Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында ветеринария саласын жетілдіру, соған орай орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттерді бөлу, сондай-ақ үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау, оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту талаптарын қойды. Жыл соңына дейін Үкіметке ветеринария жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды жүктеді. Мұндай игі бастамалар ветеринария саласында көптен бері айтылып келе жатқан түйінді проблемаларды түбегейлі шешеді деген сенімдеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр бұл мәселелер Сенатта арнайы талқыланып, мал дәрігерлерінің жалақысын арттыру, ветеринарлық станциялардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту негізгі тақырып арқауына айналды. Басқосуда жарты мыңға жуық маманнның жетіспейтіні, жоғары оқу орнын бітірген дипломды жастар елді мекендерге барғанмен, жеңілдікті әлеуметтік жағдайдың жасала бермейтіні ашық айтылды. 2021-2023 жылдарға арналған ветеринарлық қызметті дамыту және нығайту жөніндегі кешенді шаралар қабылданып, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты бақылау, ветеринариялық дәрі-дәрмектің айналымы, жануарлар ауруларын болжау сияқты ұсынымдар тиісті орындарға жолданды.
Бүгінде “дәрігер адамды, ветеринария адамзатты емдейді” деген сөз өз маңызын жоғалта қойған жоқ. “Ветеринария туралы” Заңда жазылғандай, бұл салаға сау және ауру жануарлар организмінің тіршілік заңдылығын, кеселдің пайда болу, алдын алу себептерін, анықтау әдістерін, малды күтіп-баптау, азықтандыру, жұмысқа жегу жолдарын ескере отырып, ауру жануарларды емдеу, сонымен қатар адамды жануарлар мен адамға ортақ аурулардан сақтандыру шараларын толық қамтитын ғылыми білімнің кешені ретінде қарайтын болсақ, мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екендігі ешқандай дау туғызбайды. Оның қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде нақты нәтижеге жету қиын.
Аудандық ветеринариялық станция өз қызметінде ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұқпалы және экзотикалық кеселдердің таралуына жол бермеу, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу, өнімдер мен шикізаттың сапасына бақылау жүргізу, тиісті профилактикалық шараларды атқару құзыреттерін жүзеге асыра отырып, жергілікті атқарушы органдармен үйлесімді түрде әрекет етеді. Әр округте құрылған ветеринариялық пункт дәрігерлері жануарлардың жұқпалы ауруларына қарсы профилактикалық жұмыстармен жүйелі түрде айналысады. Жыл сайын наурыз айынан бастап бруцеллезге, туберкулезге аллергияға, сібір жарасына, құтыруға, нодулярлы дерматитке және т.б. ауруларға қарсы вакцинациялау, бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын таңбалау, ал жылқы түлігіне суық әдіспен таңбалау жүргізіледі. Компьютерлік базада, меншік нысанына қарамастан, барлық малдың электрондық есебі топтастырылған. Ветеринарлық дәрігерлер тірі малға, етке, сүтке, майға және жануарлардан алынатын өнімдердің өзге де түрлеріне ветеринарлық анықтама жазып береді. Бұл құжаттар онлайн-режімде электрондық түрде ресімделеді. Жыл басынан бері 1828 ветеринарлық паспорт және 2604 анықтама берілді.
Осыдан он жыл бұрын ветеринарлық станция құрылған кезде тек қызметтік ғимарат, автокөліктерден аудандық бюджет қаражатына сатып алынған “Нива” және “УАЗ-Фермер” ғана болған. Бүгінгі таңда барлық ветеринариялық пункттер қажетті жабдықтармен және “Нива-21214” автомашиналарымен қамтамасыз етілген. Газ автокөлігіне өлексені өртейтін жылжымалы пеш, УАЗ, “Ssang Yong” автокөліктеріне дезинфекциялық қондырғылар орнатылған. Әр ветеринарлық дәрігерге қызметтік көліктің бөлінуі өз учаскелерінде ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын халыққа шұғыл ветеринариялық көмек көрсетуге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Ауру малдар жеке ауладан сою пунктіне дейін бюджет қаражаты есебінен жеткізіледі. Мал иесінің ауру малды етке тапсыру шығындары да өтеледі. Биыл жеті серіктестік пен қожалыққа, қосалқы шаруашылықтың 13 ауласына, үй-жайларға профилактикалық зарарсыздандыру жүргізілді.
Аграрлық секторда ең төмен жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер. Осы жылдың бірінші тоқсанынан тарифтерді көтеру есебінен аудандық ветеринарлық дәрігерлер мен ветеринарлық пункттер мамандарының жалақысы үштен бірге көбейтілді. Жыл соңына дейін 60 пайызға дейін арттыру көзделген. Келесі жылдан бастап коммуналдық ветеринарлық кәсіпорындар мамандардың лауазымдық жалақысына 50 пайыздық және зиянды еңбек жағдайлары үшін патогендігі 1-ші және 2-ші санаттағы биоагенттермен жұмыс істеу мемлекеттік коммуналдық мекемелердің базалық лауазымдық жалақысына 140 пайыздық қосымша ақы, сауықтыру құралы ретінде 2 лауазымдық айлықақы қосылады. Бізге жас мамандар негізінен Ж.Қизатов және Катаркөл ауыл шаруашылығы колледждерінен келеді. Жыл сайын түлектермен кездесулер өткізіп, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдаулар жайлы хабардар етеміз. Нәтижесінде осы оқу орнында еңбек жолын бастаған жастар аз емес. Жеті маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келіп, орналасты. Оларға тұрғын үй сатып алу үшін көтерме және субсидия түрінде мемлекеттік жәрдемақы төленді. Солардың бірі – Мұратбек Имиянов Чистополь ауылдық округіне ветеринар дәрігері болып орналасты. Отбасын құрып, нәрестелі болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария мамандарын даярлауда ауылдық квотаны 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі ұсынысы қолдау тапқаны көңілге үлкен үміт ұялатады. Алдағы уақытта ветеринар мамандарының қызметін оларды есепке алу және тіркеу арқылы реттеу, мамандар әзірлеу үшін жоғары оқу орындары ұстануға тиісті стандарттарды дайындауға қатысу, біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, оқытудың практикалық бағытын күшейту, көтерме жәрдемақы мөлшерін ұлғайту мәселелері депутаттар қарауына жолданған “Ветеринария туралы” жаңа заңда көрініс тапқан. Ветеринария жүйесін реформалауға қатысты жол картасы бекітіліп, ветеринар дәрігерінің мәртебесін анықтау, ветеринарлық қызметтер деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін ажырату, заңнамаларды халықаралық стандарттармен үйлестіру шаралары белгіленген. Кейбір функциялар өңірден орталықтың қарауына берілді. Мұның бәрі жергілікті жерлерде мал дәрігерлік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған.
Біз ауылдық округтердің ветеринарлық пункттерінің жұмыстарын бірізділендіру, жетілдіру мақсатында өңірлік басқару нысаны сияқты жаңашылдықты енгізіп отырмыз. Аудан шартты түрде төрт аймаққа бөлініп, оларға жетекшілік етуге аға ветеринар дәрігерлері тағайындалған. Олар барлық ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізу бойынша ұйымдастырушылық және ағымдық мәселелерді жедел түрде шешіп отырады. Бұл әдіс әр аймақтың және де әр ветеринардың тәуелсіздігін арттырады, түрлі бастамашылыққа ұйытқы болады, сонымен қатар жауапкершілікті талап етеді. Кәсіпорынды басқарудың мұндай құрылымын облыстық ветеринария басқармасы құптап, аудандық ветеринариялық станцияларға қолдануды ұсынды.
Қамидолла ЖАЗИТОВ,
аудандық ветеринария станциясының директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.