Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында еліміздің ең басты құндылығы егемендік екенін айрықша атап көрсетіп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарау қажеттігін, жалпы тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз жүргізудің дұрыстығын еске салды. Өткенімізге көз жүгіртсек, әр буынның белгілі бір сынақты бастан өткеретіні табиғи заңдылық па деп қаласың. Тарихымызға үлкен әріптермен өшпейтіндей болып жазылып қалған әйгілі Желтоқсан оқиғасына биыл 36 жыл толып отыр. Президент осы мақаласында 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыздың Кеңес одағының қаhарынан қаймықпай ұлт намысы үшін алаңға шыққанын, осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор екенін, сондықтан азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаhармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек екеніне, шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
Егеменді ел болу оны жариялаумен болмаса мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Осындайда ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің жасампаздық құдыреттілігін санаға сіңіріп, ойға тоқуда, патриоттық рухымызды асқақтатуда тарихтан тәлім ала білудің мәні айрықша. Арада қаншама жылдар өтсе де, бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы республикалар арасынан әміршіл-әкімшіл жүйеге бірінші болып қарсы шыққан қазақ жастарының 1986 жылғы қозғалысы еш ұмытылмасы, керісінше, жаңғырып, мазмұны жағынан байып, толыға түсері анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға, өткенге лайықты баға берілмесе, еліміздің шынайы тарихы жазылмайтынына, мұндайда жақын болашақтан үміт күтудің өзі қиын екеніне, осы себепті жадыны жаңғыртуда үйлесімді саясаттың болуына үлкен назар аударды. Осыған орай ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданып, жұртшылық бұл күнді еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы ретінде бағаласа, белгісіз себептермен атаусыз қалып, 13 жыл бойы ескерілмей келген Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілгенде өшкеніміз жанғандай, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке санатында қалғанымен, бұдан былай тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан батырларымызға тағзым күні ретінде кеңінен атап өтілетін болады.
Мемлекеттік мерекелер ішінде ең ұлығы саналатын осы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандады. Біз, шын мәнінде, бақытты ұрпақпыз. Әлемдік қоғамдастық таныған елде өмір сүріп жатырмыз. Жүрекке жарық сәуле түсіретін, көкейге жылылық себелейтін егемендік, азаттық деген тәтті ұғымдар айтуға оңай болғанымен, оған жету жолдары тар жол, тайғақ кешуге, азапты асуларға, бейнетті белестерге толы екенін мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Желтоқсан оқиғасы менің тағдырымды да күрт өзгертіп, мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Алматы маңында орналасқан КИЗ шаруашылығына білім жетілдіру курсына баруым 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы күндерімен, сақылдаған сары аязымен тұспа-тұс келді. 16 желтоқсан күні Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы өтіп, Д. Қонаевтың орнына сырттан келген, ешкім білмейтін адамның тағайындалуы менің де қанымды қарайтып, намысымды оятты. Сөйтіп, өзімді қоярға жер таппай жүргенімде ертеңіне барлық тыңдаушылардың қатысуымен партия жиналысы өтіп, сөйлеушілер Брежнев алаңына жиналып, қарсылықтарын ашық білдірген, егеменді ел боламын деп шарқ ұрған жастарды “нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар, ұлтшылдар” деген сияқты небір жамандаулармен “масқаралап” жатты. Кім сөйлейді дегенде орнымнан атып тұрып, іштегі шерімді ақтардым. Айыптаулармен мүлдем келіспейтінімді, қазақ жастары ондай теріс әрекеттерге бармайтынын кесіп айттым. Жиналыс жүргізуші менен мұндай қарсылықты күтпеген болу керек, қапелімде не айтарын білмей қолын сілтеп “отыр, отыр” дей берді. Сол күні Мәскеудің әкімшіл-әміршіл өктемдігіне бейбіт түрде қарсы шығып, оның ақыры қызыл қанға боялғанын естіп, тіпті зығырданымыз қайнады. Ұзын сөздің қысқасы, іссапардан оралып, жұмысыма кірісе бергенім сол, төбеме қара бұлт үйіріліп, күліп-ойнап жүрген жолдастарымның көбі менен теріс айналды. Не керек, ұлттар арасына іріткі салушы ретінде айыпталып, партия қатарынан аластатып тынды.
Айтпағым бұл емес. Қазақ халқының тарихында да, өмірінде де өшпес із, ұмытылмас белгі қалдырған қазақтың өрімдей ұл-қыздарының мұқалмас саяси ерік-жігерінің, арман-тілегінің, қайсар мінезінің әлі күнге дейін бағаланбай жүргені жаныма батады. “Тау алыстаған сайын биіктей түседі” демекші, уақыт алға қанша озса да, ерен ерлік ешқашан ескірмек емес. 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы кешінде Мәскеудің бір орталықтан басқарған өктемдігіне бейбіт түрде қарсылық білдіргені үшін жастардың саяси құқығы аяусыз жаншылды. Небәрі 18 минутқа ғана созылған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің шешімімен келіспеген мыңдаған студент-жұмысшылар бұрынғы Брежнев, қазіргі Желтоқсан алаңына жиналып, екі күн бойы ұлттық рухтың биік үлгісін көрсетті. Олардың ашық наразылық білдіруіне бірінші хатшылыққа ешкім білмейтін Колбин деген келімсектің халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы түрткі болғанымен, оның арғы жағында рухани да, әлеуметтік те, экономикалық та езгіге түскен, қазақ халқын “екінші сортқа” айналдырған империялық, отаршылдық үстемдікпен жүргізілген ұлт саясатына қарсы дүниені дүр сілкіндірген жойқын бұлқыныс, есіктен төрге оза алмай, босағада қалған тіл, діл, ел мүдделері жатқан еді.
“Правда” мен “Известиядан” бастап, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, “араққа, есірткіге уланған, сана-сезімі төмен қазақ жастары” жайлы жарыса жазып жатты.
Керісінше, шетелдік басылымдар мен демократиялық күштер әміршіл-әкімшіл режімнің әпербақан, асыра сілтеу саясатын ашық айыптап, қазақ жастарына араша, сүйеніш, таяныш болуға ұмтылғанын қазіргі жастар біле бермейді. Ол кездері сырт түгіл ішкі ақпаратқа толыққанды қанығу мүмкін еместі. Алғашқылардың қатарында Венгрия және Польша зиялылары үн қосып, Қайрат Рысқұлбековті өлім жазасына кесуге ашық қарсылық білдірді. КСРО үкіметіне 2 рет ресми мәлімдеме жасады. “18 жастағы балаға (Қ. Рысқұлбековті айтып отыр) мұндай жазаның қолданылуы, оны советтік академиялық заң жүйесінің мақұлдауы – біз үшін ақылға сыймайтын іс. Бұл – тым асығыс әрі моральдық азғын үкім болып табылады”, – делінген мәлімдемеде. Оған Нобель сыйлығының лауреаты Лех Валенса бастаған 70 адам қол қойған. Мәлімдемені “Польша Пресс Агенттігі” төрткүл дүниеге таратқан. Мажарстанда (Венгрия) 41 адам қол қойған мәлімдемеде Кеңес одағы жоғарғы кеңесінің төрағасы А.Громыкодан орыстар өлім жазасына кескен қазақ жасына кешірім жасау талап етілген. АҚШ-тың президенті Р.Рейган “Езілуші ұлттар” аптасына байланысты жариялаған мәлімдемеде адам құқықтары және тәуелсіздік үшін күрескен халықтар санатында қазақтарды” ерекше атап көрсеткен. Батыс Германиядағы Түркі елі комитеті “Бұл студенттің қылмысы бар болса, ол азаттық пен егемендікке ұмтылыс қана, оның жанкешті әрекетінің сыр-сипаты беймәлім қалған”, – деген көзқарасын білдірген. КСРО басшылығы дүниежүзілік демократиялық күштермен санасуға мәжбүр болды. Өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылғанымен, Қайрат түрмеде Власов деген басбұзардың қолынан қаза тапты. Ж.Молдағалиев, С.Зиманов, С.Шаймерденов, М.Есенәлиев, М.Шаханов, Б.Қойшыбаев, тағы басқа көрнекті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің жастарға араша түскен ой-толғамдары да қоғамдық пікірлерге зор қозғау салды.
Алматыдағы наразылық толқулары еліміздің басқа өңірлерін де қамтып, үлкенді-кішілі 14 қалада түрлі шерулер ұйымдастырылды. Дені күшпен, қорқытып-үркітумен таратылды. Негізгі ошағы “қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы” атанған Алматы болды. Ол заңды еді. Жоғары оқу орындарының да, қазақ жастарының да, зиялы қауымның да көбі осында шоғырланғандықтан, өз елінде, өз жерінде тұрса да, ана тілінен, ұлттық құндылықтардан айырылып, өгейліктің күнін кешу арқаларына аяздай бататын. Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңес өкіметіне қарсы 400-ге жақын толқулар болып, 80 мыңдай адам қатысқан. Қолдан жасалған аштықтан, індетті аурулардан 2 миллионнан астам қазақ қырылған. 1,5 миллиондайы шетел ауып кеткен. Сталиндік репрессия кезінде 25 мың адам атылған, 120 мыңдайы итжеккенге айдалған. Тың игеру жылдары ата-бабаның тарихи қонысында 26 пайыздай ғана тұрғылықты халық қалған. 16 желтоқсан күнгі Пленум көп жылдар бойы іште жасырынып келген бітеу жараның аузын ашты.
Енді бейбіт сипаттағы жиын неге көтеріліске айналып кетті деген сауал төңірегінде бірер сөз. Алаңда тұрған жастарға алдымен қару кезеген әскер мен милиция болды. Жарлық Мәскеуден келді. Ондағылардың бойын қазақ “қой сияқты жуас, момын, көнбіс, не айтсақ та тыңдайды, орындайды, мыңқ етпейді” деген империялық астамшылық әбден дендеп, көздерін шел басқан еді. Ол кездері, шынын айтсақ, компартияның шешіміне қарсы шығу аждаhаның аузына түскенмен бірдей еді. Оқиғаның дәл бұлайша өрістеп, басқа арнада ширығуын ешкім күтпеді. Горбачев, Соломенцев сияқты ұр да жық, ожар басшылар шовинистік мінездеріне басып, “нашақорлар мен маскүнемдерді” жөнге салуға әмір етті. Сол-ақ екен, “бассыздықты” жойып, қоғамдық тәртіпті “қалпына келтіру” мақсатымен алдын ала ойластырылған “Құйын” операциясы қанды қасапты бастап кеп жіберді. Милиция, ішкі әскер жауынгерлері, “алдыңғы қатарлы” жұмысшы жасақтары сапер күректерімен, темір белдіктермен қаруландырылды. Өрт сөндіретін машиналар жұмылдырылып, суық сумен атқылады. Жастар күш алып бара жатқаннан кейін Қырғызстаннан, Ресейдің 8 қаласынан арнайы әскери құрамалар жеткізілді. Әрлі-берлі сеңдей соғылысқан жалаңаш қолды топ мұздай қаруланған әскерге екі күн бойы қайрат көрсетіп бақты. Олардың шынайы елдік, ұлттық республика, дербес мемлекет болуға әрекеттенген үміт-армандары айуандықпен жанышталды. Толық емес мәліметтерге қарағанда, 20 мыңдай адам ұсталып, қамалған. 10 мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алған. 120 адам сотталған. Рухы мықты жас ұрпақ шыбын жанын шүберекке түйіп, ашық айқасқа шықты. “Өзекті жанға – бір өлім” деп өзара серттесті, анттасты. Ақ қар қызыл қанға боялды. Лениндік ұлт саясатын қолдаған ұрандар мен плакаттар аяққа тапталды. Түрмелердегі ұрып-соғу, азаптау, оқудан, комсомолдан шығару науқандары талай жазықсыз жанды торғайша шырылдатты.
Желтоқсан ызғары Қызылжар өңірін де оттай шарпыды. Солтүстікқазақстандық жерлестеріміз ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресте толқулардың алғы шебінен көріне білді. Олардың дені Алматы, Қарағанды секілді іргелі қалаларда оқып жүріп, сын сағаттарда сыр бермеді. Солардың бірі – Алматы сәулет және құрылыс институтының бірінші курс студенті Нұржан Қалиасқаров оқу орны басшыларының қысымына қарамастан, өзі теңдес жастарға қосылып, екі күн бойы алаңнан табылған. Жаппай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соққы алған. Алматыдағы қоғамға қарсы бейберекетсіз іс-әрекетке қатысқаны үшін “кеңестік студентке лайықсыз” деп табылып, оқудан, комсомолдан шығарылған. Кейін алған жарақаты асқынып, 1994 жылы небәрі 28 жасында қайтыс болған. Қазір оны облыс жұртшылығы жақсы біледі. Нұржанның есімі Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджанова сықылды замандастарымен қатар аталады. 1996 жылдан бері оның атында қор құрылып, волейболдан еске алу турнирі жүйелі түрде өткізіліп келеді. Облыстық әкімдіктің қолдауымен денешынықтыру және спорт басқармасының күнтізбелік іс-шаралар тізбесіне енгізілді. Мектептерде, кітапханаларда, колледждерде қоғамдық-саяси, тақырыптық кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Н.Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қоры (жетекшісі Ө.Есқали) мен “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы (төрағасы Б. Қажымов) бірлесе отырып, Нұржан бауырымыз оқыған Тимирязев ауданы Ақсуат мектебінің қабырғасына мемориалдық тақтаның орнатылуына ұйытқы болды. “Желтоқсан” қоғамдық қоры деректерді тынымсыз іздестіру барысында Петропавлдағы еңбекпен түзету мекемесіне 4 желтоқсаншының этаппен әкелінгенін анықтады. Олар – атыраулық Алик Мұзафаров, жамбылдық Бақтыбек Иманғожаев, алматылық Ержан Мәлібеков және көкшетаулық Қайыргелді Күзембаев. Әрқайсысы 3,5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, жазаның 8 айын осында өтеген. Мекеме бастығының орынбасары Еркебұлан Бектұров кей дәрігерлердің емдеуден бас тартқан қарсылығына қарамастан тұрақты ем-дом алуларына көмектескен. Бүгінде 40-қа жуық солтүстікқазақстандық желтоқсаншы жайлы мәліметтер жинақталып қалды. Әскери қызметкер Боташ Қажымов 7 жыл бойы теперіш көрген. Оқудан шеттетілген, дене жарақатын алған Қайрат Оспанов – қанды қырғын куәгерлерінің бірі. Боташ Дайыров, Нүркен Төлеков сотталса, Дулат Ғабдуллин, Бағдат Мұқанова, Қанат Асқаров, Шоқан Балтабаев (марқұм), Ләззат Сапарова, Жанна Досполова, Еділ Қожабеков, Айгүл Тұрсынбаева, Жанат Ахметов, тағы басқалары да жазадан құтылмаған. Мұның өзі әлі толық тізім емес. Іздестіру жұмыстарының жалғаса түсері күмәнсіз.
Десек те, сын сағатта сыр бермеген батыр оғландарды ұлықтау, есте қалдыру жайы әлі де көңіл көншітпейді. Кезінде “Желтоқсан” қоғамдық қорының Петропавл қаласындағы бір мектепке Нұржанның атын беру туралы ұсынысын көпшілік бірауыздан қолдап, шешім алғанымен, қалалық ономастика комиссиясы белгісіз себептермен кері қайтарған болатын. Бір көшені Желтоқсан боздақтары деп атау жайлы бастама да қағаз жүзінде қалып отыр. Есіл ерлерге арнап облыс орталығында бір ескерткіш-белгі қойылса, артықтық етпес еді.
Дүйсенбай ҚҰРМАШЕВ,
зейнеткер.
Қызылжар ауданы.