«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеті шейіт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шамамен 1830 жылдары қазіргі Айыртау ауданындағы Шолақөзек ауы­лынан екі шақырымдай қашық­тағы Түйебас деген жерде орын ал­ған жеті шейіт (шаһид) оқиғасы жай­лы білетіндер аз. Ол жерде жұрт “жеті шейіт” деп атап кеткен үлкен төре қорымы бар. Бұл оқиға Кенесары Қасымұлы көтерілісінен бұрынырақ, яғни Саржан Қасымұлының көтері­лісінің тұсында болған.

Тарихқа көз салсақ, Сырым Дат­ұлы көтерілісінен кейінгі ірі кө­теріліс­тердің бірі Саржан Қасымұлы бас­таған көтеріліс 1825-1830 жылдар ара­лығында болды. Оған Көкшетау округінен Сартай сұлтан Шыңғысұлы да келіп қосылады. Бұл Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Капцеевичке ұнамағаны анық. Міне, содан кейін Сартай сұлтанның соңына шам алып түседі. Сартай сұлтан ұстатпай он шақ­ты қандыкөйлек жолдасымен жа­сырынып жүреді. Олар Қантай, Кө­бей, Көлдей, Құлтабар жігіттері екен. “Құлтабардан Әли мен Мұса деген­дер болды”, – деп Темірхан Қожах­метұлы атамыз айтып оты­ратын.

Кіші тоқалы Ұлғара ханымның үйінде отырғанда жансыздардың хабарлауымен мұздай қаруланған патша әскері Сартай сұлтанның үстінен келіп түседі. Ол дереу жа­сырынып үлгереді. Алайда бесіктегі баласы мен Ұлғара ханым жасыры­нып үлгермейді. Енді не істеу керек? Ержүрек әйел ештеңеден қаймық­пастан есікті сатыр-сұтыр ашып кіріп келген орыс офицерінің қақ маңда­йы­нан босағада сүйеулі тұрған адал­бақанмен салып қалады. Сарт етіп тиген қатқан қайың әлгіні қалпақтай түсіреді. Ханым еш қорықпастан, түк болмағандай қайтадан баласын емі­зуге кіріседі. Іле-шала есікті айқара ашып, ішке кірген жирен сақалды орыс көлденең жатқан өз адамын көріп тіксініп қалады. Жан жағына қарап бесік қасындағы әйелден басқа ешкім жоғын байқап:

“Мынаны істеген сен бе?” – дейді қырылдаған дауысымен. Тапанша­сын кезеніп “Сартай қайда?” – дейді сөзін жалғап. Ұлғара ханымнан еш­қандай жауап болмайды. Тек кекке толы ұшқын атқан көз жанарымен ғана үн қатады. Кеудесіне тақалған тапанша ұңғысынан да қаймықпай өзін жайбарақат ұстайды. Тарс еткен дыбыстан кейін дүние қара түнекке айналып кеткендей күй кешеді. Бесіктегі сәбиінің дауысы ғана еміс-еміс құлағына келеді.

Ашудан терісіне сыймаған әлгі жирен мұртты бесікті арқалығынан жұлқа көтеріп, екпіндей басып далаға алып шығады. Шырылдаған бала дауысы кең даланы көктей өтіп, жан-жаққа жетіп жатады. Бесікті аспанға көтеріп: “Әй, Сартай, балаңды аман алып қаламын десең бері шық!” – дейді шала қазақшалап. Бір сәт өлі тыныштық орнайды. Сартай сұлтан­ның бағанадан жанды жерімнен ұс­тар ма екен деп қауіптеніп отырғаны да осы еді. “Баланы барымта қылған өңкей албасты” деп ішінен бір кіжінеді де, еш күнәсі жоқ періштесі үшін қолындағы қаруын тастап топты ортаға шығады. Жемтікке үймелеген қарғадай мұздай қаруланған әскер­лер жан-жағынан қоршауға ала қоя­ды. Не керек, біраз әскерін шығындап зорға қолға түсірген сұлтанды атқа таңып ала жөнеледі. Ал бесіктегі сә­би есік алдында шырылдаған қалпы қала береді. Әскерлер ұзасымен әулеттің күтушілері бесіктегі балаға жүгіреді. Киіз үй маңында арыстай алты жігіттің аяусыз мерт болғанын көреді. Үй ішіндегі Ұлғара ханымның жаны кеудесінен әлі шыға қоймаған екен. Қасына келген жақындарына: “Шақалағым сендерге аманат! Әкесі аман болса өзі ержеткізер, мен көрмеген азаттықтың алтын сәулесін ба­ламның көруіне себепші болың­дар”, – дейді де сылқ ете қалады. Ха­нымның соңғы сөзі әрі аманаты осы болады. Жеті шейіт сонда жерленеді.

Көнекөз, шежіреші қариялардан жеткен деректен ұққаным, Сартай сұлтанды сол беті әкетіп, Петерборға бодан болуға қол қойдырыпты. Ай­нала қаптаған айна екенміс, сонда әбден қинаған көрінеді. Содан мой­нына бодан болатындығы жайлы те­ріге алтынмен жазылған алқа тағып елге қайырыпты. Сүйекке таңба де­ген осыдан артық болмас. Жарықтық өзінен кейінгі үшінші ұрпағы – шө­бересі өзі аңсаған Тәуелсіздік таңын көретінін сезді ме екен?!

Кейін Сартай сұлтанды Түркіс­танға апарып жерлепті деген сөз де бар. Иә, қазақта Тәуелсіздікті аңсап қаншама боздақтар өмірден өтті ғой. Кейбіреулердің аты аталмай елеусіз қалды. Олардың артынан іздейтін, жоғын жоқтайтын ұрпақтары болған жоқ. Алайда туған жұрты олардың ел үшін істеген ерлігін ғасырлар аунап өтсе де жас ұрпаққа паш етуде. “Ал­тынды тот баспайды” деген сөз бар қа­зақта, есімі еленбей жатқан асыл­дарымызды егемен елдің жастары әлі-ақ жарыққа шығарады деген сенімдемін.

Қажымұрат ӘДІЛБЕКОВ,

Айыртау ауданының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp