«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ветеринария адамзатты емдейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт То­қаев 2021 жылы қыркүйек айында Қа­зақстан халқына арнаған “Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі” атты Жол­дауында ветеринария саласын же­тіл­діру, соған орай орталық пен өңір­лер арасындағы міндеттер мен құ­зыреттерді бөлу, сондай-ақ үдеріс­терді цифрландыру, мәлімет жинау, оны автоматтандыру, маман даяр­лау және олардың жалақысын кө­бейту талаптарын қойды. Жыл со­ңына дейін Үкіметке ветеринария жү­йесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды жүктеді. Мұн­дай игі бастамалар ветеринария са­ла­сында көптен бері айтылып келе жатқан түйінді проблемаларды тү­бегейлі шешеді деген сенімдеміз. Мемлекет басшысының тапсыр­мас­ына сәйкес, былтыр бұл мәселелер Сенатта арнайы талқыланып, мал дәрігерлерінің жалақысын арт­тыру, ветеринарлық станциялардың материалдық-техникалық жабдық­талуын жақсарту негізгі тақырып ар­қа­уына айналды. Басқосуда жарты мыңға жуық маманнның жетіспей­тіні, жоғары оқу орнын бітірген дип­ломды жастар елді мекендерге бар­ғанмен, жеңілдікті әлеуметтік жағ­дайдың жасала бермейтіні ашық ай­тылды. 2021-2023 жылдарға арнал­ған ветеринарлық қызметті дамыту және нығайту жөніндегі кешенді ша­ралар қабылданып, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты бақылау, ветери­на­риялық дәрі-дәрмектің айналымы, жануар­лар ауруларын болжау сияқ­ты ұсынымдар тиісті орындарға жол­данды.

Бүгінде “дәрігер адамды, вете­ри­нария адамзатты емдейді” деген сөз өз маңызын жоғалта қойған жоқ. “Ве­теринария туралы” Заңда жа­зыл­ған­дай, бұл салаға сау және ауру жа­нуарлар организмінің тірші­лік заң­ды­лығын, кеселдің пайда болу, алдын алу себептерін, анық­тау әдіс­те­рін, малды күтіп-баптау, азықтан­ды­ру, жұ­мысқа жегу жолда­рын ес­кере оты­рып, ауру жануар­ларды ем­деу, со­ны­мен қатар адам­ды жануар­лар мен адам­ға ортақ ау­рулардан сақтандыру шараларын то­лық қамти­тын ғылыми білімнің ке­ше­ні ретін­де қарайтын бол­сақ, мал басының амандығы және өнім­ділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екен­дігі еш­қандай дау туғызбайды. Оның қыз­­меті қазіргі заман талабына сай бол­маса, ауыл шаруашылығы өнімде­рін өндіруде нақты нәтижеге жету қиын.

Аудандық ветеринариялық стан­ция өз қызметінде ветеринарлық-са­нитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұқпалы және экзотикалық ке­селдердің таралуына жол бермеу, қор­шаған ортаны ластаудың алдын алу, өнімдер мен шикізаттың сапа­сына бақылау жүргізу, тиісті профи­лактикалық шараларды атқару құ­зы­реттерін жүзеге асыра отырып, жер­гілікті атқарушы органдармен үй­лесімді түрде әрекет етеді. Әр ок­руг­те құрылған ветеринариялық пункт дәрігерлері жануарлардың жұқпалы ау­руларына қарсы профи­лактикалық жұмыстармен жүйелі түрде айналы­са­ды. Жыл сайын нау­рыз айынан бас­тап бруцеллезге, ту­беркулезге аллергияға, сібір жара­сына, құтыруға, нодулярлы дерма­титке және т.б. ау­руларға қарсы вак­цинациялау, бұдан бөлек, ауыл ша­руашылығы жануарла­рын таңбалау, ал жылқы түлігіне суық әдіспен таң­балау жүргізіледі. Компьютерлік ба­зада, меншік ныса­нына қарамастан, барлық малдың электрондық есебі топтастырылған. Ветеринарлық дә­рі­герлер тірі малға, етке, сүтке, майға және жануарлар­дан алынатын өнімдердің өзге де түрлеріне вете­ринарлық анықтама жа­зып береді. Бұл құжаттар онлайн-режімде элек­трондық түрде ресімделеді. Жыл ба­сынан бері 1828 ветеринарлық пас­порт және 2604 анықтама берілді.

Осыдан он жыл бұрын ветери­нарлық станция құрылған кезде тек қызметтік ғимарат, автокөліктерден аудандық бюджет қаражатына са­тып алынған “Нива” және “УАЗ-Фер­мер” ғана болған. Бүгінгі таңда бар­лық ве­теринариялық пункттер қа­жет­ті жабдық­тармен және “Нива-21214” авто­машиналарымен қамта­масыз етіл­ген. Газ автокөлігіне өлек­сені өртей­тін жылжымалы пеш, УАЗ, “Ssang Yong” автокөліктеріне дезин­фекция­лық қондырғылар орнатыл­ған. Әр ве­теринарлық дәрігерге қыз­меттік кө­лік­тің бөлінуі өз учаске­лерінде ауыл шаруашылығы жа­нуарларын ұстай­тын халыққа шұғыл ветеринариялық көмек көрсетуге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Ауру малдар жеке ауладан сою пунк­тіне дейін бюджет қаражаты есе­бінен жеткізіледі. Мал иесінің ауру малды етке тапсыру шы­ғындары да өтеледі. Биыл жеті се­ріктестік пен қожалыққа, қосалқы шаруашы­лық­тың 13 ауласына, үй-жайларға про­филактикалық зарарсыз­дандыру жүргізілді.

Аграрлық секторда ең төмен жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер. Осы жылдың бірінші тоқсанынан тариф­терді көтеру есебінен аудандық ве­теринарлық дәрігерлер мен ветери­нарлық пункттер мамандарының жал­ақысы үштен бірге көбейтілді. Жыл соңына дейін 60 пайызға дейін арт­тыру көзделген. Келесі жылдан бас­тап коммуналдық ветеринарлық кә­сіп­орындар мамандардың лауа­зым­дық жалақысына 50 пайыздық және зиянды еңбек жағдайлары үшін пато­гендігі 1-ші және 2-ші санат­тағы био­агенттермен жұмыс іс­теу мемле­кеттік коммуналдық меке­ме­лердің базалық лауазымдық жал­ақысына 140 пайыздық қосымша ақы, сауық­тыру құралы ретінде 2 лау­азымдық айлықақы қосылады. Бізге жас ма­мандар негізінен Ж.Қи­затов және Ка­таркөл ауыл шаруа­шы­лығы колледж­дерінен келеді. Жыл сайын түлектер­мен кездесу­лер өткізіп, мемлекет та­рапынан берілетін әлеуметтік қол­даулар жайлы хабардар етеміз. Нәтижесінде осы оқу орнында еңбек жо­лын бастаған жастар аз емес. Жеті маман “Дип­ломмен – ауылға!” бағ­дарламасы бойынша келіп, орна­лас­ты. Оларға тұрғын үй сатып алу үшін кө­терме және субсидия түрінде мем­лекеттік жәрдемақы төленді. Солар­дың бірі – Мұратбек Имиянов Чисто­поль ауыл­дық округіне ветеринар дә­рігері болып орналасты. Отбасын құ­рып, нәрестелі болды.

Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің ветеринария мамандарын даяр­лауда ауылдық квотаны 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі ұсынысы қолдау тапқаны көңілге үл­кен үміт ұялатады. Алдағы уақытта ветеринар мамандарының қызметін оларды есепке алу және тіркеу ар­қылы реттеу, мамандар әзір­леу үшін жоғары оқу орындары ұстануға тиісті стандарттарды дайындауға қатысу, біліктілігін артты­руды ұйымдастыру, оқытудың прак­ти­калық бағытын кү­шейту, көтерме жәрдемақы мөлше­рін ұлғайту мә­селелері депутаттар қа­рауына жол­данған “Ветеринария ту­ра­лы” жаңа заңда көрініс тапқан. Ве­теринария жүйесін реформалауға қатысты жол картасы бекітіліп, ветери­нар дәріге­рінің мәртебесін анықтау, ветери­нарлық қызметтер деңгейлері ара­сындағы өкілеттіктердің ара-жігін ажырату, заңнамаларды халық­ара­лық стандарттармен үйлестіру шара­лары белгіленген. Кейбір функ­ция­лар өңірден орталықтың қарауына берілді. Мұның бәрі жер­гілікті жерлерде мал дәрігерлік ба­қылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған.

Біз ауылдық округтердің ветери­нарлық пункттерінің жұмыстарын бірізділендіру, жетілдіру мақсатында өңірлік басқару нысаны сияқты жаңашылдықты енгізіп отырмыз. Аудан шартты түрде төрт аймаққа бө­лініп, оларға жетекшілік етуге аға ве­теринар дәрігерлері тағайындал­ған. Олар барлық ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізу бо­йынша ұйымдастырушы­лық және ағым­дық мәселелерді жедел түрде шешіп отырады. Бұл әдіс әр аймақ­тың және де әр ве­теринардың тәуел­сіздігін арттыра­ды, түрлі бастамашы­лыққа ұйытқы болады, сонымен қатар жауапкер­шілікті талап етеді. Кәсіпорынды бас­қарудың мұндай құрылымын облыс­тық ветеринария басқармасы құптап, аудандық вете­ринариялық станцияларға қолдану­ды ұсынды.

Қамидолла ЖАЗИТОВ,

аудандық ветеринария станциясының директоры.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp