«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ ӨСЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшері орташа алғанда 27 пайызға өседі деген сөз. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілектері ескеріле отырып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанша ұзартылды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері одан әрі көбейтіледі. Жалпы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін екі санатқа бөлуге болады. Зейнеткерлердің бірінші санатына қатысты айтарымыз, егер олар 1998 жылға дейін зейнетке шығып, толық еңбек өтілі болса, зейнетақысының орташа мөлшері айына 125 мың теңгеден асады.

Екінші санаттағы зейнеткерлердің (жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу кезіндегі зейнеткерлер) зейнетақы мөлшері бірінші топпен салыстырғанда төмен. Себептері мынандай: бюджеттен ынтымақты зейнетақы тағайындау барысында қолданылатын 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюы, бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа жеткен адамдардың 40 пайызға жуығында толық еңбек өтілінің болмауы; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің аз болуы себепті БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары көлемінің жеткіліксіз болуы (1998 жылдан бастап).

Мемлекет басшысы тәуекелдер ықтималдығын болдырмау үшін зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасын ұсынды. Оның біріншісі – жоғарыда тоқталғанымыздай 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде бес жылға дейін тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Алдағы бес жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде қосымша шешімдер қабылданатын болады. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтарының желісін құруға ерекше назар аударылады.

Жүзеге асырылатын шаралар мынандай мақсаттарды көздейді: біріншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100 пайыздан 120 пайызға дейін кезең-кезеңмен көтеру. Осы уақыт аралығында базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артатын болады. Сөйтіп, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13 пайызды құрап, 2 млн. зейнеткерді қамтиды, екіншіден, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемі 46 айлық есептік көрсеткіштен 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекет “жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу кезеңіндегі зейнеткерлерді” қолдау міндеттемесін өз мойнына алып отыр.

Бұдан басқа, “2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға орай зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 3450 теңге, ең төменгі зейнетақы – 53076 теңге, күнкөріс деңгейі – 40567 теңге, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 24341 теңге болып белгіленеді. Ал жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша есептелетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10,5 пайызға көбейтіледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің 54 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғаюына байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері жоғарылайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты көбейтіледі.

Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты: №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылардың, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақының, бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері де арттырылады.

Облыс бойынша зейнетақы және әлеуметтік төлем алушылардың саны 141 мыңнан асады, оның ішінде зейнеткерлердің саны – 101 мың адам. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемдерді өсіру автоматты түрде жүргізіледі.

Гүлбақыт МАНАБАЕВА,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp