Кезінде би өнерінде жарық жұлдыздай жарқыраған Мархаба Иманқұлованың туғанына биыл 95 жыл. Тал шыбықтай бұралған қызылжарлық ару 1972 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңген әртісі атағын алған болатын. Мына зымырап бара жатқан уақыттың өткенге өз көлеңкесін түсіріп, ұмыттыра бастайтыны өкінішті. Мұны өмір заңдылығы деп ақталғанымызбен, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген асыл жанды әсте естен шығаруға болмайды. Бишінің өнерін тамашалап, көзін көргендердің қатары да сиреп барады. Ертеңгі ұрпақ өңірдегі би өнерінің бастауында Мархаба Иманқұлова сияқты жандар тұрғанын білуі тиіс.
Мархаба Сәдуақасқызы – түрлi ұлттың билерiн керемет билеген мың бұралған өнерпаз еді. Қалада қаракөздеріміз аз кездің өзінде облыстық филормонияға қазақтың әншi, күйшi қыз-жiгiттерiн жинап, қазақ тобын құрып, ел елдi аралап, концерт беретiн. Қай жерде қазақ ауылы бар, солай қарай жол тартатын, негізінен түкпір-түкпірдегі бөлімшелерді көп аралайтын. Тіпті облыстың ауылдарын аралап шыққан, көрші Ресейдегі қазақ көп шоғырланған елді мекендерге барып, соларға да концерт қойып қайтатын. Өнерге деген жанашырлық, өз халқыңа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі деп осыны айтса болар. Рухани азыққа сусап отырған ауыл тұрғындары шөлдерін бір қандырса, топтағы студенттер де бір жылдық киімін, тамағын тауып, қоңданып, жонданып қайтатын.
1976 жылы Қызылжарға келгенде менiң өнерiмдi бағалап, тобына әншi етiп алды. Сахнаға алып шығып, елге танымал әншi қылған да сол Мархаба апайымыз десем, артық айтқандық болмас.
Ол сахнаға неше түрлi костюмдермен, түрлi ұлттың биiн билеп шыққанда өзгеше күй кешетiн. Бұл да болса киелi сахнаның, Алла берген өнердiң құдіретi болар. Бірақ сахна сыртында, өмiрде өте қарапайым жан еді.
Табиғатынан көрікті, талантты Мархаба өзінің тамаша икемділігі мен жеңіл қозғалысымен ерекшеленді. Қаладағы №1 Ленин атындағы мектепте оқып жүрген кезінде әртүрлі акробатикалық жаттығулар орындап, біршама танылып та үлгерген еді. Орта мектептен кейін өнер жолына түсуді армандайды. Соғыстың кесірінен жетінші сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмайды. Сол кездегі 14-15 жастағы көптеген құрбылары сияқты қаладағы қазіргі №1 емхананың жанынан ашылған әскери госпитальда жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, ондағы мәдени-концерттік шараларға белсене араласады. Мектеп қабырғасында үйренген акробатикалық нөмірлерді орындап жүреді.
Осы кезде Ленинградтан Қызылжарға балет әртісі Людмила Камская келіп, тұлымшағы желбіреген жас қыздың өнерге бейімділігін байқайды. Кәсіби маман жас қыздың әрбір қозғалысынан бишілік дарынды байқап, одан түбінде жақсы биші шығатынын айтады. Көктен іздегені жерден табылғандай болған Мархаба мұндай мүмкіндікті қапы жіберсін бе? Қолы босаған сәтте Людмила Константиновнаның жанынан табылатын. Бірақ бірден би үйренген жоқ, тәлімгері Мархабаға алдымен бұрынғы акробатикалық нөмірлерін күрделендіріп, жетілдіру туралы кеңес береді. Білікті бишінің ондағы ойы сәнді дене қозғалысына қажет буындары жетіле түссін дегені болса керек. Не керек, әйтеуір, жасалған ұзақ жаттығулар өз нәтижесін бере бастайды.
Алайда өнер жолындағы алғашқы қадамы сәтті болған жоқ. Сүйікті қыздарының жаралылардың алдында билеп жүргенін естіген ата-анасы оның мұндай әуестігіне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Әкесі Сәдуақас: “Тәп-тәуір отбасынан шыққан қыз баланың әлем-жәлем киініп, жұрт алдында қылтыңдап билегені дұрыс болмайды”, – деп қатты ашуланады. Алайда жылдар өте келе бұл шаңырақтың даңқын өнерпаз қызы шығаратыны ешкімнің ойына келмеген.
Әкесі Сәдуақас Наурызбаев ұзақ жыл темір жолда еңбек етіп, “Құрметті теміржолшысы” атағына ие болған жан еді. Ол соғыс жылдарында Петропавл – Көкшетау және Петропавл – Челябі темір жол рельстерін төсеуге қатысқан. Мархаба – отбасыдағы екінші бала, одан басқа екі сіңлісі және ағасы мен екі інісі бар. Оның үстіне Сәдуақас қаза тапқан бауырының екі баласын бауырына басып, өз балаларындай тәрбиелейді. Осындай тату-тәтті ортада өсіп, отбасының тәлімді үлгісін көрген Мархабаның сол кездегі қазақ қоғамы онша құптай қоймаған би өнеріне ұмтылысы ата-анасын қалай қапаландырмасын. Оның үстіне кейбіреулердің: “Ойбой, пәленшекеңнің қызы жартылай ашық билейді екен”, – деген сөздері де тамызыққа май құйғандай болғаны анық.
Ленинградтық балерина өте ақылды адам болса керек. Сәдуақастың ашуы тарқады-ау деген кезде арнайы барып, қызының өте дарынды жан екенін айтып, бағын байламауын өтінеді. Мархабаның әке-шешесі не дегенмен де көздері ашық адамдар ғой, өзара ақылдаса келе келісім береді. Содан кейін балерина мен биші қыз барлық бос уақыттарын биге арнайды. Соғыс аяқталғаннан кейін Людмила Константиновна туған қаласы Ленинградқа қайтады, бірақ ол өзінің талантты шәкіртінің бойында би өнеріне деген сүйіспеншілікті қалдырады.
Осылайша өнердің алғашқы баспалдағынан өткен өрімдей жас өмірдегі еңбек жолын облыстық филармонияның жанындағы концерттік-эстрадалық бюрода бастайды. Ол кезде Игібай Әлібаев сынды өнер тарланы бастаған бұл ұжымға бірден биші емес, акробатшы болып кіргеніне разы еді. Мектеп жасынан акробатикаға үйір оған сахналық қойылымдар оншалықты қиынға түскен жоқ. Көрермендер сүйкімді қараторы қыздың мінсіз дене қимылдарына тәнті болып, қайта-қайта қол шапалақтап, сахнаға шақыратын. Көпшілігіне акробатикалық нөмірлері емес, би мәнерінде иіліп сәлемдесуі мен балет үлгісіндегі қимыл-әрекеттері ұнайтынын өзі де сезіне бастайды. Осылайша іштегі би өнеріне деген құмарлық оты лаулап, басты арманына айналады.
Алайда арманы орындалуы үшін әлі талай уақыт өтерін кім білген? Сахнада өнер көрсетіп жүрген сұлу қызға оңтүстік өңірден келген белгілі әртіс жігіт құлай ғашық болып, ақыры екеуі отау құрды. Ол – өзіміздің облыстағы Шал ақын ауданының Көктерек ауылының тумасы, кейінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атанған сахна шебері Ысқақ Иманқұлов болатын. Өзінен 15 жас үлкендігі бар және бұрын отбасын құрған екен. Алайда онымен бірге бір шаңырақ астында екі жыл ғана тұрды, тұздары жараспады. Бір жастағы сәбиімен тастап кеткен сүйіктісінің бұл қылығын өмірінің соңына дейін ұмыта алмады.
Алдағы өмірін өнеріне және жалғыз ұлы – Болатқа арнауды ұйғарған Мархаба одан кейін тұрмысқа шыққан жоқ. Жылдың қай мезгілінде болсын үнемі гастрольде, шалғайдағы ауыл еңбеккерлеріне қызмет етіп жүретін. Ал Болат көбінесе ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Анасы оған демалыс уақытында ғана келетін еді. Қалай болғанда да Болат жақсы азамат болып өсіп, әке-шешесі сияқты өнер жолын қуды.
Мархабаның бишілік өнердегі даңғыл жолы Алматыдағы республикалық эстрадалық өнер студиясында атақты хореограф, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың шеберлік сыныбын бітірген соң басталады. Онда ұлттық билерге, Шығыс халықтарының және үндінің би өнеріне машықтанды. Әйгілі ұстаз талантты шәкіртінің бойындағы зор қуатты танып, оған ерекше үміт артады. Кейінгі өнер жолында да жақсы қарым-қатынаста болады.
Туған жеріне өнерін ұштап, білімін толықтырып оралған Мархаба бар уақытын биге арнап, бимен ғана тыныстады десе болады. Солтүстік Қазақстанда ол барып, өнер көрсетпеген ауыл жоқ шығар. Көркімен де, өнерімен де жұрттың жүрегін жаулаған жан еді ғой.
Биші жерлесіміздің 1958 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, үлкен театрда өткен қорытынды концертте өнер көрсетуі – зор мәртебе еді. Кейін Беларусь, Эстония, Латвия елдерінде және Ресейдің Ленинград қаласында гастрольдік сапарларда болып, өзінің тамаша билерімен талайларды тамсандырды.
Мархаба үнемі сапарда жүретін өнерпаздардың бірі болса да, өте қонақжайлылығымен танылған жан. Бишінің үйінде көптеген өнер саңлақтары қонақта болған. Олардың қатарында КСРО халық әртістері Ермек Серкебаев пен Людмила Зыкина, қазақтың күміс көмей әншілері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев және татар әншісі Ринат Ибрагимов те бар. Шара апасы да дастарқанынан талай дәм татқан, Қызылжар өңіріне жолы түскенде Мархабаға соқпай кетпейтін, оның өнердегі табысына шын көңілден қуанатын еді.
Мархаба гастрольде жүріп жол апатына ұшырап, ауыр жарақаттың салдарынан сүйікті өнерінен қол үзген еді. Бишінің жұлдызды жылдарының нұрлы сәулесі ұлы Болатқа түскенін айтпай кетпеске болмас. Анасына ұқсап эстрадалық өнер жолын қуып, Алматыдағы эстрадалық-цирк училищесінде оқыды. Бірақ екі курстан соң өзі тіленіп міндетті әскер қатарына алынып, үш жыл Крондштатта әскери теңіз флотында қызмет етті. Сосын училищедегі оқуын жалғастырып, оны бітірісімен, республикалық циркте жұмыс істеді. Алайда акробатикалық жаттығулардың бірінде белінен зақым алуына байланысты циркті қойып, иллюзионисттік қызметке ауысуына тура келді. Өнерпаздар әулетінен шыққан оның бойында мұндай да қасиет бар болып шықты. Қостанай мен Петропавлдағы өнер ордаларында табысты жұмыс істеді. Гастрольдік сапарларының бірінде мамлюткалық өнерпаз қыз Полина Борисовнаны жолықтырып, отбасын құрды. Уақыт өте келе Мархабаның ауруы асқынып, бір аяғынан айырылғанға дейін өзінің бар аналық мейрімін Болатқа және одан көрген немересі Русланға төкті.
Жуырда Мархаба Иманқұлованың 95 жылдығына арналған “Биле, Қызылжар!” атты бірінші облыстық хореографиялық өнер байқауы өтті. Тұтас бір ұрпақ өмірінде өшпес із қалдырған өнерпазды есте қалдырарлықтай шаралар жиі ұйымдастырылса игі болар еді.
Кәмилә ӘЛІБАЕВА,
әнші, термеші.
СУРЕТТЕ: М.Иманқұлова (оң жақта) атақты әнші Р.Бағлановамен бірге.