«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ — АЛҒЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

БҰҰ-ның бастамасымен желтоқсанның 9-ы – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп белгіленген. Өңірімізде атаулы күнге байланысты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев және “AMANAT” партиясы филиалының атқарушы хатшысы, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

БҰҰ-ның мә­ліметтері бойынша әлемде жыл сайын берілетін параның көлемі бір триллион долларды құрайды екен. Ал жаһандық экономика сыбайлас жемқорлықтың салдарынан 2,6 трил­лион долларға зардап шегеді. Бұл қа­ражат әлем бойынша ішкі жалпы өнімнің бес пайызынан астамына тең. Елдердің дамуына тұсау болған қоғамдық індетпен күресте алдын алу жұмыстарының маңызы зор. Осы ретте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов жұмыстың жаңа тәсілі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейтуге бағытталғанын ерекше атап өтті.

– Бүгін залда біздің серіктестеріміз жиналды. Мен сіздердің барлық бастамаларыңызды, идеяларыңызды, ұсыныстарыңызды қуана қолдаймын. Тек бірігу арқылы ғана біз бұл әлеуметтік кеселге қарсы тұра аламыз, – деген Сергей Перов қоғам өкілдерін жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қосқан үлесі үшін грамоталар және арнайы сыйлықтармен марапаттап, белсенді азаматтық ұстаным көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан зор үлесі үшін мемлекеттік органдардың үш өкілі облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы.

СУРЕТТЕ: облыс әкімінің орынбасары С.Аблалиев Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлия Салтықованы марапаттауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp