«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Абзал азамат еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен 1966 жылы Алматыдағы С.М.Ки­ров атындағы мемлекеттік университетін сырттай оқып бітіріп, тамыз айының 26-күні облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне (ол кезде газет “Ленин туы” деп аталатын) жұмыс іздеп келдім. Тамыз айының соңында келген себебім ауылда Баян мек­тебінде мұғалім болып қызмет істегенмін. Ал мұғалімдерді та­мыз конференциясы өтпейінше жұмыстан босатпайтын. Мұнда таныс жігіттер бар, әуелі соларға кіріп, ақылдасайын деп шеш­тім. Ең алдымен Дүйсенбі Әуелбековке жолықтым. Ол кісі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін зайыбы Халима екеуі біздің ауылға, яғни Жамбыл ауданы (ол кезде Преснов ауданы) Баян орта мекте­біне келіп, қызметке орналасқан еді. Дүйсенбі – қазақ әдебиетінен, ал Халима орыс тілінен жоғары сыныптарға сабақ берді.

Бөлме өте үлкен екен. Мұнда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімде­рі­нің қызметкерлері орналасыпты. Мән-жайды естіп-білген Дүкең бұ­рынғы­сынша қасын керіп, дәмдеп сөй­лейтін әдетімен:

– Әй, қайдам, штат толық қой, қыз­метке ала қоя ма екен, – деп күдігін білдірді. Бөлмеде отырған басқа жігіттер жамырай:

– Редакторға кіріп көрсін де, мүм­кін алып қалар, – деп маған қолдау біл­дірді.

Сөйтіп, әрі-сәрі болып отырғаны­мызда бөлмеге Сабыр Сауытбаев ке­ліп кіреді. Ол маған туыс, аталас болып келеді. Партия тұрмысы бөлімін бас­қа­ра­ды екен. Алдымен Дүкеңе кірген себебім, әрі жасы үлкен, бұрынғы ұстазым болған­дық­тан және әр жақта өсіп-өніп, бұрын араласпаған туысымнан гөрі жақын көргенім еді.

– Ой, Мұрат, қайдан жүрсің? – деп Сабыр маған жабыса кетті.

– Университет бітіріпті, қызмет із­деп келіп отыр, – деп Дүкең мән-жай­ды түсіндірді және манағы өзі айтқан күдігін де ескертті.

– Жүр, кеттік, редакторға кіреміз, – деп Сабыр мені жетектей жөнелді.

Редакторға кірдік. Редактор еңсе­гей денелі, ақбурыл сирек шашын жатық етіп желкеге қарай қайырған, беті бұжырлау, көзі өткір, елулер ша­масындағы азамат екен. Келген жағдайымды Сабыр баяндап берген соң, ол кісі сәл ойланып қалды. Сонсоң: – Жарайды, қазір жігіттерді жинайық, ақылдасайық, – деді.

Қызметкерлер түгел редактор­дың бөлмесіне жиналды. Дағарадай бөл­ме іші әп-сәтте кісілерге толып кетті. Редактор жиналғандарға мені таныс­тырып, мән-жайды баяндады.

– Бұл жігіттің өзі тұрған “Баян” ауы­лы­ның озат еңбеккерлері туралы жазған талай мақалалары газетте шыққан. Қызметке алынса үйреніп, қаламы ұшталып кетеді ғой, – деп Дүкең сөз бастады.

– Иә газетке атсалысып жүреді. Соң­ғы жылдары 5-6 өлеңі жарық көр­ген, – деп Бақыт Мұстафин қостай жө­нелді. Тіпті егер… жазған кездері бол­ған, бірақ алды… деп сөзінің соңын жұтып қойды.

– Ал ендеше сол авторымыз оқу бітіріп, жұмыс сұрап өзі келіп отыр. Өз облысымыздың азаматы екен, штат толық болса да қызметке ала­йық, кі­шігірім жалақы тауып берер­міз, – деп редактор жиынды қоры­тындылады.

Коридорға шықтық. Танитын да танымайтын да жігіттер қаумалап, қо­лымды қысып, құттықтап жатыр. Сөй­тіп тұрғанымызда бір бөлмеден Дә­мелі шыға келді. Көзіме оттай ба­сыл­ды. Өйткені Дәмеліні жақсы танимын, елуінші жылдардың соңында ағасы Ақпан “Баян” ұжым­шарына бас есепші болып қызметке келген. Дәме­лі сонда ағасының отба­сымен бізге ке­ліп, Баян орта мек­тебінде оқыған еді. Бірақ бір-екі жылдан соң олар қай­тадан көшіп кеткен. “Тағы бір танысым бар екен ғой” деп, қуанып қалдым. Бақ­сам, Дәмелі мұнда машинистка болып істейді екен. Бақыт екеуі осында жүріп танысып, отау құрыпты.

Сабыр мені өз бөлмесіне алып бар­ды. Мұнда партия тұрмысы және мәде­ниет бөлімінің қызметкерлері отыра­ды екен. Біраз әңгіме өрбіді. Көбінесе маған газеттің жұмысын түсіндіріп, өзім баратын өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімінің жұмысы ауыр еке­нін баса ескертті.

– Біраз өлеңдеріңді газетке жа­рия­­ла­ғанбыз. Бір-екі өлеңіңді көркемдік дәрежесі жетіспеген соң пайдалана алмадық. Ол жөнінде өзі­ңе кемшіліктерін атап көрсетіп, хат жа­зып жібергенмін, алған шығар­сың, – деп Бақыт әңгімеге араласты (сол хаттар әлі күнге дейін менде сақ­таулы).

– Иә, алғанмын, рақмет, – дедім мен сыпайылық танытып.

– Неғылған рақмет, егер өлеңде­ріңді жарияламаса, – деп отырған жұрт ду күлді. Сөйтіп, редакцияның жанға тынымсыз, қым қуыт жұмысы басталып кетті.

Мен қызмет барысында Сабыр мен Бақытқа жақын жүрдім. Өйткені ол кезде редакцияның көптеген қыз­меткерлерінің жасы елулерді еңсеріп қалған еді. Ал ол екеуі менен 1-2 жас қана үлкен еді. Бақыт менен бір жас төрт айдай ғана үлкен болатын.

Бақыт қыз мінезді, жұмсақ, ұяң­дау азамат болатын. Адамдармен биязы, мәдениетті түрде сөйлесетін. Ол жыл­дары ай сайын газетте “Әде­биет беті” жарық көретін. Онда жергілікті автор­лардың әңгімелері мен өлеңдері жа­рия­ланатын. Әрине, олар­дың бәрі бір­дей газетке жария­лауға келмейтін. Кө­бісін Бақыт “қыр­лап сырлап” тап-тұйнақтай әңгіме, өлең қылып газетке жариялайтын.

Шыны керек, мен Бақыт жазған дүниелерді асыға күтіп жүретін­мін. Өйткені ол жазған әрбір мақала, очерк тұшымды, көркем, кестелі сөз орам­дарымен өрнектелген тамаша дүние­лер болатын.

Ол тума очеркист еді. Кезінде Со­циалистік Еңбек Ерлері тігінші Сәруар Байсарина, құрылысшы Хайни-Жа­мал Мусина, механизатор Құрманға­ли Сұрағанов, бригадир Молдай Байтөсев және басқалары туралы жазған очерк­терді жұртшылық жылы қабыл­даған болатын. Оның әрбір туын­дысын қайта-қайта оқып, сөз саптау, оқиғаны өрбіту, шығар­мада­ғы кейіп­кердің болмысын шебер ашып көрсе­ту сияқты қасиеттерінен үлгі алатын­мын.

Қай салада болмасын білікті ма­ман қызмет сатысында тез көтеріле­ді ғой. Бақыт та жауапты хатшы, редак­тордың бірінші орынбасары, қызмет­те­рін абыроймен атқарып, ақырында редактор болды. Оның редакторлық қызметінің соңғы жыл­дары тоқсанын­шы жылдардың ба­сындағы бұрынғы одақ тарап, ша­руаның шатқаяқтанып, ел-жұрттың күйзелген шағына тап кел­ді. Күнкөріс қиындады. Тіпті газетке жазарлықтай дүние қалмағандай еді. Қайда бар­саң да қысқарып, немесе жа­былып жатқан ұжымдарға кездесе­сің. Мә­селен, сол тұста менің жалақым 6 мың теңге болды. Ондай сомаға от­басын асырауға болатын ба еді. Енді газет бұрынғыдай күн сайын емес, аптасына 3 рет шығатын бол­ды. Ал сол нөмірлердің өзін шығару біздерге қиынға түсті. Өйткені газетке жазатын ештеңе жоқ еді.

Бірде ол бәрімізді жинап алып: “Уақыт болса қиын, жағдайларыңды түсінемін. Олай болса қосымша жұмыс іздеп тауып, ақша табыңдар. Бірақ газеттегі негізгі жұмыстарыңды ақсатпаңдар”, – деді. Осыдан соң қайсыбіріміз қосымша жұмыс іздеп тауып, қиын кездің қы­сылшаң сәтінен әупірімдеп шығуға тырыстық. Қазір ойлаймын, егер сол кезде Бақыттың орнында басқа біреу редактор болса, қызметкерлеріне мұндай мүмкіндік бермес еді деп.

Уақыт жүйрік. Сөйтіп жүріп, екеуі­міз де зейнет демалысына шықтық. Бірақ газет басшылығы зейнеткер болсақ та екеуімізге газетте біраз жыл жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Екеуіміз бір бөлмеде отырып, еңбек еттік. Сырымыз да, мұңымыз да бір болды…

Амал не, тағдырға қарсы тұра алмайсың. Ол жетпіс жылдық мерейтойын өткізуге жиналып жүр еді. Бірақ ол күнге жете алмады. Құдайға да жақсы адамдар керек дейді ғой. Алла енді оған ол дүниенің қызығын берсін деп тілейміз.

Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp