«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аққайыңда газет оқымайтындар көп екен

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Соңғы екі ай бойы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” қоғамдық-саяси газетінің ұжымы жол үстінде болды. Күннің суығына, жолдың сапасыздығына қарамастан, ауыл-ауданды аралап, тұрғындармен кездестік. Сапар барысында көп адаммен таныстық, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігін көрдік. Газет үшін де, оқырмандарымыз үшін де маңызды сапарды Аққайың ауданымен түйіндедік. Аққайың – қазағынан қонағы басымдау аудан. Мұнда өмір сүріп жатқан қазақтардың үлесі 40 пайыздың төңірегінде. Содан да болар, аудандағы 32 ауылдың ішінде таза қазақтар тұратын елді мекендер – Дайындық пен Аралағаш қана. Дегенмен аралас-құралас отырған елді мекендерді айналып өтпеуді ұйғардық. Жергілікті атқамінерлермен ақылдасып, баратын ауылдарды анықтап алып, жолға шықсақ, ұйытқи соққан жел жердің бетін енді жапқан ақ ұлпа қарды аспанға көтеріп, ойран-асырын шығарып жатыр екен.

Жанымда жол көрсетуші серігім – Смирнов аудандық кітапханасының директоры Мәрияш Шәріпова бар. Екеуіміз кітап, газет-журнал оқудың пайдасы жайлы сөйлесіп келеміз. Бүгінгі таңда Аққайың ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 14 мемлекеттік кітапхана мен Дайындық ауылындағы бір жеке кітапхана кіреді екен. Кітапқоры 135 мыңнан асады, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 52 мыңның төңірегінде. 2021 жылы кітапхана қоры 900 дана көркем және балалар әдебиетімен толықтырылыпты, оған жергілікті бюджеттен 1 млн. теңге қаражат бөлінген. Биыл жыл басынан бері тағы 853 кітап түсіпті. Сонымен қатар С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың мемлекеттік тапсырысы есебінен 3 мыңға жуық кітап алыпты. Жыл сайын мерзімді басылымдарға, 24 газет пен журналға жазылуға жергілікті бюджеттен 1,5 млн. теңге сомасында ақшалай қаражат бөлінетінін де білдік.

– 2020 жылы біз “Рухани қазына” республикалық байқауына қатысып, “Аудандық маңызы бар үздік мемлекеттік кітапхана” номинациясы бойынша жеңімпаз атандық. Марапат ретінде Мәдениет министрінің дипломы және 1 миллион теңге ақшалай сертификат берілді. Бұл қаражатқа аудандық кітапхананың коворкинг орталығының материалдық-техникалық базасы жаңартылды, – дейді Мәрияш Шәріпова.

Теріскейде күре жол бойында орналасқан Астраханка ауылын басып өтпеген жан жоқ шығар. Ары-бері жүргендер бұл ауыл тұрғындарының саудаға бейім екенін байқаған болар. Қысы-жазы өздері өсірген жеміс-жидек, көкөністерін, қолдан жасаған бұйымдарын саудалайды. Осы ауылдағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, келген себебімізді түсіндірдік. Орысша білім беретін мектепте 2007 жылы оқушылардың “Жас дәурен” домбыра оркестрі құрылған екен. Аудандық, облыстық конкурстардың лауреаты атанған оркестрдің жетекшісі – музыка пәнінің мұғалімі Серік Кульпуков. Оқушыларға қазақ өмірінде маңызды орын алатын аспапты үйретіп қана қоймай, оркестр құрғаны – құптарлық іс.

Бүгінгі таңда мектепте 134 бала оқып жатыр. Оларды білім нәрімен сусындатып жүрген 24 ұстаздың арасында қазақтардың қарасы қалың екенін көріп, көңілде болашақта қазақ сыныптары да ашылып қалар деген үміт пайда болды.

Смирнов ауылындағы аудандық орталық аурухана мен №3 Смирнов орта мектебінің ұжымымен де кездестік. Аудандық орталық ауруханада жас мамандар көп екен. Бірақ біз барған кезде олардың дені науқастарды қабылдап жатқан соң, жұмыс орындарынан қозғамадық. Ұжымның жартысымен сөйлесіп, тілдің жайын, газетке жазылудың маңызын айттық.

Қазіргі таңда тілдің байлығы сөздік қорымен емес, сол тілдегі ақпараттың көлемімен, яғни контентімен, мазмұнымен өлшенеді. Жер шарында 8 миллиардқа жуық халық бар. Ал Қазақстанда 19 миллионнан астам адам тұрады. Біздің әлемдегі үлесіміз – 0,24 пайыз ғана. Демек, біздің контент жасау қуатымыз да осы деңгейде болмақ. Біз газет шығарсақ, оқырмандарымыз газетке жазылу арқылы ана тілімізді қолдаса екен дейсің.

Газеті бар үйдің баласы оқуға құштар болады. Оқуға құштар баланың келешегі кемел екенін аян. Бұл ойымызды аудан орталығындағы жалғыз қазақтілді мектептің ұжымы да қолдады. Жалпы өңіріміздегі қазақ мектебі мен қазақтілді газеттердің тағдыры бір екенін байқадық. Біз өңірдегі әр қазаққа, қазақ тілін қолдайтын жандарға мерзімді басылымға жазылыңыздар деп өтініш айтып жатсақ, бұл мектептер де ұстаздардың егемендіктің елең-алаң шағында үй-үйді аралап, бала жинауының нәтижесінде ашылғанын жалпақ жұрт жақсы біледі. Қазірдің өзінде белсенді топ ата-аналар арасында балаларды қазақтілді мектепке беру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді екен.

№3 Смирнов мектебі тіл жанашыры Сансызбай Жұмабек сынды белсенді азаматтың ұйымдастыруымен 17 баламен ашылған еді. Бүгінде білім ордасында 280-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін бұрынғы балабақша ғимаратында отырғаны көңілге кірбің ұялатады. Ғимараты түгілі, ішіндегі жиһаздары да әбден тозыпты. Жаңа ғимараттан үміттерін үзбеген ұжым биыл да жоғары жаққа қажетті құжаттарды жіберіпті. Бірақ содан еш нәтиже болмай тұр.

Ұжым мектептің тарлығына да, материалдық базаның тозғанына да қарамай, өздеріне жүктелген міндетті зор жауапкершілікпен атқарып отыр. Сапалы білім беріп қана қоймай, ұлттық тәрбиеге де баса көңіл аударып отырған мектепте өткен жазда “Саржайлау” атты этноауыл типіндегі сауықтыру лагері жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Мақсат – балалардың демалысын қызықты әрі пайдалы етіп ұйымдастыру, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді дәріптеп, насихаттау, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді үйрету, көрсету. Мектеп аумағына киіз үй тигіліп, алтыбақан құрылып, қазан-ошақ көтерілген. Қыздар жағы нан илеп, бауырсақ пісіруді үйренді. Даладағы ошаққа піскен сары бауырсақты этноауылдың ашылу салтанатына келген қонақтарға ұсынды. Сондай-ақ оқушылар бұл жерде жүн түту, алаша тоқу, қамшы өру секілді қол өнерімен танысқан. Бесасық, асық ату, сақина тастау, сиқырлы таяқ секілді ұлттық ойындар ойнап, қазақтың ауыз әдебиетімен сусындапты. Аудандағы қазақ тілі мен ділінің қарашаңырағы болып отырған мектеп ұжымы Алаш қайраткерлері еңбек еткен газетті қолдайтындарын айтты.

Аққайың ауданына қарасты бірнеше ауыл Астана – Петропавл тасжолының бойында жатыр. Солардың бірі – Рублевка. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, осы өңірдің тумасы Қайрат Бабақовтың айтуынша, байырғы атауы – Ақсуат. Өкінішке қарай, қазіргі буынның көбі бұл атауды ұмыта бастаған. Екі жүзден астам үйі бар елді мекенде “Зенченко” ЖШС тауарлы-сүт фермасын салған. “Баянды” ЖШС егін егеді.

Жергілікті мектептің іргесі сонау 1911 жылы қаланған, ал қазіргі ғимаратқа 1985 жылы көшкен екен. Аралас білім ошағында 80 шақты бала оқиды. Ал бүлдіршіндер шағын орталық пен даярлық тобына барады. Жоғарыда аты аталған екі серіктестіктің қаржылай көмегінің арқасында барлық бала тегін тамақпен қамтылған.

Оқырмандармен кездесу білім ошағында өтті. Тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын жолдады. Ауыл тұрғыны Гүлшынар Қалиқызы медициналық мамандардың қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.

– Рублевка – болашағы бар, үлкен ауыл. Тұрғындар саны 700-ден асады. Күрежолдың бойында орналасқандықтан, қатынас жағынан қиындық көріп отырған жоқпыз. Елді мекенде бас ауырып, балтыр сыздағанда баратын медициналық пункт те бар. Бір емес, екі адам жұмыс істейді. Алайда ауырған кезде система қоймайды. Айтуларынша, санитарлық-эпидемиологиялық станция рұқсат бермейді екен. Амалсыздан ауырған адам аудан орталығына немесе Ленинское ауылындағы амбулаторияға баруға мәжбүр. Медицина қызметкерлеріне қолдарынан келетін істі атқаруына неге кедергі жасайды, – деген ауыл тұрғыны “Жедел жәрдем” көлігі жоқтығын да қынжыла жеткізді.

Тұрғындар жергілікті дүкендердегі азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне де шағымданды. Оның үстіне тауардың құнын жазбайтын болған, келген адамға ойына келген бағаны айтады-мыс. Мысалы, бір затты түске дейін басқа, ал түстен кейін одан қымбатқа сатуы мүмкін. Жәке кәсіпкердің ісіне араласуға ешкімнің қақысы жоқ, бірақ тұрақтандыру қоры арқылы таратылатын әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік құнының қымбаттап кетпеуін жергілікті әкім қадағалап отыруы тиіс еді ғой.

Көкшетаудан бері қарай жолға шыққан қонақтар орысша атаулардан көз сүрінетінін, құдды бір көрші елге келгендей әсерде болатынын үнемі айтады. Сөздерінің жаны бар. Екі жүз шақырымдай аралықта атауы қазақша екі ауыл ғана кездеседі. Соның бірі – Аралағаш. Аққайың ауданында беткеұстар ауыл десе де болады. Тоқырау жылдары жүдеңкіреп кеткен елді мекен қазір қайтадан жаңғыра бастаған. Биыл облыстағы ең үлкен құс фабрикаларының бірі салынды. Былтыр ішкі көшелеріне асфальт төселгенін айта кеткен жөн. Көптеген ауылдарда жойылып кеткен халық театры Аралағашта ғана сақталған. Тұрғындар саны үш жүзден сәл асқанымен, болашақта жаңа үйлер салынып, жұмыс күші артық өңірлерден ағайындар көшіп келеді деген жоспар бар.

2021 жылы күрделі жөндеу жүргізілген белгілі ғалым Қайырбек Оразов атындағы мектепте жақын маңдағы ауыл балалары жатып оқитын интернат жұмыс істейді. “Балбөбек” шағын орталығында он бала тәрбиеленуде. Білім ошағының мұғалімдері “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылғандарын жеткізді.

Дайындық ауылының даңқы өңірімізден асып, ел көлемінде кең танымал десек, қателеспейміз. Ұлт жанашыры, даңғайыр диқан Біржан Шаймерденовтің қолдауымен шағын ғана ауылда қалаға бергісіз жағдай жасалған. Газетіміздің биылғы жылғы 8 қазан күнгі санында “Ынтымағы жарасқан, ырысы артқан Дайындық” деген атаумен айқарма бет берілгендіктен бұл мақалада қысқа ғана тоқталамыз.

Ауылға дейін тақтайдай тегіс асфальтпен лезде жеттік. Ауылдың шетінде жаңадан оншақты үй салынып жатыр екен. Келер жылы құрылысы аяқталған соң сырттан көшіп келетін ағайындарға берілмек. Құстың ұясындай ғана шап-шағын мектептің іші де жайнап тұр. Біржан Шаймерденов спорт залын салып берген. Білім ошағының басшысы Талғат Рамазанов бала саны көбейсе, тоғызжылдық білім ошағын орта мектепке айналдыру ойы барын жасырмады. Тек, бірқабатты ғимараттағы сынып бөлмелері жетіспеуі мүмкін. Өңіріміздің көптеген ауылдарында оқушы жетпей жатса, Дайындықта, керісінше, бала көбейіп келеді. Қазірдің өзінде 62 оқушы білім алып жүр.

– Тоқсан жастан асқан анам бар үйде. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы. Сол кісі газет кешіксе пошташыға қоңырау шала бастайды. Өкінішке қарай, жастар жағы оқуға келгенде осалдау. Мұғалімдерге газет оқудың маңыздылығы жайлы үнемі айтып отырамын. Саяси сауатты, кәсіби білікті ұстаз ғана балаға жақсы тәрбие бере алады. Осы жағын ұмытпаған абзал, – дейді мектеп директоры.

Бұған дейінгі оқырмандармен кездесулерде негізінен ауызсу, жол мәселесі көп көтерілгені белгілі. Дайындықта бұл екеуі де шешілген. Дегенмен мұнда да кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, ұялы байланыс сапасы нашар. Мұнара іргедегі Ленинскоеде орналасқанымен кейде байланыс аясынан тыс қалатын жайттар болып тұрады.

Кездесуде қоршаған ортаға қатысты мәселе де көтерілді. Ұстаздар Қызылжардың сәніне айналған аққайыңдар сиреп бара жатқанына қынжылады. Оқырмандармен жүздесу мақсатымен аудандарды аралап жүргенде бұл жайтпен біз де бірнеше рет бетпе-бет келдік. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Троицкое ауылының маңында сары даланың сәні – биші қайыңдар аяусыз оталып, иен даладағы пештерде жағылып жатыр екен. Ондағы мақсат – қайың көмірін даярлау. Жылуы да далаға кетіп жатыр, түтіні де айналаға тарауда. Бастысы, облыстың басты байлығы – аққайыңды ормандары азаюда. Аққайың ауданында да орман қорын пайдаланатын кәсіпкер бар. Тұрғындардың айтуынша, ағашты аяусыз кесіп, байып жатқандардың көбі өзге ұлт өкілдері көрінеді. Аққайыңның көз жасын көрмеген олар аяушылық сезімнен жұрдай ма деп қалдық. Әлде, ну орманды қу тақырға айналдырып болған соң, тарихи отандарына кетіп қаламыз деп ойлай ма екен? “Бір тал кессең, он тал ек” дейтін қағида осы жерде орындалмай жатқан сияқты.

Аққайыңды атау қылып алған ауданнан қаланы бетке алып, жолға шықтық. Ұйытқыған желдің беті қайтатын түрі жоқ, одан әрі есіре түскен. Осындайда ық болар ормандардың оталып жатқаны тағы ойға оралды. Мына бетімізден қайтпасақ, көрген кісінің көз жауын алар аққайыңды өлкеміз жынды желдің мекені – жазық далаға айналмасына кім кепіл? Оқырмандар айтқан бұл ойдың салмағы тым ауыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp