«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өкпе обыры ерлерге үйір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде өкпе обырымен ауыратын 400 адам диспансерлік есепте тұр. Сырқаттанғандардың шамамен төрттен үші – ер адамдар. Облыстық көпсалалы аурухана онкологиялық орталы­ғының онкология блогының жетекшісі, торакалды хирург Жігер Дүйсенов өкпенің қатерлі ісігі жайында айтып берді.

– Жігер Ерғалиұлы, біздің өңір өкпе обы­ры таралуы бойынша елімізде бірінші орында келеді, оның себе­бі неде?

– Обырдың пайда болу себептері нақты анықталмаған. Десек те, қор­шаған ортаның ластануы, ауаға өнді­рістік қалдықтардың, канцерогендер­дің, түтіннің таралуы зиянды әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе өндіріс­тік кәсіпорындар шоғырланған ай­мақ­тарда статистика алаңдатарлық. Сондай-ақ өкпе обырының пайда болуына никотин де әсер етеді. Өкпе рагымен ауыратындардың басым бөлігі ерлер болуының себебі де – осы.

– Тәуекел тобына кімдер кіре­ді?

– Ең алдымен, темекі шегетіндер, сондай-ақ зиянды заттармен байла­нысы бар кәсіп иелері, өкпенің созыл­малы аурулары – өкпе қабынуы, туберкулез, пневмосклероз, силикоз сияқты дерттері барлар, жасы 50-ден асқан ер адамдар. Әсіресе осы адам­дар денсаулықтарына абай болула­ры қажет. Темекінің зияны, оны қазір, дәл бүгін тастау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Осы бір зиянды әдеттен құтылу сізді бірден тәуекел тобынан шығарар еді. Мен өзін осы тізімнен көрген адамдарға кемінде жылына бір рет өкпесіне рентгендік зерттеу жүргізуге кеңес беремін. Сондай-ақ қақырыққа мән беру керек, егер онда ұйыған қан болса, жедел түрде дәрі­герге қаралған жөн. Ауыр жөтел пай­да болып, түнде мазаны алса, дәрі-дәрмек көмектеспесе, кеуде тұсы ауырса, ыстығы көтеріліп, ентігіп, сал­мақ жоғалтса, міндетті түрде тез ара­да онкологқа көріну қажет.

– Соңғы жылдары өкпе обы­ры­на шалдыққандардың ара­сын­да өлім-жітім жағдайы жиілеп кет­ті. Бұл науқастардың дәрігерге өз уақытында қаралмағанының “нә­тижесі” ме?

– Өкпе қатерлі ісігін алғашқы са­тысында анықтау көрсеткіші өте төмен. Өкпе обырына шалдыққан сыр­қат­­тардың 80 пайызы онко­лог­тарға ауруы әбден меңдегенде бара­ды. Қатерлі ісікті ерте бастан анықтау мен емдеудің тиімділігі жоғары. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі – дертті алғашқы сатысында анықтап, асқынып кетуіне жол бермеу. Алайда мұны сырқаттың көмегінсіз анықтау қиын, өйткені бастапқы кезеңде ауру бұғып, мазаны ала қоймайды.

Тағы бір қиындығы – өкпе обы­рының ерекше білгілері жоқ, ол басқа өкпе ауруларына ұқсас келеді. Сон­дай-ақ ісіктің қай жерде пайда бол­ғаны да маңызды рөл атқарады. Мәселен, перифериялық обыр көп уақытқа дейін белгі бермейді, оны 60-80 пайызында тек флюорография арқылы ғана анықтауға болады. Ал өкпенің ортасында болса науқасты түнде құрғақ жөтел қысып, қан ара­лас қақырық түседі, кеудесі ауырып, ентігеді. Бұл белгілер дерт енді бас­талып жатқанда-ақ пайда болады. Сондықтан да, кеуде тұсы ауырып, өзіңізді жайсыз сезінген жағдайда тәуекел тобына жатпасаңыз да дә­рігерге барып қаралған жөн. Обыр ауруымен күресте әр минут қымбат.

– Бұл дертті емдеудің жолдары қандай?

– Өкпе обыры басқа қатерлі ісік­тер сияқты хирургиялық, сәулелі те­рапия және препараттармен емде­леді. Ол аурудың түрі мен сатысына байланысты таңдалады. Соның ішін­дегі ең нәтижелісі – хирургиялық тә­сіл. Ота барысында ісік толық алы­нып, метастазалары жойылады. Қа­зіргі уақытта жасы 70-тен асқан сыр­қаттарға да мұндай оталар еш қиын­дық­сыз жасалады. Химиотерапия мен сәулелік терапияның да өкпе обырымен күресте өз орны бар. Оны, әдетте, хирургиялық әдіспен бірге қолданады, бұл ота нәтижесін арт­тыра түседі. Егер қатерлі ісік жасуша­лары операциядан кейін қалып қойса немесе қатерлі ісік ауруы қайталануы мүмкін болса, химиотерапия немесе сәулелік терапияны ұсынуы мүмкін. Кей ісік түрлері дәрі-дәрмек пен сәу­ле­лік әсер ету арқылы емделеді. Де­сек те, онколог маманға дерті дендемей тұрып келгендердің тәуір болып кету мүмкіндігі жоғары.

– Біздің өңіріміздегі жағдайға тоқталсаңыз?

– Онкологиялық орталықта өкпе обырын ерте сатысында анықтау мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Нәтижесінде былтыр 210 адам, биыл 10 айдың ішінде 156 сыр­қат диспансерлік есепке алынды. Қа­зіргі уақытта 400 адам дәрігерлердің бақылауында. Олардың 289-ы – ер адам, 111-і – әйел. Бірақ қатерлі ісік­тің осы түрінен өлім-жітім жоғары. Былтыр 93 адам ауырып қайтыс бол­са, биыл ауруы асқынған 68 адамның өміріне араша түсе алмадық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp