«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ТАУАРЛЫ-СҮТ ФЕРМАСЫ САЛЫНУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев өзі басшылық етіп отырған ауданның жетістіктері, жүзеге асып жатқан тың жобалар жайлы баяндады. Аудан экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл құрғақшылыққа қарамастан, аудан диқандары 144 мың тонна астық жинаған. Өнімділік өткен жылмен салыстырғанда төменірек. Былтыр гектарынан 11 центнерден айналса, биылғы көрсеткіш – 10 центнер.

– Мал шаруашылығында өсім бар. Тірі салмақта 4 мың тонна ет, 44 мың тонна сүт өндірілді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері, шаруашылықтар 3000 бас асылтұқымды ірі қара сатып алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық, – деді Қайрат Пішенбаев.

Ауданда бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл екі округте құны 12 млрд. теңге болатын үш жаңа тауарлысүт фермасының құрылысы басталды. Кішкенекөл ауылындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік қожалығындағы ферма 1224 басқа арналған. Ақбұлақ ауылындағы “Олжа Атамекен” және “JALAYR agrofoods” серіктестіктерінің әрқайсысы 1300 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысын бастап кетті. Бұл нысандардың ашылуы келер жылдың еншісінде. 78 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Аудан әкімі игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқын ала бастағанын атап өтті. Жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 54,5 мың гектар бос жатқан жер аудан қорына қайтарылған. Сондай-ақ егістік алқаптарды цифрландыру жоспары 67 пайызға орындалыпты.

Қайрат Пішенбаевтың сөзіне қарағанда, көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы екі жылда айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Автомобиль жолдарының желісі – 704 километр. Соның 74 километрі республикалық трасса болса, 223 километрі – облыстық, 407 километрі аудандық маңызға ие. Кішкенекөл ауылының ішіндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оған өткен екі жылға 500 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал келесі жылы тағы 598 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жалғасады.

Қулыкөл ауылында да дәл осын­дай жөндеу жұмыстары үшін биыл 50 млн. теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. 2023 жылға 35 шақы­рымнан асатын облыстық маңызға ие Өнді­ріс – Жұмысшы – Мырзағұл жолын жөндеу жоспарлануда. Сон­дай-ақ Би­дайық ауылындағы 5 шақы­рым ішкі жолды орташа жөндеуге 389 млн. теңге бөлінбек.

– Бүгінгі күннің өзекті мәселеле­рінің бірі – Ақжар ауданының Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі рес­публикалық маңызға ие жолды күрделі жөндеуден өткізу. Жобалық-сметалық құжат әзірленді, мемле­кеттік сараптама жүргізілді, – деді аудан әкімі.

Уәлихановтықтардың 95 пайы­зы сапалы ауызсумен қамтылғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы 36 мил­лион теңгеге Қулыкөл мен Қара­тал ауылдарындағы тарату желіле­рі жөн­деліп, Қаратал ауылындағы 60-тан астам тұрғын суды үйлеріне дейін тартып алған. Сондай-ақ елді мекенде су мұнарасын салу үшін жо­балық-сметалық құжат әзірленіпті.

Медициналық ұйымдардың ма­те­риалдық-техникалық базасын жақ­сарту бойынша жұмыстар жалға­су­да. Стоматологиялық қондырғы, электрокардиограф, дефибрилля­тор сатып алуға жалпы сомасы 16 млн. теңге жұмсалған. Саладағы бас­ты мәселе – кадр тапшылығы да ойдағыдай шешілуде. Жыл басы­нан бастап ауданға 8 дәрігер, 4 орта ме­дициналық маман келген. Енді кар­­диолог, онколог, дерматолог, стома­толог, акушер-гинеколог сияқ­ты ма­ман­дар тапшы.

Мәдениет саласында да жаңа­лық­тар жоқ емес, соңғы үш жылда ау­данда 4 жаңа клуб және 1 кітап­хана ашылып, рухани ошақтардың жалпы саны 36-ға жеткен. Жыл сайын жөн­деу жұмыстарын жүргізу, материал­дық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Қулы­көл ауылындағы клубқа күрделі жөн­деу жасауға облыстық бюджеттен 52 млн. теңге бөлінген.

Әкім өз баяндамасында аудан­да 6 мыңнан астам адам спортпен шұ­ғылданатынын мақтанышпен жет­кіз­­ді. Бұл барлық тұрғындардың 40,6 пайызын құрайды. Қазірдің өзін­де 149 спорт нысаны жұмыс іс­теп тұр. Кішкенекөлдегі жабық мұз айдыны­ның құрылысы келесі жылы аяқта­ла­ды. Көздеген жобалар іске асса, бұ­қаралық спортпен айналы­су­шы­лардың санын одан да арт­тыруға мүм­­кіндік бар.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp