«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шалғай аудандарда шешілмеген мәселе көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өзінің өңір басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын шалғайдағы Уәлиханов және Ақжар аудандарынан бастады. Айдарбек Сейпілұлы аталған аудандардағы әлеуметтік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалармен танысты. Ауыл жұртшылығымен кездесулер өткізіп, алыстағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдап, аудан басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Өңір басшысы Уәлиханов ауданында салынып жатқан “Жолдасбай-агро” қожалығына тиесілі тауарлы-сүт фермасында болды. Нысанның құрылысы биыл мамыр айында басталған. Жалпы құны 5,2 млрд. теңге болатын, 1224 мал басына шақталған нысан келесі жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Жоба жүзеге асса 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қожалық заманауи сүт сауу қондырғыларын алу үшін “Westfalia” фирмасымен, ал асылтұқымды ірі қара әкелу үшін “HUNLAND” компаниясымен келісімшарт жасасқан.

Қожалық басшысы Сүйіндік Жолдасбаевтың айтуынша, бүгінге дейін құрылысқа 1,3 млрд. теңге қаржы құйылған. Керекті қондырғылар да келе бастапты. Күн жылынған соң, құрылыс қайта қыза түспек.

Мұндағы жұмыспен танысқан Айдарбек Сапаров Уәлиханов пен Ақжар аудандарының халқын сүт өнімдерімен қамту үшін сүт өңдеу кәсіпорнын ашу керектігін баса айтты.

– Еліміз жарты миллион тонна сүтті сырттан әкеледі. Уәлиханов ауданы болса ақты облыс орталығы мен Көкшетаудан алуға мәжбүр. Сондықтан да қос аудан халқының игілігі үшін сүт өңдеу орны керек. Мен бұл жағынан қолдау көрсетуге әзірмін. Өзімізден артылған сүтті жақын орналасқан Омбыға экспорттауға да мүмкіндік бар, – дейді өңір басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі Кішкенекөлдегі орталық аудандық ауруханаға соқты. Әлеуметтік нысанда болған әкім мұндағы бірқатар қордаланған мәселелерге назар аударды. Мұнда биыл 16 млн. теңгеге заманауи құрал-жабдық алынып, жас мамандар шақыртылғанымен кадр жетіспеушілігі әлі де байқалады. (Жаңадан келген жас дәрігерлерге көтермеақы мен жылу жүйесіне қосылған баспана берілсе де Кішкенекөлде тұрақтап қалғандары аз. Бүгінде мұнда келген 10 маманның тек 5-еуі ғана еңбек етуде. Олар да өңір басшысына кездесу барысында өз өтініштерін жеткізіп, керекті құрал-жабдықтардың жетіспей жатқанын, қолда барының ескіргенін айтты. Бұдан бөлек, ескі ғимаратта орналасқан аурухана жөндеуді қажет етеді. Соған қарамастан жалынды жастар ауыл халқының саулығы үшін еңбек етіп келеді. Мұндағы мамандардың бар үміті алдағы уақытта салынатын жаңа емханада. Айдарбек Сейпілұлы тиісті басқарма басшылығына жаңа емхананың құрылысын күтпей ескі ғимаратқа жөндеу жүргізіп, жас мамандарға қолайлы жағдай жасауды, жаңа қондырғыларға қаржы бөлуді тапсырды.

Ауруханадағы жағдайға қаныққан Айдарбек Сапаров кейін аудан халқымен кездесу өткізді.

– Жақында Президенттің қабылдауында болып, өңірдегі мәселелерді қозғап, ендігі жылға жоспарларыммен бөлістім. Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін аудандағы ағайынмен кездесіп, 2023 жылға жоспар құрамыз. Аудандарға жұмыс сапарымды осыннан бастауым да бекер емес.

Уәлиханов – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан, қаракөздеріміздің 92 пайызы тұратын әрі шекаралық аудан. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, шешілмеген мәселелер де көп. Сол мәселелердің шешу жолдарын өздеріңізбен ақылдасу үшін бүгін жиналып отырмыз, – деді жиынды ашқан өңір басшысы.

Кейін аудан әкімі Қайрат Пішенбаев сөз алып, 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен оң өзгерістер жайлы айтты. Жиналғандар облыс әкіміне өз сұрақтарын қойып, мәселелерін жеткізді. Осыдан-ақ жергілікті халықтың аудан өміріне белсене араласып, қоғамдағы өзгерістерге үн қосып отыратыны байқалады. Бұл кездесуде жолданған сұрақтардың көбі денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Тұрғындар емхананың жұмысына, ондағы маман тапшылығы мен құрал-жабдықтың, бөлмелердің жетіспеушілігіне шағымданды. Ауданда акушерлік пункт болмағандықтан, жүкті әйелдер босануға Талшыққа барады екен. Тұрғындардың сөзінше, онда аяғы ауыр әйелдерді қабылдамаған жағдайлар орын алыпты. Өңір басшысы бұл олқылықты жіті тексеріп, кінәлілерге шара қолдану жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына тапсырма берді.

Кездесу барысында аудан басшысынан бөлек, білім, денсаулық сақтау, жол құрылысына жауапты басқармалардың басшылары да ортаға шығып, халыққа есеп берді. Тұрғындар аудан мектептеріндегі жағдайға да алаңдаушылық білдірді. Жергілікті жастар ұйымының жетекшісі Жаслан Құнжановтың айтуынша, мың оқушыға шақталған Кішкенекөлдегі №2 мектеп дұрыс жылытылмай, кей кабинеттерде ауа температурасы 9 градусқа дейін төмендеп кеткен. Ал шекара маңындағы Елтай ауылының тұрғындары салынғанына 25 жыл болған мектептің апатты жағдайдағы спорт залы құлай ма деп қауіптенеді. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков мәселелерді өз бақылауына алатын болды.

– Бүгін жолданған барлық сұрақтарды ескере отырып, аудан әкіміне алдағы жылға жоспар құруды тапсырамын. Аталған жоспардың негізінде бірлесіп жұмыс істеп, мәселелерді біртіндеп шешетін боламыз. Алайда оның бәріне қаржы бола бермейтінін ашық айту керек. Аудан экономикасы да мәз емес. Алдағы уақытта ауылдағы шаруаларға қолдау көрсету керек. Олар пайда тапса, игілігі елге де тиеді. Осында келетін жолды жөндеу де – кезек күттірмейтін мәселе. Тұрғындар да босқа шу көтермей, мәселені ақылдасып, аудан дамуына өз үлестерін қосуы тиіс, – деді жиын соңында облыс әкімі.

Өңір басшысы күннің екінші жартысында Ақжар ауданына аттанды. Мұндағы орта мектепте соңғы жылдары бірқатар өзгерістер орын алып, заманауи құралдар алынып, мектеп кітапханасы жаңарыпты. Ауыл мектебінде тер төгіп жүрген жас мамандар да бар. Осында салынған жаңа спорт кешені де ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. 2 мың шаршы метрді алып жатқан ғимаратта мектеп оқушыларына арналған түрлі спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Бір залда жасөспірімдер күресіп жатса, енді бірінде волейбол, бірінде теннис, тоғыз-құмалақ үйірмесі жүріп жатыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шахмат ойнауға келген ауыл ақсақалдарын да осыннан кездестірдік. Айдарбек Сейпілұлы аға буын өкілдерімен әңгімелесті. Ардагерлер қауымы жаңа нысанға риза екендіктерін жеткізіп, өңір басшысына жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Облыс әкімі Талшықтағы былтыр ашылған жылу қазандығына барды. Мұнда оннан аса жұмысшы елді мекендегі 14 әлеуметтік нысан мен 16 көппәтерлі үйдің тұрғындарына жылу берумен айналысуда.

Содан кейін өңір басшысы ақжарлықтармен жүздесті. Кездесу барысында ауданға жол құрылысына бөлінген 3 млрд. теңгенің 500 миллионы игерілмей қалғаны белгілі болды. Аудан әкімі бұған себеп мердігерлердің салғырттығы дейді. Облыс әкімі бұл олқылықты қатаң сынға алып, жауапсыз мердігерлердің мәселесін сот арқылы шешуді тапсырды.

Тұрғындар шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жол, сумен жабдықтау бойынша өз сауалдарын жолдады. Кейбір түйткілді мәселелер бойынша Айдарбек Сапаров азаматтарды жеке қабылдады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp