«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есілде жанған жұлдыздар

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Киелі топырақ. Әулие Құлсары­ның түйесін тоқтатқан, аналары әнші­лер мен ақындарды толғатқан киелі то­пырақ осы. Жер бетінде дала да осындай сұлу, осындай құнарлы бо­лады екен ғой!? Бір сәт кең құшағың­ды жайып, сол даланың өзен-көлін, ор­ман-тоғайын, үстін басып жүрген әр адамын құшақтап алғың келеді. Даңқ­ты бабалардың ізі сайрап жатқан сайын дала бүгінгіге тарихтың көне күйін шертіп жатқандай. Сол күйдің сы­рын ұға алсаң, өткен күннің талай хикаясы ақтарылғалы тұр. Мен көр­ген Есіл ауданының жазық даласы – осы. Бұл далада талай тұлпарлар­дың ізі, серілердің әні, ақындардың жыры қалған. Кешегі Жылғарадан бас­талған осы аудандағы өнердің ба­за­ры әлі де тарқамаған екен. Оған ау­дан орталығында өткен “Есілде жан­ған жұлдыздар” атты концерт барысында куә болдық.

Тегінде өнер атаулы адам бала­сына тектен емес, жерден дариды дей­ді. Қызылжар өңірінің Есілдей ай­мағынан шыққан өнерпаздарды көр­генде осы сөздің растығын мойындамасқа лаж жоқ. Есләм Зікібаев, Мү­таллап Қанғожин, Аяған Шәжімбаев­тарды туған топырақ әлі талай та­лантқа бесік болары анық. Бүгіннің өзінде осында туып-өскен ұл қыздар ел мерейін өсіріп, үлкен сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Олар ел ме­рейін өсіріп, ауыл халқына тамаша кеш сыйлау үшін туған елге ат басын бұрды.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен “Есілде жанған жұлдыздар” атты кон­церттің әлқиссасы мәдениет қайрат­кері Спартак Рамазановтың орын­дауындағы ауыл жайлы әнмен бас­талды. Кейін өнерпаздар осындағы алдыңғы толқын ағаларына құрмет көрсетіп, шапан жапты.

– Есіл ауданы – өз өнерпаздарын төріне шығарып, осындай деңгейдегі шараны өткізіп жатқан тұңғыш аудан. Бір ғана ауданнан осынша өнерпаз­дың шығуы, олардың туған жер төрін­де бас қосып, жергілікті жұртшылық­ты ән мен жырға сусындатуы тегін емес. Аталған игі бастама әлі де жал­ға­сын табары анық. Бүгін Есілдегі көрерменнің өресі жоғары, өнерге ықы­ласы ерекше екеніне куә болдық. Бұл – түгін тартсаң, майы шығатын, та­лай батырларды, дарындарды құн­дақ­таған киелі мекен. Осындай шұ­райлы жерді мекендеген, ән мен жыр қонған қазақ ауылдарының қашан да асығы алшысынан түсіп, көркейе бер­сін, – деді кеш тізгінін ұстаған айтыс­кер ақын Жарқын Жұпархан.

Айта кетерлігі, осы күні ауданның спорт саласын дамытып, ірі додалар­да биіктен көрініп жүрген спортшы­лар да марапатталып, құрметке бөленді. Соңғы бірнеше жылда спорт са­ласында облыста соңғы қатарда қал­ған аудан бірнеше жылдың жүзінде алтыншы орынға көтерілген. Жауап­ты мамандардың айтуынша, алдағы мақсат – үздік үштікке ену. Есілде ұлт­тық спортқа көңіл бөлініп отырғаны қуантты. Айналасы аз уақытта ауыл жігіт­тері аударыспақ, көкпар, күреске бейімделе бастаған.

Мәдени шара дәстүрлі әнші Амангелді Рамазановтың орындауын­дағы әнмен жалғасты. Әнші Нұр­сұлу Ахметжанованың шырқаған туындылары да елдің көңілінен шықты. Одан соң сахна төріне Аманжол Зағыпар, Жұмабек Рахимов бастаған ақын­дар шығып, аудан тарихын, бел­гілі тұлғаларын жырға қосты. Өнерде де, өмірде де жолдары бір Марат пен Гүлназ Гайнулиндер, Сандуғаш пен Асқар Жаменовтер әсем әуенмен құ­лақ құрышын қандырды. Ал дәстүрлі әншілер Еркебұлан Қаріпов, Ғалым­жан Нүрпейісовтер елге белгілі туын­дылардың тиегін ағытты. Аслан Тө­кен, Бәйімбет Құбайдолла, Айбек Тұр­ғынов, Расул Өмірзақ сынды домбы­рашылар күй тартыстың көркін қыздырды. Кешке келген Алмас Бейсен­баев, Әділхан Тілеубайлар болса ән шашуды одан әрі жалғады. Өнерден бөлек, Қызылжар өңіріндегі әнші-ақындар мұрасын зерттеумен айна­лысып жүрген Біржан Есжан осы ауданда ізі қалған Үкілі Ыбырайдың әні мен Жылғара Байтоқаұлының “Жиырма бесіне” басты. Есіл ауда­нында бұдан бөлек, қобыз, скрипка, труба сынды аспаптардың тілін тап­қан өнерпаздар да бар екен. Осы өнері­мен бірқатар байқауларда топ жарып, ел қошеметіне бөленіп жүр­ген Жәмилә Мұстафина, Дамир Қаб­денов, Марат Закиряновтар аталған аспаптарда құйылжытып, көрерменді әсем сазбен баурады. Концерт “Melo­mix” тобының орындауындағы “Қы­зылжар ұраны” әнімен аяқталды. Есілдік ағайын қатысушыларға тік тұ­рып қол соғып, алғысын білдірді. Осы шараға арнайы аудандағы Ақтас, Өрнек, Мектеп, Бірлік ауылдарының тұрғындары да келген екен.

Шара соңында аталған концертті ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімі Медет Оспанов барша өнерпаздарға ризашылығын білдірді.

– Соңғы жылдары аудандағы мәдениет, спорт салаларында бірқатар өзгерістер орын алды. Осы киелі жер­ден шыққан өнерпаздар үлкен са­хналардың төрінен көрініп, ел мерейін асырып жүр. Олардың ара­сында өнердің әр саласында биік­терді бағындырған жандар бар еке­ніне кеш барысында бәріміз куә бо­лып, қуандық. Халқымыз “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады” дейді. Аудан жұртшылығы осы ұстанымынан жаңылған емес. Мұн­дағы жұртшылық осындай кештерді асыға күтеді, өз дарындарын қашан да қуана қарсы алады. Ұсыны­сы­мызды қабыл алып, аудан халқына тамаша әсер сыйлаған барша өнер­паздарға алғыс айтамын, – деді Ме­дет Дулатұлы.

Шара соңында аудан басшысы бірқатар өнерпаздарды марапаттап, сый көрсетті. Аудан мәдениетіне ұзақ жылдар үлес қосқаны үшін Спартак Рамазанов, айтысты дамытуға қос­қан үлесі үшін Жарқын Жұпархан Ал­ғыс хаттарға ие болды. Ал өңір намы­сын аламан бәйгеде қорғап жүрген Жұмабек Рахимовтің иығына шапан жабылды. Мұнда келген өнерпаздар мен көрермен осынау ерекше жобаға риза болып, қошемет көрсетті. Туған елдегі таланттар тойы осылай тарқады.

СУРЕТТЕРДЕ: Явленка ауылындағы концерттен көріністер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp