Петропавлда 47 жастағы ер адам құрылыс алаңында жоғарыдан құлап кетіп, ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды. Оқыс оқиға 5 желтоқсан күні болғанымен, ол тек 8 күннен кейін ғана көпшілікке жария болып отыр. Қаза тапқан Қалел Мәденовтің ағасы Еркебұланның айтуынша, кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін.
Облыс орталығындағы Чкалов – Уәлиханов – Мүсірепов – Назарбаев көшелерінің түйіскен тұсында 126 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Оқиға осы құрылыс алаңында сағат 15:30 шамасында болған.
“Құрылыс алаңында қауіпсіздік техникасы сақталмаған. Тас қалаушының сатысы зауытта шығарылған және сертификатталған болуы тиіс. Ал менің інім жұмыс істеген саты әбден тот басқан. Құлап бара жатып, темір қауғадан ұстап қалмақ болады, алайда ол басына түскен. Дәрігерлер үш рет ота жасады, бірақ өміріне араша түсе алмады. “Құрылыс-Сервис-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері көңіл де айтпады”, – дейді Еркебұлан Мәденов.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы осы оқиғаға қатысты түсінік берді.
“Қайтыс болған ер адам плита жабындысының үстіне түскен. “Құрылыс-Сервис-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры инспекцияға жазатайым оқиға туралы хабарлама берді. Қайтыс болған Мәденов пен “Құрылыс-Сервис-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалғандықтан, бұл құқықтық қатынастар Азаматтық кодекс аясында реттеледі. Бұл жазатайым оқиға Еңбек кодексінде көзделген арнайы тергеуге жатпайды”, – деп жауап берді мемлекеттік еңбек инспекторлары. Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, істің мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.