«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНЕ ЗӘРУ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыс орталығына жақын орналасқан Мамлют ауданында 11 ауылдық округ бар. Олардың құрамындағы 38 елді мекеннің 22-сі экономикалық жағынан әлеуетті саналса, 16-сы “болашағы бұлдыр” санатына енгізілген. Тұрғындардың саны 17 мыңға жуық. Ауданға ат басын тірегенімізде қалыптасқан дәстүр бойынша алдымен қыж-қыж қайнап жататын күнделікті тіршіліктің бағдаршам-штабы іспеттес әкімдікке соқтық. Аудан әкімі Владислав Лукиннің, оның орынбасарларының, аппарат басшысының, ішкі саясат, білім бөлімі жетекшілерінің қатысуымен шағын кездесу өткізіліп, сапар мақсаты түсіндірілді. Владислав Геннадьевич болашақта жүзеге асырылатын озық жобаларға қысқаша тоқталып өтті. “Айтеке би СК” серіктестігі Калугино ауылында 600 сауын сиырға лайықталған, жылына 2700 тонна сүт өндірілетін тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастап кеткен. 48,6 млн. теңгенің құрал-жабдықтары мен 612 бас симментал тұқымды ірі қара мал Германиядан әкелінген. “Қызыләскер” ЖШС келесі жылы 400 басқа шақталған сүт кешенін одан әрі жаңғыртуды белгілеп отыр. Бұдан бөлек, өрнектас шығаратын кәсіпорын іске қосылмақ. Жобалық құны – 1,5 млрд. теңге, жылдық қуаттылығы – 30 мың текше метр. “Duppra” ЖШС бұрынғы машина жасау зауытында әйнек өндірісін жандандырып, 300 жаңа жұмыс орнын құрмақ.

Аудан басшысы сөз соңында экономиканы идеологиялық жағынан қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық құндылықтарға баса мән беруді, оның ішінде жергілікті басылымдарға жазылу барысын қадағалауды аудандық ішкі саясат бөліміне тапсырды.

Ауыл әкімдерінің, мектеп басшыларының, бюджет қызметкерлерінің, мемлекеттік мекеме жетекшілерінің қатысуымен Мәдениет үйінде өткен жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында күн тәртібіне өткір мәселе ретінде қойылған үгіт-насихат, саяси-идеологиялық, мәдени шараларды жұртшылық арасында күшейту жайына арналды. Негізгі назардың бірі сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдары ретінде БАҚ-ты билік пен халық арасындағы тиімді байланыс тетігіне айналдыру саясатына аударылды. Бұл орайда облыстағы белді де беделді басылым – “Soltüstık Qazaqstan”-ның рөлі айрықша атап өтілді. “БАҚ-сыз қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес”, “бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды”, “ұлттық құндылықтарды сақтау дегеніміз – сананы жаңғырту, өз елінің нағыз шынайы патриоты рухты келеді” деген Мемлекет басшысының пайымдары алға тартылды.

Ауданның даму әлеуеті мол бола тұра, ішкі мүмкіндіктер орнымен пайдаланылып, толық жұмылдырылып отырған жоқ. Бұл жөнінде өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен 11 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылған алқалы жиында да, осы ауданды аралаған жұмыс сапарында да инвестиция тартуға, құрылысқа, мал шаруашылығына қатысты сындар аз айтылған жоқ. Бөлінген қаржы толық игерілмей кері қайтарылатын фактілер орын алған. 24 ауыл ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Шаруашылықтардың жартысына жуығы мал өсірумен айналыспайды. Сондай-ақ медициналық мамандар жетіспейді.

Мамлютка қаласының іргесіндегі Покровка ауылындағы судың жыры келер жылдың жазына қалыпты. Осы салаға қатысты мамандардың айтуынша, ауыл батпақты жерде орналасқандықтан жердің қатқанын күтуге тура келіптіміс. Покровкалықтар бұл тақырыптан әбден жауыр болғандарын жеткізді.

“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі өз қамқорлығына алған Бексейіт ауылына барғанымызда қойнын құт-берекеге, телегей табысқа айналдырып жатқан жарқын істер сүйсіндірді. Өткен жылмен салыстырғанда жұмысшы-қызметкерлердің жалақысы 40 пайызға артқан. Алдағы уақытта тағы 10 пайызға көбеймек. Берілетін пай мөлшері де көңіл көншітеді. Серіктестікте 1762 үлескер болса, 392-і – осы ауылдан. Оларға 115,5 млн. теңге бөлінген. Елді мекенді абаттандыруға – 1,5 млн., қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға – 500 мың, грек-рим күресі командасын облыстық жарыстарға қатыстыруға – 350 мың, сумен қамтамасыз етуге – 1,3 млн., кіреберіс жолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстауға 1,2 млн. теңге қарастырылған.

Досым Қасмақасов жетекшілік ететін “Бексейіт” ЖШС-ы да ауылды көркейтуге өз үлесін қосып келеді. Бұл шаруашылықта да көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға “Soltüstık Qazaqstan”-ды жаздырту дәстүрге айналған.

“Әттеген-айы” сол, ауылға орталықтандырылған тіршілік көзі келгенімен, кейбір үйлерге әлі қосылмапты. Өйткені орнату бағасы тым қымбат және су жинақтайтын мұнара орнатылмағандықтан судың ағуы өте баяу. Қысым жоқтығынан тоқтап қалатын жайт та жиі орын алады. Ауданнан келген өкілдер олқылықты келесі жылы түзеуге уәде етіпті.

– Тұрмысымыз жақсы, 80 үй мал өсірумен айналысады. Жемшөптің бағасы қолжетімді. Көшелерге қиыршықтас төселді. Дәмхана жұмыс істейді. Меңгесерде тауарлы-сүт фермасы ашылғалы тұрақты түрде еңбек ететіндердің қатары молайды, – дейді Бексейіт орта мектебінің директоры Еркебұлан Балағанов.

Ауданда қазақша білім ошағы үшеу болса, бірі осында. 63 оқушыға 25 мұғалім сабақ береді. Бір атап өтетіні, биыл мектеп бітірген 9 түлектің бәрі грантқа оқуға түскен. Мұғалімдердің 9-ы – осы білім ордасының түлектері. Еркебұлан Баяхметұлы өзі бас болып “Soltüstık Qazaqstan”-ға жазылыпты. “Мұңымызды жоқтайтын, қуанышымызды бөлісетін сүйікті газетіміздің әр санын тағатсыздана күтеміз”, – дейді бексейіттіктер. Мұнда 1985 жылы ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан Әділхан Құсайынов оқыпты. Оны ұлықтау мектеп қабырғасының қасбетіне мемориалдық тақта ілумен ғана шектелген. Интернационалдық борышын орындау жолында жан қиған азаматқа аудан орталығында көше берілсе, мұражайдан бұрыш ашса, артықтық етпес еді.

Аты-жөнін атамауды өтінген бір тұрғын осыдан үш жыл бұрын “Еңбек” бағдарламасы бойынша жеңілдікті несие рәсімдеп, ірі қара сатып алыпты. Енді жайылымның тарлығынан мал бағу үлкен мәселеге айналған. Бұрындары ірі қара жеке аулаларда 300 бастан асса, қазір азайғаны байқалады. Қоштасар сәтте жаңа мәдениет нысаны бой көтерсе деген өтініштерін де айтып қалды.

Меңгесер ауылында бізді Арыстан Жүнісов қонақжай пейілмен құшақ жая қарсы алды. Арекеңді ертеден білетінбіз. Еңбек жолын ел азаматы Еркебұлан Мәмбетов басшылық жасайтын шаруашылықтан бастап, көп жыл бригадир, бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарды. Тынымсыз еңбегі орынды бағаланып, ең жоғары мемлекеттік марапат – “Отан” орденін кеудеге жарқырата тақты. Бүгінде оған коммандиттік серіктестіктің атқарушы директоры лауазымы сеніп тапсырылған. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы Арыстан бауырымыз 50 данаға жазылу жөнінде есепшіге қолма-қол тапсырма берді. 265 түтіні бар Меңгесерде барлық әлеуметтік жағдай жасалған, әр үйге дейін су тартылған. Өндірістік нысандар биоотын арқылы бір орталықтан жылытылады.

Мектеп бүгінге дейін таза орысша болып келсе, биыл қазақша мектепалды даярлық тобы ашылыпты. 174 оқушы 26 мұғалімнен дәріс алады. Білім ошағының директоры Жанат Ахметов ұжымның жергілікті басылымдарға жазылу науқанынан шет қалмайтынына сендірді. Жыл сайын “Мәмбетов және К” КС-нің жүлдесіне волейбол, баскетбол, үстел теннисі және грек-рим күресінен турнирлер өткізіліп тұрады. Оқу жылы бойы оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Шаруашылық бөлген қаражатқа жаңа жылдық сыйлықтар да әзірленіп қойылыпты.

Газет-журнал мен хат-хабардың жеткізілуіне байланысты сын-ескертпелердің айтылмауына қарағанда, тасымал ісі дұрыс жолға қойылған тәрізді. Аудандық байланыс торабының бастығы Нұрхан Бакиев берген мәліметтер осы сөзімізді растай түскендей.

Бике ауылындағы оқырмандармен кездесу мектепте ұйымдастырылды. Оған ұстаздар қауымы мен Мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты. Соған қарағанда ауыл тұрғындарына бұл жайында ақпарат толықтай жетпеген сияқты. Ал ұстаздар болса ауылдағы ең бірінші мәселе – жұмыссыздықты алға тартты. Сол себепті жастар жағы қаланы жағалап, мектептегі бала саны жылдан-жылға азайған. Бұл ауылда қоныс аударушыларға арналған арнайы баспана да тұрғызылмапты. Тым болмағанда бұрыннан бар ескі үйлерді жөндеп берсе, бір кәдеге жаратар еді дейді. Ауылдың бет-бейнесін өзгертуге көмек қолын созатын демеушілер аз. Алайда елжанды азамат “Бексейіт” жеке шаруашылығының иесі Досым Қасмақасовтың тарапынан көптеген көмек жасалатынын мақтанышпен айтты.

“Диқаншы”, “Турд”, “Дәулетті Ел”, “Ділдібай” сынды шағын шаруашылық иелері көп болса 3-5 адамға ғана жұмыс бере алады. Онда да тек күзгі және көктемгі егіс науқанында ғана жұмысқа шақырады, қалған уақытта тұрғындар екі қолға бір күрек таба алмай сенделеді. Көрші ауылдағы ірі шаруашылық иесі Еркебұлан Мәмбетов тым болмағанда кезіндегі тігін цехын қайта жаңғыртуға көмек жасаса деген өтініштерін де жеткізді.

Бикеліктер мемлекеттік бағдарламаның жергілікті жерде тиісті деңгейде атқарылмайтынын, осы жайында орын алған шикіліктердің көп екенін ашына жеткізді. Мәселен, Мамлютка қаласындағы жұмысшы кенті, қаланың іргесіндегі Воскресеновка, одан қалды Новамихайловка, Дубробноедағы оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға арнап салынған үйлерді сынға алды.

– Еш қисынға келмейді. Өйткені ол ауылдарда қазақша мектеп жоқ. Ал көшіп келгендер балаларын орысша оқытпайтыны бесенеден белгілі. Үйдің сапасыздығы өз алдына, баласын қайда оқытарын білмей басы қатып жүргендар жоқ емес. Үй салу керек болса, қазақ мектебі бар ауылдарға салсын! Ал Бике ауылы көпбалалы отбасыларға зәру. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың бір бөлігіне ауылдағы ескі үйлерді жөндесе, жанға жайлы баспана болары даусыз. Қаражаттың қалған бөлігін қажетті тұрмыстық бұйымдар мен мал сатып алуға жұмсаса, шешілмейтін түйін болмас еді. Әсіресе Бостандық, Бексейіт, Бике ауылының әлеуетін көтерсе, мұнда шоғырланатын қазақтардың саны артады. Жастардың қатары азайғасын бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын бала да қалмай барады, – деді Ленин орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айнаш Мұқыжанова мұңын шағып.

Мектеп директоры Дархан Нұртаевтың берген мәліметіне қарағанда, мектептің халі мүшкіл. Өйткені биыл 1-сыныпқа екі оқушы ғана барыпты. Келесі жылдан бастап көпбалалы отбасыларды ауылға тартудың қамын жасамаса, мектептегі 21 мұғалімнің жағдайы қыл үстінде тұр деуге болады.

– Білім ошағындағы 49 оқушының 42-сі – өзіміздің қаракөздер. Тек 3 сынып орысша болғандықтан, аралас мектеп санатындамыз. Негізінде үш сыныпты бірлестіріп оқыту тиімсіз, сондықтан таза қазақша мектеп болуға құлшыныс танытудамыз. Жаңалықтарымыз да жоқ емес, мектеп жас мамандармен толықты. Ал бала санын көбейтуге бәріміз білекті сыбана атсалысуымыз керек. Өйткені жабылуға шақ қалған ауылдарды сақтап қалудың бірден-бір жолы осы, – дейді Дархан Малғаждарұлы.

Биыл мектепті үш түлек бітіреді. Дайындық сыныбында тәрбиеленіп жатқандар 6-ау. Бір өкініштісі, бұл бүлдіршіндердің ата-анасы қазақтілді бола тұра, өздері бір-бірімен орысша шүлдірлеседі екен. “Бұған ата-аналардың өздері кінәлі”, – деп отыр мұғалімдер. Себебі үйде балаларына смартфонды құшақтатып қоятын көрінеді. Сана-сезімі енді дамып келе жатқан балаларға қызылды-жасылды дүниенің бәрі қызық. Сөйтіп, қаптаған өзге тілдегі мультфильмдерді көп қарап, тілдері қисық шыққаны көрініп-ақ тұр. Смартфонның зиянын осындай қарапайым мысалдардан-ақ аңғаруға болады.

Мектеп демекші, ауыл аты өзгергенімен мектеп пен Мәдениет үйінің аты сол күйі тұр екен. Өкінішке қарай, бұл жолғы оқырмандармен болған кездесуде Бике ауылының әкімі Анаргүл Бәкеева болмады. Ауылдастар тарапынан өзіне қойылар сыннан қашқақтады ма, әлде журналистермен кезіккенді әуре санады ма, әйтеуір, біз кеткенше төбе көрсеткен жоқ. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін әкімнің өз аузынан естиік деген ойымыз далада қалды.

Бике ауылында 500-ге жуық адам тұрады. Кезінде мұнда 15-ке тарта дұңған отбасы қоныс аударып келген болса, қазір олардың 4-еуі ғана қалыпты. Жер емшегін емуді ата кәсіп еткен олардың мұнда көп тұрақтамауына жол мен жұмыссыздық әсер еткен көрінеді. Өйтпесе, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі жақсы. Ұлты басқа демей, көшіп келгендерге кезінде жабылып көмек жасағандарын, әлі де көмек қолын созудан кетары емес екендерін жеткізді. Олар ауылға дейінгі 9 шақырым жолға қаражат бөлінсе де, ол ақша тұрғындардың игілігі үшін неге игерілмегеніне таң. Бұл сауал аудан әкімімен болған кездесуде де айтылыпты.

Кезінде Бостандық та келешегі бұлыңғыр елді мекен тізіміне ілігіп, тарап кету қаупі төнген. Тұрғындар жайлы жер іздеп, жан-жаққа үдере көшкенде оқушылардың саны екі есеге дейін азайып кеткен. Не іс-темек керек деген мәселе бірінші кезекте мұғалімдерді қатты ойландырып, сол кездегі мектеп басшысы Айгүл Сарбасованың бастамасымен тосын шешім қабылданды. Яғни жазғы демалыс кездерінде жақын маңайды, ағайын-туысты аралап, “оқушы жинау” науқаны басталып кетті. Бұл іске ата-аналар да тартылды. Шаруа қожалықтары да шет қалмады, сөйтіп, игі қадам өз жемісін берді. Осылайша 11 жылдық мектеп мәртебесі сақталып қалды. Кейін “Уақытша отбасы” бағдарламасына 12 отбасы қосылып, оларға ай сайын субсидия түрінде жәрдемақы төленеді. Соңғы үш жылда 15 отбасы қоныс аударып, “Еңбек” бағдарламасы арқылы оннан астам жаңа баспана бой көтерді. Тұрғындардың, шетте жүрген азаматтардың қаржылық қолдауымен намазхана, дүкен ашылды.

“Уфадағы “Ғалия” медіресесін бітірген, Ленин орденінің иегерлері Ғалым Мусин, Ғабдолла Шоқаев мектептің негізін қалап, халықтың сауаттануына зор еңбек сіңірді Болат Сағындықов, Ғазез Есмұқанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ысмағұлов, әскери жекпе-жектен әлем, қазақша күрестен Еуропа чемпионы Мақсат Нүсіповті, тағы басқа жерлестерімізді әркез мақтан етеміз, “Сенім” ЖШС-ның директоры Зәпкен Шаяхин қолдан келген көмегін аяған емес. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко ұялы байланыс қызметінің сапасын жақсарту үшін байланыс мұнарасын орнатып берді. Енді күшейткіш аппарат қойып бермекші”, – деген мектеп директоры Бақыт Сыздықов Айгүл Сарбасова, Гүлжан Мантаева сияқты ардагер ұстаздар бас болып, оқырман қатарын толықтырғанын, олардың қатары көбейе түсетінін жеткізді. Мұражай оның негізін қалаушы, сурет пәнінің мұғалімі Темірболат Нұртаевтың есімімен аталады. Әр үйге су тартылып, көшелер жарықтандырылған. Бостандық – Андреевка, Бостандық – Новомихайловқа арасын жалғастыру мақсатымен асфальт жол төселіп, келесі жылы толығымен аяқталатын болады.

Бостандық мектебі – облыстағы үздік білім ошағының бірі. 2004 жылдан бері 12 оқушы “Алтын” белгіге, 8 оқушы үздік аттестатқа ие болған. “Болашақ” бағдарламасы аясында 3 түлек шетелде білімдерін жетілдірді. Соңғы он жылда мектеп бітірушілер тегіс мемлекетік грант жеңіп алды. “Серпін” бағдарламасы шеңберінде диплом алған Гүлжайна Пірімбетова, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Махамбет Алдаберген сияқты жас мамандар жұмысқа орналасқан.

Биыл құт қонған, ырыс-берекесі тасыған елді мекеннің 90 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Ауданда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 408 шақырым, оның ішінде жартысына жуығы аудандық маңызды санатта. “Қызыләскер – Раздольное” бағытында құрылысы сағызша созылып кеткен жолдың жайы жүргіншілерді әбден титықтатқан тәрізді. Мердігер ұйым жұмысты соңына дейін аяқтамаған. Сапасы да сын көтермейді. Раздольное, Степное, Қызыләскер ауылдарында бір мыңнан аса адам тұрады. Күре жолмен күнде қатынайтын оларды шұрқ-шұрқ жол мезі еткен. Аудан орталығына дейін қатынаудың өзі – бір машақат. Новомихайловка – Бостандық, Новомихайловка – Раздольное бағытындағы, “Жаңажол” шекарашылар бекетіне дейінгі жолдар да қалпына келтіруді қажет етеді. Биыл ауданға бөлінген қыруар қаржының 410 млн. теңгесі игерілмей, кері қайтарылған. Облыс әкімі бақылауды күшейтіп, қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалауды тапсырды.

Андреевка ауылында орналасқан 11 жылдық мектеп – аралас. Қазақша сыныптар – алтау. Мектеп директоры Мейірхан Жұмықов өзі және оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынар Бакеева үлгі көрсетіп, “Soltüstık Qazaqstan” газетіне бірінші болып жазылыпты. Ұстаздар қауымымен кездесу барысында жоғарыдан мүлдем беймәлім, белгісіз басылымдарға жазылу талабы қойылатынын, нұсқау берілетінін, олардың саны шектелсе, жергілікті, оның ішінде ұлттық басылымдардың оқырмандары арта түсер еді деген пікірлер аз айтылған жоқ. “Біздіңше, жазылу құқығын әркімнің еркіне қалдырған дұрыс. Сонда облыстық, аудандық газеттер тиражының көбейері күмәнсіз. Өйткені жергілікті жаңалықтар бәрімізді қызықтырады” деген пікірлер негізсіз емес.

Жолай “Арқалық” ЖШС-ға соқтық. Басшысы Нағашыбай Барлыбаев ұжымды 10 дана “Soltüstık Qazaqstan”-ға жаздыртқанын, мұнымен шектелмейтінін айтты. Шаруашылық 2004 жылдан бері ішсе сусын әрі ем – қымыз ашытып, жоғары технологиялы өндірісті жолға қоя білген. Жарты мыңға жуық асылтұқымды жылқы өсіреді. Жазда – 120, қыстың көзі қырауда 30 бие үзбей сауылады. Бұл да үлкен еңбек. Қымыз өндіретін цех толық автоматтандырылған.

Мамлютка қазақ мектеп-интернаты ұжымының екі маманы ғана “Soltüstık Qazaqstan”-ның оқырманы. Кейін бізбен хабарласқан директордың орынбасары Ақып Қаражұманова тағы бес адамның жазылғанын, түсіндіру жұмыстары тоқтамайтынын жеткізді. Ал Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы ұжымнан тыс жеті газетке жазылғанын айтты.

Мамлют ауданы.

Суретте: “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов (сол жақта) және атқарушы директор Арыстан Жүнісов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp