жұмсалатын қағаздың 5 млн. да­насын жасаймыз, – деген “Радуга” серіктестігінің бас директоры Дмит­рий Шарапаев алдағы уақытта кар­тон шығару ісін жолға қоятынын айт­ты. Бүгінде облыстағы азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар мұндай қораптарды көрші елден жеткізуде.

“Масло-Дел Петропавл” ЖШС-ның жұмысы да Арман Шакқалиев­тың назарынан тыс қалмады. Сауда және интеграция бірінші вице-ми­нистрі кәсіпорын жұмысымен танысты. Әзірге зауыт толық қуатына көшкен жоқ.

– Зауыт күн сайын 500 тонна сүт өңдейді. Жаңа цехтағы барлық қон­дырғыларды іске қосқан кезде оның қуаты 750 тоннаға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Өндіріс ошағын жаңғыртуға 21 млрд. теңге көлемін­де инвестиция құйылды, – деді “Масло-Дел Петропавл” серіктестігі­нің директоры Қанат Нұрпейісов. Кә­сіпорын басшысы биыл “Cool Infini­ty” серіктестігі шығарған 130 жаңа тер­мос-вагон сатып алғандарын айт­ты. Енді компания өнімін еліміз­дің кез келген өңіріне жеткізе алады.

Сауда және интеграция ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Пет­ропавл электртехникалық зауытында да болды. Өндіріс ошағы трансформаторлар жасайтын “Alageum Group” компаниясының құрамына кі­реді. “Qyzyljar” арнайы экономи­ка­лық аймағында бой көтерген нысан­ның жұмысы жайлы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек ай­тып берді. Бүгіндері кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Оның 50 пайызы – еліміздің оңтүстік өңірлері­нен келген мамандар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінде “Серпін” бағдарлама­сы аясында білім алып шыққан тү­лектер де қызмет етеді. Зауыт жыл соңына дейін 4 мың трансформатор шығармақ. Келер жылдан бастап кә­сіпорын қуатын арттырып, бұл өнім­нің 13 мың данасын құрастыруды қол­ға алмақшы.

Сауда және интеграция бірінші вицеминистрі Арман Шакқалиев өңір кәсіпкерлерімен де кездесті. Жиында тұтынушылардың құқықта­рын қорғау, тауарды экспорттау ке­зінде вагондардың жетіспеушілігі және темір жолдағы кедергілер жө­нінде сөз қозғалды. Белгілі болған­дай, соңғы кездері облыста өнімін шетелге шығаратын кәсіпорындар саны артқан. Мемлекет те экспортқа бағытталған компанияларды қол­дауға әзір. Дегенмен кәсіпкерлерді аяқтан шалатын кедергілер де жоқ емес.

– Компаниямыз күнбағыс дәні мен майын экспорттаумен айналы­сады. Биыл бізге өнімді сыртқа шы­ғаруға екі ай уақыт берілді. Яғни, қа­раша мен желтоқсан айында та­уарды шетелге шығаруымыз керек. Бі­рақ темір жолдағы қиындықтар оған мүмкіндік бермей отыр. Ал қаңтар айында баж салығы енгізіледі. Жал­пы жаңа жылда басқа қандай өзге­рістер болады? – деген “GREEN GOLD SKO” серіктестігінің директоры Қа­нат Баймұханбетовтің сұрағына жауап берген Арман Абайұлы бұл мәселе шешілетінін мәлімдеді. Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлі­гімен жиын өткізбекші. Нәтижесі бұл отырыстан соң белгілі болмақ.

Ал нарықта 20 жылдан бері жұ­мыс істейтін “Dez” компаниясы өнім­дерінің 75 пайызын экспорттайды. Негізінен ұн мен бидай Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелті­леді. Кәсіпкер соңғы уақытта жүк тасымалында қиындық туында­ғанын, яғни вагондар жеткіліксіз еке­нін айтты. Бағасы да қалтаны қаға­тыны белгілі болды.

– Елімізде жүк тасымалдайтын арнайы жабық вагондардың жетіс­пей­тіндігін білеміз. Бірақ биыл олардың саны өсті. Және ондай компанияларға біз, ең алдымен, ши­кізатты емес, өңделген өнімді тасы­малдау қажет деген міндет қоймақпыз. Ол екіжаққа да тиімді болмақ, – деді Арман Шакқалиев.

Солтүстікқазақстандық тұтыну­шы­лардың құқығын қорғап жүрген Надежда Дубовая кейбір кәсіпкер­лердің жұмысына наразы. Морато­рийлерге әбден иек артып алған олар бүгіндері қарапайым тұрғын­дардың жанайқайын елеуден қалған. Қауымдастық төрайымы бизнесмендер көрсететін қызметтің және шығаратын тауарлардың са­па­сын бақылауға алу қажет деген пі­кір білдірді. Арман Шакқалиевтің ай­туынша, соңғы уақытта тұтынушы­лар тарапынан шағым көбейген. Кә­сіпкерлер тауарды таңбалауда қа­телік жібереді. Өнім құрамын дұрыс көрсетпейді. Осындай олқылық­тарды тізе беруге болады. Сондық­тан министрлік жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр екен. Ол тұтынушы­ларды қолдауға бағытталады. Егер құжат қабылданса, тұтынушылар шағымын арқалап бірнеше меке­менің табалдырығын тоздырмай, бірден сотқа жүгінуге мүмкіндік алады.

Жұмыс сапары барысында ар­найы брифинг ұйымдастырылып, бі­рінші вице-министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp