ОЙЫННАН ОТ ШЫҚПАУ ҮШІН…

Ақерке Дәуренбекқызы

 51651651@soltustikkaz.kz

Өңірімізде “Пиротехника” жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Акцияның бір күнінде қауіпті өнімді заңсыз сатқан 6 адам анықталып, олардан 250 пиротехникалық өнім тәркіленді.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, “Пиротехника” жедел-профилатикалық іс-шарасы өңірде 25 желтоқсан күні басталып, 3 қаңтарда аяқталмақ. Бұл шараны өткізудегі мақсат – отшашуларды заңсыз сату орындарын анықтап, рұқсат қағазы жоқ сапасыз өнімді айналымнан алу.

“Петардалар, шартылдақтар және отшашулар сынды пиротехникалық заттарға бүлдіршіндер мен ересектер арасында қызығушылық жоғары. Алайда көпшілік оның қауіпті екеніне мән бере қоймайды. Жазатайым оқиғалар мен өрт фактілерінің алдын алу мақсатында полицейлер мен құтқарушылар лицензияланбаған пиротехникалық өнімдерді сату орындарына рейдтер өткізуде”, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Құман Мусин.

Әкімшілік полиция басқармасының ақпаратынша, “Пиротехника” іс-шарасына 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылып, 60-тан астам рейдтік топ құрылған. Бүгінгі таңда полицейлер 12 құқық бұзушылықты анықтап, 620 данадан астам пиротехникалық бұйымды тәркіледі.

“Тәркіленген пиротехникалық өнімнің қаптамасы дымқыл, жыртылған болды, жарамдылық мерзімі аяқталған. Мұның бәрі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бұл тауардың қайда және қалай сақталғаны, қалай тасымалданғаны белгісіз, сондықтан адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай өнімді сатып алмас бұрын сатушыдан сәйкестік сертификатынан басқа, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қауіпсіз айналым жөніндегі нұсқаулықтың қосымшасын, қаптамада жарамдылық күнінің болуын талап етуі керек”, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Асқар Ысмағұлов.

Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тұрғындарды сертификаты бар дүкендер мен павильондардан ғана пиротехника өнімін сатып алуға шақырады. Сондай-ақ қала мен облыс тұрғындарынан жасөспірімдердің пиротехникалық бұйымдарды өз бетінше пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеттерін бақылау қажеттілігіне ерекше назар аударуды сұрайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp