«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шын жүйріктер топ жарды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен шарада “Алтын сапа” және “Парыз” сыйлықтарының иегерлері ұлықталды. Биыл “Алтын сапа” сыйлығына 281 үміткер өтінім берген. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды. Осы күнге дейін 160-тан астам компания “Алтын сапа” сыйлығының лауреаты атанды. 365 кәсіпорынға “Парыз” сыйлығы табысталды. 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 3 есе өсті.

Өңірде де отандық бизнес қарқынды дамып келеді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Ковыльное ауылында орналасқан “Ақселеу” ЖШС “Парыз” байқауының “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын” аталымында жеңімпаз атанды. Марапатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова табыс етті.

Ковыльное ауылы облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан. Шалғай тұрғанына қарамастан, елді мекенде тұрғындарға қолайлы барлық жағдай жасалған. Оның бәрі – меценат Серік Малаевтың еңбегі. Кәсіпкер егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Серіктестік меншігінде 20 мың гектар жер бар. Дәнді және майлы дақылдарды да көптеп өсіреді. 2013 жылы құны 155 млн. теңге болатын мал шаруашылығы кешенін ашып, 700 бас асылтұқымды ірі қара сатып алған.

Елді мекенде 400-ге жуық адам тұрады. Олардың басым бөлігі серіктестікте еңбек етеді. Кәсіпкер ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатымен соңғы 4 жылда 21 үй тұрғызды. Зығыр сабаны арқылы жылытылатын қазандық орнатылып, әр үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Тұрғындарға жемшөп 50 пайыз жеңілдікпен беріледі. Шаруашылықта жұмыс істейтін мамандар балалы болып жатса, сәби бір жасқа толғанша ай сайын 160 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

Тұтынушыларға пісте, жүгері таяқшасы, попкорн, қағаз майлық, сұйық сабын сияқты сапалы өнімдерімен танымал “Радуга” ЖШС “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында жеңімпаз атанды. Биыл компания қағаз өндірісін қолға алды. Жаңа бағытты дамыту үшін жобаға 2,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Басты мақсат – ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайту. Қазір күніне А4 форматтағы 1500 қорап қағаз шығарылады. Өнімнің бағасы импорттық өнімнен арзан. Болашақта картон өндірісін қолға алу жоспарланған.

Марапатталғандардың қатарында “Зенченко және К”, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестіктері де бар. Біріншісі “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында көш басынан көрінсе, екіншісі “Үздік әлеуметтік әріптес” аталымында арнайы сыйлыққа ие болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp