«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ТӨРІНДЕ ТҰРСЫН

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Қазіргідей ақпараттық соғыс дауылы күшейіп, әлеуметтік желілер үстемдік құрған аласапыран заманда тарихтың куәлігіне баланатын таңбалы тастай газеттердің абырой-беделі бәсеңдеп отырғаны – ащы болса да шымбайымызға батып отырған шындық. Бір ғасырдан астам тарихы бар, іргесін Алаштың ардақтылары қалап, керегесін ұлтымыздың аяулы қаламгерлері керген облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті ұжымының жаңа заманның талабы осы екен деп бас шұлғып отырған кезі жоқ. Қарт басылымның тілшілері жыл сайын мерзімді баспасөзге жазылу науқаны басталысымен аудандар мен ауыл-ауылдарды аралап, ондағы ұлттық құндылықтан ажырамаған, төл дүниелеріміздің төрге озғанын қалайтын ағайынмен жүздесуді жақсы дәстүрге айналдырған. Біз бұл жолы қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың теңдігі, егемендігі жолына арнаған, қазақ әдебиетінің аспанында жасындай жарқылдаған ақиық ақын Мағжанды құндақтаған Мағжан Жұмабаев ауданына табан тіредік.

“Soltüstık Qazaqstan” газетінің журналистерін аудан әкімі Қайрат Омаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеген Әбілмәжінов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Нұрқайдарова қарсы алды. “Дөңгелек үстел” басында болған кездесуде газет-журналдардың қазіргі таңдағы рөлі, “Soltüstık Qazaqstan”-ның таралымын көбейту мәселесі сөз болып, алдағы жоспарлар, ұстаздардың, жастардың кітап, газет оқуға деген ұмтылысын арттыру жайы кеңінен талқыланды.

Пандемия кезінде таралымы күрт төмендеп кеткен басылым биыл бұл олқылықтың орнын толтырып, оқырмандар санын он мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ауыл-ауылдарға ат басын бұрудағы негізгі мақсаттың бірі – осы. “Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты”, – деп ақын Шортанбай Қанайұлы жырға қосқандай, өмірімізге әлеуметтік желі, ғаламтор, телефон дендеп енгелі ұлттық құндылықтарымыз, терең тарихымыз, төл мұраларымыз шетқақпай қалып отыр. Жастардың дені таңалакеуімнен қара кешке дейінгі өмірлерін виртуалды әлемде өткізуде. Интернеттегі қызылды-жасылды, жарнамалары жер жарып тұрған, берер тәлімі таңдайға татымайтын дүниелерге құмартқан олар шынайы өмірден, бай мәдениетіміз бен көркем әдебиетімізден қол үзіп барады. Бұл – бір ғана ауылға немесе облысқа емес ұлтымызға төніп тұрған кесапат. Алғашқы қадасы қағылған сәттен бастап ұлтқа, қазаққа қызмет етуді ұлы мұратына балаған сүйікті басылымымыз осы асқаралы міндеттен бір мысқал да төмендеген емес. Саны аз ұлттар жаһандану аранына оңай жұтылып бара жатқан қазіргідей алмағайып дәуірде газетті сақтау, оның өзі мен сөзін кие тұту ауадай қажет. Біз бұл мәселенің өте өзекті екенін күн өткен сайын аңғарып, сезіп отырмыз. Өз сөзіне осы және өзге де түйінді мәселелерді арқау еткен “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов кітап оқудың, газет-журнал ақтарудың маңызы ешқашан жойылмауы керектігін баса айтты.

“Адамзатты замананың небір толқынды тербелістерінен оқу ғана құтқарған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Президент болып сайланғаннан кейін Абай туралы көлемді, мағынасы терең мақала жазды. Қазақстан халқын Абайды оқуға, ғұламаның әр сөзінен болашақ үшін қажет боларлық дүние алуға шақырды. Президентіміз бұл қадамға бекер барып отырған жоқ. Ол кісінің бұл еңбегі “қазақ оқу-білім арқылы ғана өркениетті елдер сапына кіреді” деген сөйлеммен үндеседі. Шынымен де Абайды оқыған, оның әр сөзінен нәр алған адам елге, жерге, ұлтқа қызмет етпей қоймайды. Кітапқа деген құмарлық газеттің бетін парақтаудан басталатыны белгілі. Қазіргі жастардың көбі әлеуметтік желіде жылт еткен жаңалықтарды оқу арқылы елде орын алып жатқан күрделі құбылыстарға қанықпыз деп ойлайды. Шынтуайтына келсек, бәрі олай емес. Жүз қолдан өтіп сараланған, “мың өлшеніп, бір кесілген” сенімді, толыққанды, сараптамалық мақаланы газеттен ғана табуға болады. Қазақтың небір ардақтылары, асыл азаматтары ұлт тәрбиесімен айналысуды бірінші орынға қойған. Біздің газетіміздің де көздегені осы – ұрпақ, ұлт тәрбиесі”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

Бұл пікірлерді аудан басшысы да мақұлдап отыр. Ол өз сөзінде облыстық газетке жанашыр екенін айтып, таралымының молаюына үлес қосатынын жеткізді.

Содан кейін үш бағытты бетке алып, ауылдарды аралауға аттандық.

Біз табан тіреген Сарытомар ауылы – киелі мекен. Бұл жерде “арлы жүрегімен асыл мұратты аңсаған”, ұлтын шексіз сүйгені үшін теперіш көрген, солақай саясаттың құрбаны болған Мағжан ақын дүниеге келді. Елді мекеннің қазіргі тіршілігі көңіл сүйсінтеді. Ауыл тұрғындары мен ұстаздар қауымы Сарытомар орта мектебіне жиналыпты. Олар әңгіме барысында “Soltüstık Qazaqstan” газетін сүйіп оқитындарын, бұл басылым әр шаңырақтың төрінен орын алуы қажеттігін жеткізді. Елу шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған шағын ғана елді мекенде жұмыс күші көп өңірлерден көшіп келіп, осында тұрақтап қалуды мақсат тұтқан отбасылар да аз емес көрінеді. Олардың әрқайсысының үйінде асыр салып жүгіріп жүрген балалардың есебінен мектептің де тамырына қан жүгіріп, оқушылар саны ұлғайған. “Қазіргі тірлігіміз жаман емес. Ауылдың жүрегі мектеп қой. Бізді ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау қанаттандыруда. Еңбекақымыз жыл сайын өседі. Әр үйге тіршілік нәрі тартылған. Сарытомарлықтардың дені білім ордасында жұмыс істейді. Балалардың кітап, газет оқуға деген ұмтылыстарын шыңдау үшін жоспарлы жұмыстар жүргізілуде”, – дейді мектеп мұғалімдері бірауыздан.

Мағжан ауылынан жайланып шыққан көңіліміз Достық елді мекеніндегі мектепке аяқ басқан бойда су сепкендей басылды. Пайдалануға берілгеніне көп уақыт өте қоймаған даңғарадай мектепте асыр салған балалардың саны санаулы ғана көрінді. Мәселе біз ойлағаннан да күрделі екен. Жүз балаға шақталған мектепте қазіргі уақытта бар-жоғы отызға жуық өрен білім алуда. Оларды оқу нәрімен сусындатып отырған ұстаздардың жанарларынан жалын байқалмайды. “Қазақ газетінің тағдыры, ұлттық құндылық, шекара шебінде тұрған елді мекендер”, тақырыбын сөз еткеннен кейін ғана олар жылы қабақ танытып: “Шекара маңында орналасқан ауылдарға ерекше жауапкершілік артылады. Осындай тағылымы мол шаралар жиі ұйымдастырылса ұстаздардың, жастардың бойында елжандылық, отансүйгіштік рух ұшқыны оянар еді. Сіздер біздің намысымызды қамшыладыңыздар. Төл газетімізді қолдаймыз”, – деп жауап қатты.

Газет – жаңалықтың жаршысы ғана емес, ұлттық идеологияның құралы. Мектеп мұражайындағы қазақтың қазіргі бағдарына, Тәуелсіз мемлекетіміздің саясатына мүлдем үйлеспейтін келмеске кеткен кеңес заманындағы заттар, қызыл жалау, “Күн көсемінің” портреті көзге түрпідей тиді. “Сәлеметсіз бе”-мен қарсы алып, “сау болыңыз”-бен шығарып салған мектеп директорына мұражайдағы жәдігерлерді қайта жарақтандыру, оларды сөрелерге бөліп орналастыру мәселесін, төрде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан азамттардың суреттері, атқарған жұмыстары жайғасуы қажеттігін айттық, ескерттік.

