«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Партия филиалына төраға сайланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “AMANAT” партиясы өңірлік филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясы өтті. Онда бір жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланып, партия филиалының төрағасы сайланды. Аталған шараға “AMANAT” партиясының хатшысы Жігер Қалиев, саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары мен “Жастар рухы” жастар қанатының өкілдері қатысты.

Жыл басынан бері партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдауларына 4046 өтініш түсіпті. Осы күнге дейін соның 48 пайызында көтерілген мәселелер оң шешілген. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің мамандары да аудандарға барып, 40-тан астам елді мекенді аралаған.

“AMANAT” партиясының өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысына ерекше назар аударылып отырғанын айтты. “Жер аманаты” өңірлік комиссиясының қызметі жайылымдық жерлер тапшылығы проблемасын шешуге, пайдаланылмай жатқан және заңды бұза отырып берілген алқаптарды қайтаруға ықпал еткен. Мәселен, осы бағыттағы кешенді жұмыстың арқасында облыс бойынша 276,6 мың гектар жер қайтарылды, соның ішінде жайылым – 233,9 мың гектар болса, егістік – 23,2 мың гектар. Бұл мәселе – партия филиалының тұрақты бақылауында. Жол карталарын жүзеге асыру аясында жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылып жатқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар партия жаңа мектептер, медициналық мекемелер, спорт нысандарын салуға атсалысуда.

– Тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазір тұрғын үйді пайдалануға берудегі өсім 100,4 пайызды құрады, 176,7 мың шаршы метр баспана салынды. Биыл 663 шақырым жол жөнделіп жатыр, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81 пайызға жетті. Облысты сумен жабдықтауға және су тартуға 12,3 млрд. теңге бағытталды. 55 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 240 шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынады және қайта қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстардың бәрі біздің бақылауымызда, – деді партия филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова.

Бюджет қаражатын тиімді жұмсауды да партиялықтар ерекше назарға алған. Бюджеттен тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту, оқушылар мен студенттерге арналған жатақхана салу, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқу-зертханалық корпусын, Петропавл қаласының “Жас өркен” шағынауданында 250 адам қабылдайтын емхана тұрғызуға қаржы бөлінгені белгілі. Сондай-ақ бюджет қаржысы аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға, нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға, көлік инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға жұмсалуда. Конференция барысында “AMANAT” партиясының хатшысы Жігер Қалиев тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда партияның рөлін және бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту бойынша 2023 жылға арналған міндеттерге тоқталды.

Конференция барысында “AMANAT” партиясының облыстық филиалына жаңа төраға сайланды. Партияның Петропавл қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин бұл орынға облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың кандидатурасын ұсынды. Ол партияда да, мемлекеттік қызметте де жұмыс істеген уақытында өзін тәжірибелі және сауатты басшы ретінде танытқанын атап өтті. Конференция делегаттары ұсынылған кандидатураны қолдап, ашық дауыс беру арқылы Әсем Рахметованы “AMANAT” партиясының өңірлік филиалының төрайымы етіп сайлады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp