Шамамен 1830 жылдары қазіргі Айыртау ауданындағы Шолақөзек ауылынан екі шақырымдай қашықтағы Түйебас деген жерде орын алған жеті шейіт (шаһид) оқиғасы жайлы білетіндер аз. Ол жерде жұрт “жеті шейіт” деп атап кеткен үлкен төре қорымы бар. Бұл оқиға Кенесары Қасымұлы көтерілісінен бұрынырақ, яғни Саржан Қасымұлының көтерілісінің тұсында болған.
Тарихқа көз салсақ, Сырым Датұлы көтерілісінен кейінгі ірі көтерілістердің бірі Саржан Қасымұлы бастаған көтеріліс 1825-1830 жылдар аралығында болды. Оған Көкшетау округінен Сартай сұлтан Шыңғысұлы да келіп қосылады. Бұл Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Капцеевичке ұнамағаны анық. Міне, содан кейін Сартай сұлтанның соңына шам алып түседі. Сартай сұлтан ұстатпай он шақты қандыкөйлек жолдасымен жасырынып жүреді. Олар Қантай, Көбей, Көлдей, Құлтабар жігіттері екен. “Құлтабардан Әли мен Мұса дегендер болды”, – деп Темірхан Қожахметұлы атамыз айтып отыратын.
Кіші тоқалы Ұлғара ханымның үйінде отырғанда жансыздардың хабарлауымен мұздай қаруланған патша әскері Сартай сұлтанның үстінен келіп түседі. Ол дереу жасырынып үлгереді. Алайда бесіктегі баласы мен Ұлғара ханым жасырынып үлгермейді. Енді не істеу керек? Ержүрек әйел ештеңеден қаймықпастан есікті сатыр-сұтыр ашып кіріп келген орыс офицерінің қақ маңдайынан босағада сүйеулі тұрған адалбақанмен салып қалады. Сарт етіп тиген қатқан қайың әлгіні қалпақтай түсіреді. Ханым еш қорықпастан, түк болмағандай қайтадан баласын емізуге кіріседі. Іле-шала есікті айқара ашып, ішке кірген жирен сақалды орыс көлденең жатқан өз адамын көріп тіксініп қалады. Жан жағына қарап бесік қасындағы әйелден басқа ешкім жоғын байқап:
“Мынаны істеген сен бе?” – дейді қырылдаған дауысымен. Тапаншасын кезеніп “Сартай қайда?” – дейді сөзін жалғап. Ұлғара ханымнан ешқандай жауап болмайды. Тек кекке толы ұшқын атқан көз жанарымен ғана үн қатады. Кеудесіне тақалған тапанша ұңғысынан да қаймықпай өзін жайбарақат ұстайды. Тарс еткен дыбыстан кейін дүние қара түнекке айналып кеткендей күй кешеді. Бесіктегі сәбиінің дауысы ғана еміс-еміс құлағына келеді.
Ашудан терісіне сыймаған әлгі жирен мұртты бесікті арқалығынан жұлқа көтеріп, екпіндей басып далаға алып шығады. Шырылдаған бала дауысы кең даланы көктей өтіп, жан-жаққа жетіп жатады. Бесікті аспанға көтеріп: “Әй, Сартай, балаңды аман алып қаламын десең бері шық!” – дейді шала қазақшалап. Бір сәт өлі тыныштық орнайды. Сартай сұлтанның бағанадан жанды жерімнен ұстар ма екен деп қауіптеніп отырғаны да осы еді. “Баланы барымта қылған өңкей албасты” деп ішінен бір кіжінеді де, еш күнәсі жоқ періштесі үшін қолындағы қаруын тастап топты ортаға шығады. Жемтікке үймелеген қарғадай мұздай қаруланған әскерлер жан-жағынан қоршауға ала қояды. Не керек, біраз әскерін шығындап зорға қолға түсірген сұлтанды атқа таңып ала жөнеледі. Ал бесіктегі сәби есік алдында шырылдаған қалпы қала береді. Әскерлер ұзасымен әулеттің күтушілері бесіктегі балаға жүгіреді. Киіз үй маңында арыстай алты жігіттің аяусыз мерт болғанын көреді. Үй ішіндегі Ұлғара ханымның жаны кеудесінен әлі шыға қоймаған екен. Қасына келген жақындарына: “Шақалағым сендерге аманат! Әкесі аман болса өзі ержеткізер, мен көрмеген азаттықтың алтын сәулесін баламның көруіне себепші болыңдар”, – дейді де сылқ ете қалады. Ханымның соңғы сөзі әрі аманаты осы болады. Жеті шейіт сонда жерленеді.
Көнекөз, шежіреші қариялардан жеткен деректен ұққаным, Сартай сұлтанды сол беті әкетіп, Петерборға бодан болуға қол қойдырыпты. Айнала қаптаған айна екенміс, сонда әбден қинаған көрінеді. Содан мойнына бодан болатындығы жайлы теріге алтынмен жазылған алқа тағып елге қайырыпты. Сүйекке таңба деген осыдан артық болмас. Жарықтық өзінен кейінгі үшінші ұрпағы – шөбересі өзі аңсаған Тәуелсіздік таңын көретінін сезді ме екен?!
Кейін Сартай сұлтанды Түркістанға апарып жерлепті деген сөз де бар. Иә, қазақта Тәуелсіздікті аңсап қаншама боздақтар өмірден өтті ғой. Кейбіреулердің аты аталмай елеусіз қалды. Олардың артынан іздейтін, жоғын жоқтайтын ұрпақтары болған жоқ. Алайда туған жұрты олардың ел үшін істеген ерлігін ғасырлар аунап өтсе де жас ұрпаққа паш етуде. “Алтынды тот баспайды” деген сөз бар қазақта, есімі еленбей жатқан асылдарымызды егемен елдің жастары әлі-ақ жарыққа шығарады деген сенімдемін.
Қажымұрат ӘДІЛБЕКОВ,
Айыртау ауданының тұрғыны.