Біз ат басын бұрған үшінші ауыл – Сулышоқ. Алақандай ауылдың тірлігі үйлесімді. Сулышоқтың ажарлануына, мұндағы әлеуметтік жағдайдың оң шешілуіне осы жерден түлеп ұшқан кәсіпкер Қайрат Жәнібековтің қосып отырған үлесі зор. Бұған жергілікті тұрғындар да дән риза. Қайрат Сапарғалиұлы еліміздің оңтүстік өңілерінен көшіп келген отбасыларға арнап алғашқы жылы – 5, екінші жылы 10 үй салып беріпті. Жайлы баспанаға қоныстандырып қана қоймай, қораларын малға толтырған. Қайсібір жылдары 7-ақ оқушысы қалып, ауыл таралудың аз-ақ алдында тұрғанда Қайрат Жәнібеков батыл іске кірісіп, біраз шаруаның басын қайырыпты. Қазіргі уақытта елді мекендегі оқу ошағында тоқсанға жуық бала білім алуда. Туған жеріне жанашыр кәсіпкердің тікелей қолдауымен әбден тозған мектеп жөндеу көріп, терезелері түгел ауыстырылыпты. Тұрғындардың, ұстаздардың қатысуымен болған кездесуде ол кісі де төбе көрсетіп: “Қазақ тілінде жарық көретін облыстағы жалғыз басылымды қолдау арқылы біз өзіміздің елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігімізді әйгілей аламыз. Бұл игі іске өзімнің де үлесімді қосуды міндет санаймын”, – деп уәдесін берді.

Біз ат басын тіреген Құралай ауылы Лебяжье ауылдық окургіне қарайды. Ауылда үй арасы кең орналасыпты. Ондағылар азғантай малын қараумен күн өткізетін сияқты. Екі қабатты үлкен мектепке бас сұққанымызда бізді ең бірінші таңғалдырған жайт – білім ордасының атауы. “Қызыл Қазақстан” деген жазу көзге де, көңілге де түрпідей тиеді екен. Бізді бастап жүрген жол-серігіміз – аудандық “Мағжан жұлдызы” газетінің редакторы Еркебұлан Елубаевтың айтуынша, бұл кеңес үкіметінен қалған сарқыншақ атау.

Қызыл Қазақстан орталау мектебінің директоры Жанар Ырысованың мәліметінше, мұндағы 50 үйде 217 тұрғын түтін түтетуде. 192 орынға шақталған мектепте 29 оқушы, 15 мұғалім бар. Негізгі мектепте 41 оқушыдан аз болмау керек деген өлшемге салсақ, бұл білім ошағының жайы да көңіл көншітерлік жағдайда емес. Биыл бірінші сынып табалдырығын екі-ақ оқушы аттағаны кімді де болсын ойландыратыны анық.

Ұстаздар қауымы ауылға көпбалалы ата-аналардың қоныс аударып келуінен үмітті. “Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара, көп болып қолғабыс ете отырып, әуелі екі қолға бір күрек табу мәселесін шешіп беретін едік”, – дейді. Әсіресе мектепке химия, биология пәндерінің мұғалімі қажет. Қазақтың дәстүр-салтын ұстанған, жері құнарлы, халқы берекелі осындай ауылдардың бұрынғы қалпын сақтап қалу жұмыстары осыдан он жыл бұрын қолға алынғанда бүгінгідей үй арасы сиреп қалмас еді деген ойға қалдық.

Алтын ұя мектебінен білім алып, үлкен өмірге аттанған жастардың қайта айналып өз ауылдарында қызмет етуі – құптарлық әрі қуантарлық іс. Әлі де болса бұл үрдісті жандандырып, ол үшін жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін бағдарламалардың шикі тұстарын пысықтап, мектепті оқушымен толтырудың қандай да бір амалын қарастыру керек сияқты.

Мектептегі кездесуде ауыл тұрғындарынан ешкім болмады. Ұстаздар қауымы газет-журнал, кітап оқудың пайдасын насихаттауда барлық міндетті мұғалімдерге артудың дұрыс еместігін алға тартты. Олардың пайымынша, үйдегі ата-ананың рөлі басым болуы тиіс. “Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” деп қазақ жайдан-жай айтқан жоқ қой, бала отбасында нені көреді, өзге ортада соны қайталайды. Әр жолғы ата-аналар жиналысында осы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі”, – деді олар.

Біз мектептен шыққаннан кейін аядай ауылды көзбен шолып, иесіз үйлердің бар-жоғына назар салдық. Ондағымыз – бос тұрған үйлерге жаңадан қоныс аударғандар келіп жайғасса, ауыл адаммен толып, сәні кірер еді деген ой. Ауылдан өзге тұраққа қоныс аударғандар бұрынғы баспаналарын бұзып, қажетке жарайтын материалдарын өздерімен бірге алып кететінін жергілікті тұрғындардан естідік. Үйлердің алыс-алыс орналасқаны да содан, тек орнында ескі жұрт қана қалады. Ауылдың оң қапталы қаптаған егін болса, сол қапталындағы көлге дейінгі көз жетпейтін жер мал жаюға арналған. Біз болған кей ауылдармен салыстырғанда бұл елді мекеннің тұрмысы көш ілгерілеу: әрбір үй таза ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Жол да, интернет те бар.

– “Soltüstık Qazaqstan” – өңіріміздегі жалғыз қазақтілді өңірлік газет. Әр санында көптеген пайдалы дүниелер жарық көреді. Кей беттеріндегі керекті жазбаларды оқушыларға оқып, мазмұндап келуге міндеттейміз. Біздегі мұғалімдер бұл газетке ғана емес, басқа да бірнеше басылымға жазылады. Газетке жазылуды өзімізден бастағанымыз дұрыс, – деді мектеп директоры Жанар Нөкербекқызы.

Аудан орталығынан жырақта орналасқан кей ауылдардың тұрғындары әдетте пошташының қызметіне реніш танытып жатады. Ал бұл ауылға хат-хабар уақытында жеткізіліп тұратын көрінеді. Бір кем тұсы, Құралайда дүкен жоқ, аудан орталығына төте автобус қатынамайды. Тұрғындар керек-жарағын көрші Лебяжьеден болмаса аудан орталығынан такси жалдап алып қайтады.

Қарақоға ауылдық окургінде көптеген мәселе шешімін тапқанына көз жеткіздік. Бізді ауыл әкімі Жанболат Мұқашев пен мектеп директоры Жания Хайдарова құшақ жая қарсы алды. Окургте 2000-нан астам тұрғын болғанымен, қарамағындағы Образец пен Чистоеде қазақтар саны аз. Ал Қарақоғаның өзінде 530 отбасы тұрады.

Оқырмарндармен кездесуге ұстаздардан тыс оншақты ақсақал таяғына сүйене жетіпті. Соған қарағанда үлкендер жағы өз ауылдарының әрбір мәселесіне бейжай қарай алмайтын сияқты. “Облыс орталығынан күнде журналистер келе бермейді, жүзбе-жүз сөйлесіп, көкейде жүрген сауалдарымызды қойсақ деп едік”, – дейді жүзін әжім торлаған алдыңғы толқын өкілдері. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” деген ғой, өмірде көргені мен түйгені көп олардың басты алаңы – немерелерінің болашағы.

– Смартфон деген пәле шыққаннан бері жастар жағы жеңіл тірлікке, оңай олжа табуға, алдамшы дүниелерге көп бой алдыратын болды. Балаларға үнемі ататек, салт-дәстүр жағын айтып отырамын. Бірақ үлкеннің сөзіне құлақ асар ұрпақ шамалы. Ауылда өзге этнос басым болғандықтан, көп жастар аралас неке дегеннің құрығына түсті, өзге ұлттан қыз алып, қыз беру баяғыдан сәнге айналған. Немерелерім қазақша білгенімен, орысшаға бейім. Бұл біріншіден ана сүтінен дарыған тәрбиенің саяздығы болса, екіншісі, әлеуметік желі, интернеттің әкелген зияны, – дейді ауыл ақсақалы Қарымсақ Қалиев.

Ауыл имамы Мұрат Қапкенов: “Балаларды газет-журнал оқуға қызықтырудың түрлі тәсілін ойластырған дұрыс, мәселен, мектеп кітапханасында оқушыларға жарты сағат уақыт бөліп, олардың жергілікті басылымдарды шолып шығуына мүмкіндік беріп, өрендер бірте-бірте экран бетіне емес, қағаз бетіне көп үңілер еді”, – дейді.

Ал Гауһар Ускумбаева есімді апамыз балаларға дұрыс дағды қалыптастыруда дәрігерлердің де үлесі бар екенін айтады. Әсіресе дәрігердің сөзін бұйрық ретінде қабылдайтын балалар жаман әдеттен бір сәтке болса тыйылады. Бұл тәсілдің де жаны бар, ата-ана, дәрігер, мұғалім болып үш жақтан іске кіріскенде оң нәтиже шығатыны анық. Шынымен де қазіргі балаларда психикалық ауытқу белең алып бара жатқаны өтірік емес, көріп отырған телефонды қолынан жұлып алсаң, өзіңе айғайлаудан тайынбайды.

Өз кезегінде Қарақоға орта мектебінің директоры Жәния Абайқызы білім ошағында 278 оқушы білім нәрінен сусындап жатқанын айтты. Солардың 60-қа жуығы ғана – өз қаракөздеріміз.

Бинаштықтар ауылда су болғанымен сапасы сын көтермейтінін, ішкі жолдардың жөндеу күтіп тұрғанын, интернет байланысының нашарлығын, балалар алаңқайының жоқтығын айтты. Ауылда 180-ге тарта адам тұрады. Мектепте 32 оқушы ғана оқиды. Бұл да ойлантарлық жайт.

СУРЕТТЕ: Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің ұжымымен кездесу.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp