«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАНЫҢ СӘНІ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кезінде би өнерінде жарық жұлдыздай жарқыраған Мархаба Иманқұлованың туғанына биыл 95 жыл. Тал шыбықтай бұралған қызылжарлық ару 1972 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңген әртісі атағын алған болатын. Мына зымырап бара жатқан уақыттың өткенге өз көлеңкесін түсіріп, ұмыттыра бастайтыны өкінішті. Мұны өмір заңдылығы деп ақталғанымызбен, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген асыл жанды әсте естен шығаруға болмайды. Бишінің өнерін тамашалап, көзін көргендердің қатары да сиреп барады. Ертеңгі ұрпақ өңірдегі би өнерінің бастауында Мархаба Иманқұлова сияқты жандар тұрғанын білуі тиіс.

Мархаба Сәдуақасқызы – түрлi ұлттың билерiн керемет билеген мың бұралған өнерпаз еді. Қалада қа­ракөздеріміз аз кездің өзінде облыс­тық филормонияға қазақтың әншi, күйшi қыз-жiгiттерiн жинап, қазақ то­бын құрып, ел елдi аралап, концерт беретiн. Қай жерде қазақ ауылы бар, солай қарай жол тартатын, негізінен түкпір-түкпірдегі бөлімшелерді көп аралайтын. Тіпті облыстың ауылда­рын аралап шыққан, көрші Ресейдегі қазақ көп шоғырланған елді мекендерге ба­рып, соларға да концерт қойып қай­татын. Өнерге деген жанашырлық, өз халқыңа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі деп осыны айтса болар. Ру­хани азыққа сусап отырған ауыл тұр­ғындары шөлдерін бір қандырса, топ­т­ағы студенттер де бір жылдық киі­мін, тамағын тауып, қоңданып, жон­данып қайтатын.

1976 жылы Қызылжарға келген­де менiң өнерiмдi бағалап, тобына әншi етiп алды. Сахнаға алып шы­ғып, елге танымал әншi қылған да сол Мархаба апайымыз десем, артық айтқандық болмас.

Ол сахнаға неше түрлi костюм­дер­мен, түрлi ұлттың биiн билеп шық­қанда өзгеше күй кешетiн. Бұл да бол­са киелi сахнаның, Алла берген өнердiң құдіретi болар. Бірақ сахна сыртында, өмiрде өте қарапайым жан еді.

Табиғатынан көрікті, талантты Мархаба өзінің тамаша икемділігі мен жеңіл қозғалысымен ерекшелен­ді. Қаладағы №1 Ленин атындағы мектепте оқып жүрген кезінде әр­түрлі акробатикалық жаттығулар орындап, біршама танылып та үл­герген еді. Орта мектептен кейін өнер жолына түсуді армандайды. Соғыстың кесірінен жетінші сынып­тан кейін оқуын жалғастыра алмай­ды. Сол кездегі 14-15 жастағы көпте­ген құрбылары сияқты қаладағы қа­зіргі №1 емхананың жанынан ашыл­ған әскери госпитальда жаралы жа­уынгерлерге көмек көрсетіп, ондағы мәдени-концерттік шараларға бел­сене араласады. Мектеп қабырға­сында үйренген акробатикалық нөмірлерді орындап жүреді.

Осы кезде Ленинградтан Қызыл­жарға балет әртісі Людмила Камская келіп, тұлымшағы желбіреген жас қыздың өнерге бейімділігін байқай­ды. Кәсіби маман жас қыздың әрбір қозғалысынан бишілік дарынды бай­қап, одан түбінде жақсы биші шыға­тынын айтады. Көктен іздегені жер­ден табылғандай болған Мархаба мұндай мүмкіндікті қапы жіберсін бе? Қолы босаған сәтте Людмила Конс­тантиновнаның жанынан табыла­тын. Бірақ бірден би үйренген жоқ, тә­лімгері Мархабаға алдымен бұрынғы акробатикалық нөмірлерін күрде­лендіріп, жетілдіру туралы кеңес береді. Білікті бишінің ондағы ойы сәнді дене қозғалысына қажет буындары жетіле түссін дегені болса керек. Не керек, әйтеуір, жасалған ұзақ жаттығулар өз нәтижесін бере бастайды.

Алайда өнер жолындағы алғаш­қы қадамы сәтті болған жоқ. Сүйікті қыздарының жаралылардың алдын­да билеп жүргенін естіген ата-анасы оның мұндай әуестігіне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Әкесі Сәдуақас: “Тәп-тәуір отбасынан шыққан қыз баланың әлем-жәлем киініп, жұрт алдында қылтыңдап билегені дұрыс болмайды”, – деп қатты ашуланады. Алайда жылдар өте келе бұл шаңы­рақтың даңқын өнерпаз қызы шыға­ратыны ешкімнің ойына келмеген.

Әкесі Сәдуақас Наурызбаев ұзақ жыл темір жолда еңбек етіп, “Құр­метті теміржолшысы” атағына ие бол­ған жан еді. Ол соғыс жылдарында Петропавл – Көкшетау және Петро­павл – Челябі темір жол рельстерін төсеуге қатысқан. Мархаба – отбасы­дағы екінші бала, одан басқа екі сіңлі­сі және ағасы мен екі інісі бар. Оның үстіне Сәдуақас қаза тапқан бауырының екі баласын бауырына басып, өз балаларындай тәрбиелей­ді. Осындай тату-тәтті ортада өсіп, отбасының тәлімді үлгісін көрген Мархабаның сол кездегі қазақ қоға­мы онша құптай қоймаған би өнеріне ұмтылысы ата-анасын қалай қапа­лан­дырмасын. Оның үстіне кейбі­реулердің: “Ойбой, пәленшекеңнің қызы жартылай ашық билейді екен”, – деген сөздері де тамызыққа май құйғандай болғаны анық.

Ленинградтық балерина өте ақылды адам болса керек. Сәдуақастың ашуы тарқады-ау деген кезде ар­найы барып, қызының өте дарынды жан екенін айтып, бағын байламауын өтінеді. Мархабаның әке-шешесі не дегенмен де көздері ашық адамдар ғой, өзара ақылдаса келе келісім береді. Содан кейін балерина мен биші қыз барлық бос уақыттарын биге арнайды. Соғыс аяқталғаннан кейін Людмила Константиновна ту­ған қаласы Ленинградқа қайтады, бі­рақ ол өзінің талантты шәкіртінің бо­йында би өнеріне деген сүйіспен­шілікті қалдырады.

Осылайша өнердің алғашқы бас­палдағынан өткен өрімдей жас өмірдегі еңбек жолын облыстық филармонияның жанындағы концерттік-эстрадалық бюрода бастайды. Ол кезде Игібай Әлібаев сынды өнер тарланы бастаған бұл ұжымға бірден биші емес, акробатшы болып кірге­ніне разы еді. Мектеп жасынан акробатикаға үйір оған сахналық қойы­лымдар оншалықты қиынға түскен жоқ. Көрермендер сүйкімді қараторы қыздың мінсіз дене қимылдарына тәнті болып, қайта-қайта қол шапалақтап, сахнаға шақыратын. Көпші­лігіне акробатикалық нөмірлері емес, би мәнерінде иіліп сәлемдесуі мен балет үлгісіндегі қимыл-әре­кет­тері ұнайтынын өзі де сезіне бастай­ды. Осылайша іштегі би өнеріне де­ген құмарлық оты лаулап, басты ар­манына айналады.

Алайда арманы орындалуы үшін әлі талай уақыт өтерін кім білген? Сахнада өнер көрсетіп жүрген сұлу қызға оңтүстік өңірден келген белгілі әртіс жігіт құлай ғашық болып, ақыры екеуі отау құрды. Ол – өзіміздің облыстағы Шал ақын ауданының Көктерек ауылының тумасы, кейінде Қа­зақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атанған сахна шебері Ысқақ Иман­құлов болатын. Өзінен 15 жас үлкен­дігі бар және бұрын отбасын құрған екен. Алайда онымен бірге бір шаңырақ астында екі жыл ғана тұрды, тұздары жараспады. Бір жас­тағы сәбиімен тастап кеткен сүйікті­сінің бұл қылығын өмірінің соңына дейін ұмыта алмады.

Алдағы өмірін өнеріне және жал­ғыз ұлы – Болатқа арнауды ұйғарған Мархаба одан кейін тұрмысқа шыққан жоқ. Жылдың қай мезгілінде болсын үнемі гастрольде, шалғай­дағы ауыл еңбеккерлеріне қызмет етіп жүретін. Ал Болат көбінесе ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Анасы оған демалыс уақытында ғана келе­тін ­еді. Қалай болғанда да Болат жақ­сы азамат болып өсіп, әке-шешесі сияқты өнер жолын қуды.

Мархабаның бишілік өнердегі даңғыл жолы Алматыдағы республи­калық эстрадалық өнер студиясында атақты хореограф, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың ше­берлік сыныбын бітірген соң басталады. Онда ұлттық билерге, Шығыс халықтарының және үндінің би өне­ріне машықтанды. Әйгілі ұстаз та­лантты шәкіртінің бойындағы зор қуатты танып, оған ерекше үміт ар­тады. Кейінгі өнер жолында да жақсы қарым-қатынаста болады.

Туған жеріне өнерін ұштап, білі­мін толықтырып оралған Мархаба бар уақытын биге арнап, бимен ғана тыныстады десе болады. Солтүстік Қазақстанда ол барып, өнер көрсет­пеген ауыл жоқ шығар. Көркімен де, өнерімен де жұрттың жүрегін жаула­ған жан еді ғой.

Биші жерлесіміздің 1958 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өне­рінің онкүндігіне қатысып, үлкен театрда өткен қорытынды концертте өнер көрсетуі – зор мәртебе еді. Кейін Беларусь, Эстония, Латвия елдерінде және Ресейдің Ленинград қаласында гастрольдік сапарларда болып, өзінің тамаша билерімен талайларды тамсандырды.

Мархаба үнемі сапарда жүретін өнерпаздардың бірі болса да, өте қонақжайлылығымен танылған жан. Бишінің үйінде көптеген өнер саңлақ­тары қонақта болған. Олардың қатарында КСРО халық әртістері Ермек Серкебаев пен Людмила Зыкина, қазақтың күміс көмей әншілері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев және татар әншісі Ринат Ибрагимов те бар. Шара апасы да дастарқанынан талай дәм татқан, Қызылжар өңіріне жолы түскенде Мархабаға соқпай кетпейтін, оның өнердегі табысына шын көңілден қуанатын еді.

Мархаба гастрольде жүріп жол апатына ұшырап, ауыр жарақаттың салдарынан сүйікті өнерінен қол үз­ген еді. Бишінің жұлдызды жылдары­ның нұрлы сәулесі ұлы Болатқа түс­кенін айтпай кетпеске болмас. Ана­сына ұқсап эстрадалық өнер жолын қуып, Алматыдағы эстрадалық-цирк училищесінде оқыды. Бірақ екі курстан соң өзі тіленіп міндетті әскер қатарына алынып, үш жыл Кронд­штатта әскери теңіз флотында қызмет етті. Сосын училищедегі оқуын жалғастырып, оны бітірісімен, рес­пуб­ликалық циркте жұмыс істеді. Алайда акробатикалық жаттығу­лардың бірінде белінен зақым алуы­на байланысты циркті қойып, иллю­зионисттік қызметке ауысуына тура келді. Өнерпаздар әулетінен шыққан оның бойында мұндай да қасиет бар болып шықты. Қостанай мен Петро­павлдағы өнер ордаларында табысты жұмыс істеді. Гастрольдік сапар­ларының бірінде мамлюткалық өнерпаз қыз Полина Борисовнаны жолықтырып, отбасын құрды. Уақыт өте келе Мархабаның ауруы асқы­нып, бір аяғынан айырылғанға дейін өзінің бар аналық мейрімін Болатқа және одан көрген немересі Русланға төкті.

Жуырда Мархаба Иманқұло­ва­ның 95 жылдығына арналған “Биле, Қызылжар!” атты бірінші облыстық хореографиялық өнер байқауы өтті. Тұтас бір ұрпақ өмірінде өшпес із қал­дырған өнерпазды есте қалдырарлықтай шаралар жиі ұйымдастырылса игі болар еді.

Кәмилә ӘЛІБАЕВА,

әнші, термеші.

СУРЕТТЕ: М.Иманқұлова (оң жақта) атақты әнші Р.Бағлановамен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp