«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТЕГІ АЙЫҚПАС ЖАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында еліміздің ең басты құндылы­ғы еге­­мендік екенін айрықша атап көрсетіп, тарихымыздың ақ­таңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жат­қанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауап­кер­шілікпен қарау қажеттігін, жалпы тарихи зерт­теулерді ұраншылдық пен даңғазасыз жүргізудің дұ­рыстығын еске сал­ды. Өткенімізге көз жүгіртсек, әр буынның белгілі бір сынақ­ты бастан өткеретіні табиғи заңдылық па деп қаласың. Та­ри­хы­мызға үлкен әріптермен өшпейтіндей болып жазылып қал­ған әй­гілі Желтоқсан оқиғасына биыл 36 жыл толып отыр. Пре­зи­дент осы мақаласында 1986 жылы өрімдей ұл-қыз­да­ры­мыздың Кеңес одағының қаhарынан қаймықпай ұлт намы­сы үшін алаңға шық­қанын, осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуел­сіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор екенін, сон­дықтан азаттықтың алғаш­қы қарлығаштары – Желтоқ­сан қаhарман­дарының азамат­тық ерлігі лайықты баға­сын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек екеніне, шы­найы пат­риоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсізді­гімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

Егеменді ел болу оны жариялау­мен болмаса мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Осындайда ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің жасам­паздық құдыреттілігін санаға сіңіріп, ойға тоқуда, патриоттық рухымызды асқақтатуда тарихтан тәлім ала бі­лу­дің мәні айрықша. Арада қаншама жылдар өтсе де, бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы республикалар арасынан әміршіл-әкімшіл жүйеге бірінші болып қарсы шыққан қазақ жастарының 1986 жылғы қозғалысы еш ұмытылмасы, керісінше, жаңғырып, мазмұны жағынан байып, то­лы­ға түсері анық. Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Ұлттық құрылтайда сөйле­ген сөзінде ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға, өткенге лайықты баға берілмесе, еліміздің шынайы тарихы жазылмайтынына, мұндай­да жақын болашақтан үміт күтудің өзі қиын екеніне, осы себепті жады­ны жаңғыртуда үйлесімді саясаттың болуына үлкен назар аударды. Осы­ған орай ұлттық мерекелер мен атау­лы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. 1990 жылы 25 қа­занда Қазақстанның Егемендігі ту­ра­лы декларация қабылданып, жұрт­шылық бұл күнді еліміздің тә­уел­сіздік жолындағы тұңғыш қада­мы ретінде бағаласа, белгісіз себеп­термен атаусыз қалып, 13 жыл бойы ескерілмей келген Республика күніне ұлттық мереке мәр­тебесі берілгенде өшкеніміз жан­ғандай, өлгеніміз тірілгендей күй кеш­тік. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік кү­ні мем­лекеттік мереке санатында қал­ғанымен, бұдан былай тәуелсіз­дік алуға зор үлес қосқан батырла­ры­мызға тағзым күні ретінде кеңінен атап өтілетін болады.

Мемлекеттік мерекелер ішінде ең ұлығы саналатын осы күнді ата-ба­баларымыз ғасырлар бойы ар­ман­дады. Біз, шын мәнінде, ба­қытты ұрпақпыз. Әлемдік қоғамдас­тық таныған елде өмір сүріп жатыр­мыз. Жү­рекке жарық сәуле түсіретін, көкейге жылылық себелейтін еге­мендік, азаттық деген тәтті ұғымдар айтуға оңай болғанымен, оған жету жол­дары тар жол, тайғақ кешуге, азапты асуларға, бейнетті белес­терге толы екенін мен өз тәжіри­бем­нен жақсы білемін. Желтоқсан оқи­ғасы менің тағ­дырымды да күрт өз­гертіп, мүл­дем басқа арнаға бұрып жіберді. Ал­маты маңында орналас­қан КИЗ ша­руашылығына білім же­тілдіру кур­сы­на баруым 1986 жылғы желтоқ­санның ызғарлы күндерімен, сақыл­даған сары аязымен тұспа-тұс келді. 16 желтоқсан күні Қазақстан компар­тия­сы орталық комитетінің пленумы өтіп, Д. Қонаевтың орнына сырттан келген, ешкім білмейтін адамның та­ғайындалуы менің де қанымды қа­рай­тып, намысымды оятты. Сөйтіп, өзімді қоярға жер таппай жүргенімде ертеңіне барлық тыңдаушылардың қатысуымен пар­тия жиналысы өтіп, сөйлеушілер Брежнев алаңына жи­налып, қарсы­лықтарын ашық білдір­ген, егеменді ел боламын деп шарқ ұрған жас­тарды “нашақорлар, мас­кү­немдер, бұ­зақылар, ұлтшылдар” деген сияқ­ты небір жамандаулармен “масқа­ралап” жатты. Кім сөй­лей­ді дегенде орнымнан атып тұ­рып, іштегі шерімді ақтардым. Айып­таулармен мүл­дем келіспейтінімді, қазақ жастары ондай теріс әрекет­тер­ге бармайты­нын кесіп айттым. Жи­налыс жүр­гізуші менен мұндай қарсылықты күтпеген болу керек, қапелімде не айтарын білмей қолын сілтеп “отыр, отыр” дей берді. Сол күні Мәскеудің әкімшіл-әміршіл өк­темдігіне бейбіт түрде қарсы шығып, оның ақыры қызыл қанға боялғанын естіп, тіпті зығырда­нымыз қайнады. Ұзын сөздің қысқасы, іссапардан оралып, жұмысыма кірісе бергенім сол, төбеме қара бұлт үйіріліп, күліп-ойнап жүрген жолдастарымның көбі менен теріс айналды. Не керек, ұлт­тар арасына іріткі салушы ретінде айыпталып, партия қатарынан алас­татып тынды.

Айтпағым бұл емес. Қазақ хал­қы­ның тарихында да, өмірінде де өш­­пес із, ұмытылмас белгі қалдыр­ған қазақтың өрімдей ұл-қыздарының мұқалмас саяси ерік-жігерінің, арман-тілегінің, қайсар мінезінің әлі күнге дейін бағаланбай жүргені жа­ныма батады. “Тау алыстаған сайын биіктей түседі” демекші, уақыт алға қанша озса да, ерен ерлік ешқашан ескір­мек емес. 1986 жылғы желтоқ­сан­­ның ызғарлы кешінде Мәскеудің бір орталықтан басқарған өктемдігі­не бейбіт түрде қарсылық білдіргені үшін жастардың саяси құқығы аяу­сыз жаншылды. Небәрі 18 минутқа ғана созылған Қазақстан компартия­сы орталық комитетінің шешімімен ке­ліспеген мыңдаған студент-жұ­мысшылар бұрынғы Брежнев, қазір­гі Желтоқсан алаңына жиналып, екі күн бойы ұлттық рухтың биік үлгісін көрсетті. Олардың ашық наразылық білдіруіне бірінші хатшылыққа ешкім білмейтін Колбин деген келімсектің халықты қорлайтындай түрде та­ға­йын­далуы түрткі болғанымен, оның арғы жағында рухани да, әлеуметтік те, экономикалық та езгіге түскен, қа­зақ халқын “екінші сортқа” айнал­дыр­ған империялық, отаршылдық үстемдікпен жүргізілген ұлт саяса­ты­на қарсы дүниені дүр сілкіндірген жойқын бұлқыныс, есіктен төрге оза алмай, босағада қалған тіл, діл, ел мүдделері жатқан еді.

“Правда” мен “Известиядан” бас­тап, өтірікті шындай, ақсақты тың­дай етіп, “араққа, есірткіге уланған, сана-сезімі төмен қазақ жастары” жай­лы жарыса жазып жатты.

Керісінше, шетелдік басылым­дар мен демократиялық күштер әмір­шіл-әкімшіл режімнің әперба­қан, асыра сілтеу саясатын ашық айыптап, қазақ жастарына араша, сүйеніш, таяныш болуға ұмтылға­нын қазіргі жастар біле бермейді. Ол кездері сырт түгіл ішкі ақпаратқа толыққан­ды қанығу мүмкін еместі. Алғашқылардың қатарында Вен­грия және Польша зиялылары үн қосып, Қайрат Рысқұлбековті өлім жазасы­на кесуге ашық қарсылық білдірді. КСРО үкіметіне 2 рет ресми мәлім­деме жасады. “18 жастағы ба­лаға (Қ. Рысқұлбековті айтып отыр) мұндай жазаның қолданылуы, оны советтік академиялық заң жүйесінің мақұл­дауы – біз үшін ақылға сый­майтын іс. Бұл – тым асығыс әрі мо­ральдық азғын үкім болып табыла­ды”, – делінген мәлімдемеде. Оған Но­бель сыйлығының лауреаты Лех Ва­ленса бастаған 70 адам қол қойған. Мәлімдемені “Польша Пресс Агент­тігі” төрткүл дүниеге тарат­қан. Ма­жарстанда (Венгрия) 41 адам қол қой­ған мәлімдемеде Ке­ңес одағы жоғарғы кеңесінің төрағасы А.Гро­мы­кодан орыстар өлім жаза­сына кескен қазақ жасына ке­шірім жасау талап етілген. АҚШ-тың пре­зиденті Р.Рейган “Езілуші ұлт­тар” аптасына байланысты жария­ла­ған мәлімде­меде адам құқықта­ры және тәуел­сіздік үшін күрескен халықтар сана­тында қазақтарды” ерекше атап көр­сеткен. Батыс Гер­манияда­ғы Түркі елі комитеті “Бұл студенттің қыл­мы­сы бар болса, ол азаттық пен еге­мен­дікке ұмтылыс қана, оның жан­кешті әрекетінің сыр-сипаты бей­мә­лім қалған”, – деген көз­қарасын біл­дірген. КСРО басшылы­ғы дүние­жү­зілік демократиялық күш­термен са­насуға мәжбүр болды. Өлім жазасы 20 жыл бас бостанды­ғынан айыру­мен алмастырылғаны­мен, Қай­рат түрмеде Власов деген бас­бұ­зардың қолынан қаза тапты. Ж.Мол­даға­лиев, С.Зиманов, С.Шай­­­­мерденов, М.Есенәлиев, М.Ша­ханов, Б.Қой­шыбаев, тағы бас­қа көрнекті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткер­лерінің жастар­ға араша түскен ой-толғамдары да қо­ғамдық пікірлерге зор қозғау салды.

Алматыдағы наразылық толқу­лары еліміздің басқа өңірлерін де қамтып, үлкенді-кішілі 14 қалада түрлі шерулер ұйымдастырылды. Ден­і күшпен, қорқытып-үркітумен таратылды. Негізгі ошағы “қа­зақ­тың астанасы, орыстың баспа­на­сы, ұйғырдың асханасы” атанған Ал­маты болды. Ол заңды еді. Жо­ғары оқу орындарының да, қазақ жаста­рының да, зиялы қауымның да көбі осында шоғырланған­дықтан, өз елінде, өз жерінде тұрса да, ана тілінен, ұлттық құндылық­тардан айырылып, өгейліктің күнін кешу арқаларына аяздай бататын. Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңес өкі­меті­не қарсы 400-ге жақын толқулар болып, 80 мыңдай адам қатысқан. Қолдан жасалған аштықтан, індетті ау­рулардан 2 миллионнан астам қа­зақ қырылған. 1,5 миллиондайы ше­тел ауып кеткен. Сталиндік репрес­сия кезінде 25 мың адам атылған, 120 мыңдайы итжеккенге айдалған. Тың игеру жылдары ата-бабаның тарихи қонысында 26 пайыздай ғана тұрғылықты халық қалған. 16 желтоқсан күнгі Пленум көп жылдар бойы іште жасырынып келген бітеу жараның аузын ашты.

Енді бейбіт сипаттағы жиын неге көтеріліске айналып кетті де­ген сауал төңірегінде бірер сөз. Алаң­да тұрған жастарға алдымен қару кезеген әскер мен милиция бол­ды. Жарлық Мәскеуден келді. Онда­ғылардың бойын қазақ “қой сияқты жуас, момын, көнбіс, не айтсақ та тың­дайды, орындайды, мыңқ ет­пей­ді” деген империялық астамшы­лық әбден дендеп, көздерін шел басқан еді. Ол кездері, шынын айт­сақ, компартияның шешіміне қарсы шығу аждаhаның аузына түскенмен бірдей еді. Оқиғаның дәл бұлайша өрістеп, басқа арнада ширығуын ешкім күтпеді. Горбачев, Соломен­цев сияқты ұр да жық, ожар басшы­лар шовинистік мінездеріне басып, “нашақорлар мен маскүнемдерді” жөнге салуға әмір етті. Сол-ақ екен, “бассыздықты” жойып, қоғамдық тәртіпті “қалпына келтіру” мақса­тымен алдын ала ойластырылған “Құйын” операциясы қанды қасапты бастап кеп жіберді. Милиция, ішкі әскер жауынгерлері, “алдыңғы қа­тарлы” жұмысшы жасақтары сапер күректерімен, темір белдіктермен қаруландырылды. Өрт сөндіретін машиналар жұмылдырылып, суық сумен атқылады. Жастар күш алып бара жатқаннан кейін Қырғызстан­нан, Ресейдің 8 қаласынан арнайы әскери құрамалар жеткізілді. Әрлі-берлі сеңдей соғылысқан жалаңаш қолды топ мұздай қаруланған әс­керге екі күн бойы қайрат көрсетіп бақты. Олардың шынайы елдік, ұлт­тық республика, дербес мемле­кет болуға әрекеттенген үміт-арманда­ры айуандықпен жанышталды. То­лық емес мәліметтерге қарағанда, 20 мыңдай адам ұсталып, қамал­ған. 10 мыңға жуық адам түрлі дене жа­рақатын алған. 120 адам соттал­ған. Рухы мықты жас ұрпақ шыбын жанын шүберекке түйіп, ашық ай­қасқа шықты. “Өзекті жанға – бір өлім” деп өзара серттесті, анттасты. Ақ қар қызыл қанға боялды. Ленин­дік ұлт саясатын қолдаған ұрандар мен плакаттар аяққа тапталды. Түрмелердегі ұрып-соғу, азаптау, оқудан, комсомолдан шығару нау­қандары талай жазықсыз жанды торғайша шырылдатты.

Желтоқсан ызғары Қызылжар өңірін де оттай шарпыды. Солтүс­тік­қазақстандық жерлестеріміз ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресте толқулардың алғы шебінен көріне білді. Олардың дені Алматы, Қарағанды секілді іргелі қа­лаларда оқып жүріп, сын сағаттар­да сыр бермеді. Солардың бірі – Алматы сәулет және құрылыс инс­титуты­ның бірінші курс студенті Нұр­жан Қалиасқаров оқу орны басшы­ларының қысымына қарамастан, өзі теңдес жастарға қосылып, екі күн бойы алаңнан табылған. Жап­пай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соқ­қы алған. Алматыдағы қоғамға қар­сы бейберекетсіз іс-әрекетке қа­тысқаны үшін “кеңестік студентке лайықсыз” деп табылып, оқудан, ком­сомолдан шығарылған. Кейін ал­ған жарақаты асқынып, 1994 жылы небәрі 28 жасында қайтыс болған. Қазір оны облыс жұртшылығы жақ­сы біледі. Нұржанның есімі Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Са­бира Мұхамед­жанова сықылды за­мандастары­мен қатар аталады. 1996 жылдан бері оның атында қор құрылып, во­лейболдан еске алу турнирі жүйелі түрде өткізіліп келе­ді. Облыстық әкімдіктің қолдауымен денешынық­тыру және спорт бас­қар­масының күнтізбелік іс-шаралар тізбесіне енгізілді. Мектептерде, кі­тапхана­лар­да, колледждерде қоғамдық-сая­си, тақырыптық кештер, “дөңге­лек үстелдер” ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Н.Қалиас­қа­ров атын­да­ғы “Желтоқсан” қоғам­дық қоры (жетекшісі Ө.Есқали) мен “Желтоқ­сан ақиқаты” республика­лық қоғам­дық бірлестігінің жергілікті филиалы (төрағасы Б. Қажымов) бірлесе оты­рып, Нұржан бауыры­мыз оқы­ған Ти­мирязев ауданы Ақ­суат мектебінің қабырғасына мемо­риалдық тақта­ның орнатылуына ұйытқы болды. “Желтоқсан” қоғамдық қоры дерек­терді тынымсыз іздестіру барысын­да Петропавл­дағы еңбекпен түзету мекемесіне 4 желтоқсаншының этаппен әкелін­генін анықтады. Олар – атыраулық Алик Мұзафаров, жамбылдық Бақ­тыбек Иманғожаев, алматылық Ержан Мәлібеков және көкшетау­лық Қайыргелді Күзем­баев. Әрқай­сысы 3,5 жылдан 14 жыл­ға дейін бас бостандығынан айрылып, жаза­ның 8 айын осында өтеген. Мекеме бастығының орын­басары Еркебұ­лан Бектұров кей дә­рігерлердің емдеуден бас тартқан қарсылығына қарамастан тұрақты ем-дом алу­ларына көмектескен. Бүгінде 40-қа жуық солтүстікқазақ­стандық жел­тоқ­саншы жайлы мәліметтер жи­нақ­талып қалды. Әскери қызметкер Боташ Қажымов 7 жыл бойы те­пе­ріш көрген. Оқудан шеттетілген, дене жарақатын алған Қайрат Ос­панов – қанды қырғын куәгерлерінің бірі. Боташ Дайыров, Нүркен Тө­ле­ков сотталса, Дулат Ғабдуллин, Бағ­дат Мұқанова, Қанат Асқаров, Шо­қан Балтабаев (мар­құм), Ләззат Са­парова, Жанна Дос­полова, Еділ Қо­жабеков, Айгүл Тұр­сынбаева, Жа­нат Ахметов, тағы бас­қалары да жа­задан құтылмаған. Мұның өзі әлі то­лық тізім емес. Іздестіру жұмыста­ры­ның жалғаса түсері күмәнсіз.

Десек те, сын сағатта сыр бер­меген батыр оғландарды ұлықтау, есте қалдыру жайы әлі де көңіл көншітпейді. Кезінде “Желтоқсан” қоғамдық қорының Петропавл қа­ласындағы бір мектепке Нұр­жан­ның атын беру туралы ұсынысын көпшілік бірауыздан қолдап, шешім алғанымен, қалалық ономастика комиссиясы белгісіз себептермен кері қайтарған болатын. Бір көшені Желтоқсан боздақтары деп атау жайлы бастама да қағаз жүзінде қалып отыр. Есіл ерлерге арнап облыс орталығында бір ескерткіш-белгі қойылса, артықтық етпес еді.

Дүйсенбай ҚҰРМАШЕВ,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp