Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев өзі басшылық етіп отырған ауданның жетістіктері, жүзеге асып жатқан тың жобалар жайлы баяндады. Аудан экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл құрғақшылыққа қарамастан, аудан диқандары 144 мың тонна астық жинаған. Өнімділік өткен жылмен салыстырғанда төменірек. Былтыр гектарынан 11 центнерден айналса, биылғы көрсеткіш – 10 центнер.
– Мал шаруашылығында өсім бар. Тірі салмақта 4 мың тонна ет, 44 мың тонна сүт өндірілді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері, шаруашылықтар 3000 бас асылтұқымды ірі қара сатып алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық, – деді Қайрат Пішенбаев.
Ауданда бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл екі округте құны 12 млрд. теңге болатын үш жаңа тауарлысүт фермасының құрылысы басталды. Кішкенекөл ауылындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік қожалығындағы ферма 1224 басқа арналған. Ақбұлақ ауылындағы “Олжа Атамекен” және “JALAYR agrofoods” серіктестіктерінің әрқайсысы 1300 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысын бастап кетті. Бұл нысандардың ашылуы келер жылдың еншісінде. 78 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Аудан әкімі игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқын ала бастағанын атап өтті. Жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 54,5 мың гектар бос жатқан жер аудан қорына қайтарылған. Сондай-ақ егістік алқаптарды цифрландыру жоспары 67 пайызға орындалыпты.
Қайрат Пішенбаевтың сөзіне қарағанда, көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы екі жылда айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Автомобиль жолдарының желісі – 704 километр. Соның 74 километрі республикалық трасса болса, 223 километрі – облыстық, 407 километрі аудандық маңызға ие. Кішкенекөл ауылының ішіндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оған өткен екі жылға 500 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал келесі жылы тағы 598 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жалғасады.
Қулыкөл ауылында да дәл осындай жөндеу жұмыстары үшін биыл 50 млн. теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. 2023 жылға 35 шақырымнан асатын облыстық маңызға ие Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл жолын жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ Бидайық ауылындағы 5 шақырым ішкі жолды орташа жөндеуге 389 млн. теңге бөлінбек.
– Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – Ақжар ауданының Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі республикалық маңызға ие жолды күрделі жөндеуден өткізу. Жобалық-сметалық құжат әзірленді, мемлекеттік сараптама жүргізілді, – деді аудан әкімі.
Уәлихановтықтардың 95 пайызы сапалы ауызсумен қамтылғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы 36 миллион теңгеге Қулыкөл мен Қаратал ауылдарындағы тарату желілері жөнделіп, Қаратал ауылындағы 60-тан астам тұрғын суды үйлеріне дейін тартып алған. Сондай-ақ елді мекенде су мұнарасын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіпті.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Стоматологиялық қондырғы, электрокардиограф, дефибриллятор сатып алуға жалпы сомасы 16 млн. теңге жұмсалған. Саладағы басты мәселе – кадр тапшылығы да ойдағыдай шешілуде. Жыл басынан бастап ауданға 8 дәрігер, 4 орта медициналық маман келген. Енді кардиолог, онколог, дерматолог, стоматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар тапшы.
Мәдениет саласында да жаңалықтар жоқ емес, соңғы үш жылда ауданда 4 жаңа клуб және 1 кітапхана ашылып, рухани ошақтардың жалпы саны 36-ға жеткен. Жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу, материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қулыкөл ауылындағы клубқа күрделі жөндеу жасауға облыстық бюджеттен 52 млн. теңге бөлінген.
Әкім өз баяндамасында ауданда 6 мыңнан астам адам спортпен шұғылданатынын мақтанышпен жеткізді. Бұл барлық тұрғындардың 40,6 пайызын құрайды. Қазірдің өзінде 149 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Кішкенекөлдегі жабық мұз айдынының құрылысы келесі жылы аяқталады. Көздеген жобалар іске асса, бұқаралық спортпен айналысушылардың санын одан да арттыруға мүмкіндік бар.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.