Өңірде өкпе обырымен ауыратын 400 адам диспансерлік есепте тұр. Сырқаттанғандардың шамамен төрттен үші – ер адамдар. Облыстық көпсалалы аурухана онкологиялық орталығының онкология блогының жетекшісі, торакалды хирург Жігер Дүйсенов өкпенің қатерлі ісігі жайында айтып берді.
– Жігер Ерғалиұлы, біздің өңір өкпе обыры таралуы бойынша елімізде бірінші орында келеді, оның себебі неде?
– Обырдың пайда болу себептері нақты анықталмаған. Десек те, қоршаған ортаның ластануы, ауаға өндірістік қалдықтардың, канцерогендердің, түтіннің таралуы зиянды әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе өндірістік кәсіпорындар шоғырланған аймақтарда статистика алаңдатарлық. Сондай-ақ өкпе обырының пайда болуына никотин де әсер етеді. Өкпе рагымен ауыратындардың басым бөлігі ерлер болуының себебі де – осы.
– Тәуекел тобына кімдер кіреді?
– Ең алдымен, темекі шегетіндер, сондай-ақ зиянды заттармен байланысы бар кәсіп иелері, өкпенің созылмалы аурулары – өкпе қабынуы, туберкулез, пневмосклероз, силикоз сияқты дерттері барлар, жасы 50-ден асқан ер адамдар. Әсіресе осы адамдар денсаулықтарына абай болулары қажет. Темекінің зияны, оны қазір, дәл бүгін тастау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Осы бір зиянды әдеттен құтылу сізді бірден тәуекел тобынан шығарар еді. Мен өзін осы тізімнен көрген адамдарға кемінде жылына бір рет өкпесіне рентгендік зерттеу жүргізуге кеңес беремін. Сондай-ақ қақырыққа мән беру керек, егер онда ұйыған қан болса, жедел түрде дәрігерге қаралған жөн. Ауыр жөтел пайда болып, түнде мазаны алса, дәрі-дәрмек көмектеспесе, кеуде тұсы ауырса, ыстығы көтеріліп, ентігіп, салмақ жоғалтса, міндетті түрде тез арада онкологқа көріну қажет.
– Соңғы жылдары өкпе обырына шалдыққандардың арасында өлім-жітім жағдайы жиілеп кетті. Бұл науқастардың дәрігерге өз уақытында қаралмағанының “нәтижесі” ме?
– Өкпе қатерлі ісігін алғашқы сатысында анықтау көрсеткіші өте төмен. Өкпе обырына шалдыққан сырқаттардың 80 пайызы онкологтарға ауруы әбден меңдегенде барады. Қатерлі ісікті ерте бастан анықтау мен емдеудің тиімділігі жоғары. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – дертті алғашқы сатысында анықтап, асқынып кетуіне жол бермеу. Алайда мұны сырқаттың көмегінсіз анықтау қиын, өйткені бастапқы кезеңде ауру бұғып, мазаны ала қоймайды.
Тағы бір қиындығы – өкпе обырының ерекше білгілері жоқ, ол басқа өкпе ауруларына ұқсас келеді. Сондай-ақ ісіктің қай жерде пайда болғаны да маңызды рөл атқарады. Мәселен, перифериялық обыр көп уақытқа дейін белгі бермейді, оны 60-80 пайызында тек флюорография арқылы ғана анықтауға болады. Ал өкпенің ортасында болса науқасты түнде құрғақ жөтел қысып, қан аралас қақырық түседі, кеудесі ауырып, ентігеді. Бұл белгілер дерт енді басталып жатқанда-ақ пайда болады. Сондықтан да, кеуде тұсы ауырып, өзіңізді жайсыз сезінген жағдайда тәуекел тобына жатпасаңыз да дәрігерге барып қаралған жөн. Обыр ауруымен күресте әр минут қымбат.
– Бұл дертті емдеудің жолдары қандай?
– Өкпе обыры басқа қатерлі ісіктер сияқты хирургиялық, сәулелі терапия және препараттармен емделеді. Ол аурудың түрі мен сатысына байланысты таңдалады. Соның ішіндегі ең нәтижелісі – хирургиялық тәсіл. Ота барысында ісік толық алынып, метастазалары жойылады. Қазіргі уақытта жасы 70-тен асқан сырқаттарға да мұндай оталар еш қиындықсыз жасалады. Химиотерапия мен сәулелік терапияның да өкпе обырымен күресте өз орны бар. Оны, әдетте, хирургиялық әдіспен бірге қолданады, бұл ота нәтижесін арттыра түседі. Егер қатерлі ісік жасушалары операциядан кейін қалып қойса немесе қатерлі ісік ауруы қайталануы мүмкін болса, химиотерапия немесе сәулелік терапияны ұсынуы мүмкін. Кей ісік түрлері дәрі-дәрмек пен сәулелік әсер ету арқылы емделеді. Десек те, онколог маманға дерті дендемей тұрып келгендердің тәуір болып кету мүмкіндігі жоғары.
– Біздің өңіріміздегі жағдайға тоқталсаңыз?
– Онкологиялық орталықта өкпе обырын ерте сатысында анықтау мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде былтыр 210 адам, биыл 10 айдың ішінде 156 сырқат диспансерлік есепке алынды. Қазіргі уақытта 400 адам дәрігерлердің бақылауында. Олардың 289-ы – ер адам, 111-і – әйел. Бірақ қатерлі ісіктің осы түрінен өлім-жітім жоғары. Былтыр 93 адам ауырып қайтыс болса, биыл ауруы асқынған 68 адамның өміріне араша түсе алмадық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.