«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

КӨЙЛЕГІ КӨК, ЖҰМЫСЫ ЖОҚ “NEET” жастардың саны неге көбейіп отыр?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заман бейнесінің жылдам ауы­сып, өзгеріске ұшырайтыны сон­ша­лықты, кейбір жаңалықтардың күн­делікті өмірімізге қалай енгенін аң­ғармай да қаламыз. Кеше ғана таң­сық көрінген жаңа сөздерді бүгінде емін-еркін қолданып жүрміз. Алға­шында жаңалық болып келген “NEET” термині де бүгінде көбімізге таныс. Аталған сөз бүгінде жастарға қатысты қолданылады. Түсіндіре кет­сек, “NEET” жастар дегеніміз – бі­лім алмайтын, жұмыс істемейтін, қо­ғам өміріне араласпайтын өрендер тобы. “NEET” сөзі ағылшын тілінен аударғанда осындай мағына береді. Әлемде аталған санаттағы жастар саны өскендіктен, оларға осындай айдар тағылған. Көп ұзамай бұл сөз ресми заңнамаға да енгізілді. Елі­мізде де 15 пен 29 жас аралығын­дағы мұндай азаматтардың аз емес екені байқалады. Өкінішке қарай, олар­дың санын тап басып айту қиын. Кейбір сарапшылар елімізде шамамен 300 мыңға жуық оқымай­тын, еңбек етпейтін жас бар екенін айтады.

Ұлттық статистика бюросы жа­рия­лаған мәліметтерге сүйенсек, Қа­зақстандағы 3,7 миллион жастың 6,5 пайызы “NEET” санатына жатады. Ал 70 мыңға жуық адам еңбекке қа­білетті бола тұра, жұмыс істемейді екен. Өңірлерге келсек, Ұлытау об­лы­сында жастардың – 12,6, Шығыс Қа­зақстан облысында 10,8 пайызы қо­ғамнан тыс өмір сүреді. Ал Батыс Қа­зақстан облысында бұл көрсеткіш 3 пайыздан сәл ғана асады. Біздің өңірге келсек, мұндағы “бейтарап” жастардың үлесі – 7,2 пайыз. Байқа­сақ бұл, жалпы ел бойынша көрсет­кіштен біршама жоғары. Біздегі бір ғана облыс орталығының өзінде 564 жас тұрғын ештеңемен айналыс­пайды.

Аталған мәселе жөнінде жа­қында өңір жастарымен кездескен “Жастарды қолдау және оңалту” жо­басының жетекшісі Арман Әубәкір­мен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өкінішке қарай, бүгінде жас­тардың 300 мыңға жуығы екі қолға бір күрек таппай жүр. Сондықтан да біз “Жастарды қолдау және оңалту” жобасын қолға алдық. Мұндағы мақ­сатымыз – қиын жағдайда қалған жастарға қолдау көрсетіп, өмірде өз жолын табуға жәрдемдесу. “NEET” жастарды есепке алып, олармен жұмыс істеу әкімдіктер мен жастар ресурстық орталықтарының міндеті болғанымен өзге ұйымдар мен қор­лар да бұл іске атсалысуы керек. Бұл санаттағы адамдармен жұ­мыс істеу өте қиын. Себебі олар еш­теңеге қызықпай бұйығы өмір сүре­ді. Бүгінге дейін біз елімізідің әр же­рінде мотивациялық кездесулер, се­минарлар мен тренингтер өткіздік. Осы­лайша жастардың санасына қоз­ғау салып, әрекет етуге жігерлендір­гі­міз келеді, – дейді ол.

Жоба авторының айтуынша, жұ­мыссыз жастар мәселесін шешуге арналған “Алғашқы жұмыс орны”, “Жастар практикасы” сынды бағдар­дарламаларда да олқылықтар көп. Ондағы тәжірибесіз мамандарға ке­дергі болатын шарттарды толық орындап, бағдарламаның шарапатын көрген­дер көп емес. Алайда сол жо­балардың өзінен бейхабар болып, сырт қалып жататындар да көп. Түр­лі жобалар мен бағдарламалар жа­салғанымен оларды насихаттап, елді құлақтандыру дұрыс жолға қо­йылмағаны байқалады. Осылайша еңбек пен оқуға құлықсыз жандар­дың санын азайтуға бағытталған бағ­дарламалар іс жүзінде аты бар да заты жоқ болып қалуда. Әйтпесе біз хабарласқан қаламыздағы жастар ресурстық орталығының қызметкер­лері көмек сұрап келген азаматтар­дан қолдауын аямайтындарын ай­тып, ағынан жарылды. Ресурстық орталық тек кеңес беріп, ақпарат та­ратумен ғана айналыспай, кезі кел­генде түрлі іс-шаралар, байқаулар, кездесулер өткізіп тұрады. Әсіресе жастардың аға буын өкілдерімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құруы дәс­түр­ге айналған.

Бір сәт айналамызға қарап кө­рейікші. Біз білетін адамдардың бәрі – жұмысы, оқуы бар жандар. Еште­ңе­мен айналыспай, қол қусырып отырған ешкімді байқай алмайсың. Ондай өмір салтын ұстанатындарға қоғамның да көзқарасы қандай екені белгілі. Соған қарамастан қаладағы 564 бос жүрген жас қайдан келді де­ген сұрақ туындайды. Сірә, ондай­лар ел назарынан тыс, күнделікті өмірдің тасасында күн кешетін сияқ­ты. Мұндай санаттағы жастардың қылмысқа бейім келетіні онсыз да белгілі. Алаяқтық, бұзақылық әрекеттер көбіне осын­дай жандардың қолымен жасалады. Сондықтан да ел ертеңін кеселді іс­тен сақтап қалу үшін де оларға жан-жақ­ты қолдау көрсеткен дұрыс.

Әдетте, біз студенттер мен жо­ғары сынып оқушыларын “NEET” са­натына жатқызбаймыз. Бірақ олар­дың оқуды аяқтағаннан кейін бос жүріске бой ұрмасына кім кепіл? Сон­дықтан да “Қазақстанның болашағы үшін” бірлестігінің төрағасы Рүстем Арманов білім алғанымен, басқа қо­ғамдық жұмыстарға атсалыспайтын жандар да көп ұзамай аталған са­натқа қосылуы мүмкін деп санайды.

– Менің байқауымша, бүгінгі жастар өздеріне артылған сенімді толық ақ­тай алмай жүр. Қазір еңбекке де, оқуға да құлықсыз “NEET” санатын­дағы буын көп. Демек, олардың же­тісткікке жетуіне, қабілетін ашуына басқа идеологиялар мен факторлар әсер етуде. Біз аталған санаттан бө­лек, тек сабағына ғана баратын кол­ледж, университет студенттерін де ұмытпауымыз керек. Азаматтық бел­сенділік дәл осы кезеңнен бастала­ды. Ал сабағына селқос қарап, жа­тақ­ха­на мен аудитория арасында ғана уақыт өткізгендерден айтар­лық­тай нәтиже күту қиын. Олар да ерекше назарды қажет ететін топ са­налады. Бұл біздегі тәрбие жұмысының ақсап тұрғанын көрсе­теді, – дейді жастар ұйымының же­текшісі.

Шынымен де, жоғарыда айтыл­ған сөздердің жаны бар. Дамыған ел­дердің оқу орындарында білім алу­шының қоғамдық жұмыстармен, шы­ғармашылықпен, спортпен айналы­суына арнайы уақыт бөлініп, бұның бәрі міндеттеледі екен. Осылайша жас буын ел өміріне араласып, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінеді. Егер бізге де осындай тәжірибені ен­гіз­се, босқа сандалып жүрген жас­тардың көрсеткіші әлде­қайда төмен болар еді. Әйтпесе, бү­гінгі мәдени, ғылыми өзгерістерден тыс қалған студенттердің, оқуды аяқ­тағаннан кейін салт басты, сабау қамшылы жандардың сапын толық­тырып, қоғамнан сырт айналу қаупі зор.

“NEET” – жастар өз болашағына әлдеқашан нүкте қойған, қандай да бір әрекетке ниетсіз жандар. Олар­дың бұлай жүруі қоғамға кері әсер етуде. Қырандай қияға өрлеп шыға­тын қазақ жастарының қол қусырып отыруы дұрыс емес. Бүгінгідей мың құбылған заманда келешек буынға артылатын жауапкершілік тіптен есе­лене түспек. Еліміз өркендеп, жаңа жетістіктерге жету үшін әр қазақ жасының еріншектік пен немқұрай­дылықтан арылып, қоғам дамуына өз үлесін қосқаны жөн.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp