Ақерке Дәуренбекқызы
Өңірде биыл 50 адамда ұйқы безі қатерлі ісігі анықталса, 27 сырқат осы дерттен қайтыс болды. Қазіргі уақытта 52 адам диспансерлік есепке алынған, ауырғандардың әр үшіншісі – ер адам. Ұйқы безі обырынан өлім-жітім неге жоғары, кімдер қатер тобына кіреді? Облыстық көпсалалы аурухананың онкология орталығының онколог-хирургі Сергей Краснов қатерлі дерт жайында қойған сауалдарымызға жауап берген еді.
– Сергей Вячеславұлы, ұйқы безі қандай орган, ол не үшін жауап береді?
– Адамның бойындағы әр ағза маңызды, ұйқы безінің де атқарар рөлі бар. Ұзындығы 15-20 сантиметр болып келетін бұл орган бауыр мен асқазанның астында орналасып, астың қорытылуына жағдай жасайды және қандағы қант мөлшерін реттейді. Яғни сіздің ағзаңызға тағамды сіңіруге көмектеседі, ас қорыту шырынын бөледі. Егер оның жұмысы бұзылатын болса, жалғыз бұл ағза ғана емес, басқалары да зардап шегеді.
– Ұйқы безі обырының пайда болуына не себеп, кімдер қатер тобына кіреді?
– Ұйқы безінің қатерлі ісігі – “жаман” аурудың ең көп таралған алты түрінің бірі. Ұйқы безі обыры көп жағдайда ұйқы безі түтіктерінің ішкі қабаттарындағы жасушалардан басталады. Қатерлі ісіктің бұл түрі панкреатиялық аденокарцинома немесе панкреатиялық экзокриндік қатерлі ісік деп аталады. Обырдың нақты пайда болуына не себеп екенін айту қиын, бірақ оның тууына бірнеше фактор әсер етеді, ол – ұзақ уақыт темекі шегу, спирттік ішімдіктерді тұтыну, қант диабеті, панкреатит ауруы, ген арқылы берілуі, семіздік.
Статистикаға сүйенсек, 100 мың адамның ішінде тоғызы ұйқы безі обырымен ауырады. Сырқаттардың орташа жасы – 68-69 және ауырғандардың басым бөлігі – ер адамдар. Олар қартайған сайын ауыру қаупі жоғарылай бермек. Мәселен, халықаралық статистикаға жүгінсек, барлық жаңа қойылған диагноздың 97,5 пайызы – 45 және одан жоғары жастағыларға тиесілі. Шамамен 89 пайызы – 55 жастан асқандар болса, 66,5 пайызы – 65 жастан асқан егде жастағылар.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл обыр анықталғаннан кейін науқастардың тек 3 пайызы ғана 5 жыл өмір сүреді.
– Ұйқы безі обырының алғашқы белгілері қандай?
– Бастапқы кезеңінде оның белгілері мүлдем болмауы мүмкін. Оны басқа аурулармен шатастырып жатады. Ең жиі кездесетіні – сарғаю, адамның терісі, көздің ағы сарғайып кетеді. Бұл бауыр ауруы мен маскүнемдіктің де белгісі. Себебі ісік өт жолдарын жабады. Тері қышуы мүмкін. Іш немесе арқа ауырып, тәбет төмендейді. Өйткені ісіктің өсуі, әсіресе асқазанның жұмысына кедергі келтіреді. Нәтижесінде құсу, кекіру, жүректің айнуы мазаны алады. Салдарынан науқас салмақ жоғалтады. Іш кеуіп, өсуі мүмкін. Нәжістің түсі өзгеріп, несеп шайға ұқсайды. Жалпы әлсіздік пайда болып, қант диабеті өршуі мүмкін. Егер де осы белгілердің біреуі пайда болса, бірден дәрігерге көрінген жөн.
– Ұйқы безінің обыры бар деп күдіктенген жағдайда қандай диагностикадан өткен жөн?
– Ең алдымен, онкологқа көріну қажет. Дәрігер кейін қажетті тексерулерді белгілейді. Ең алдымен, науқастың сыртқы белгілеріне назар аударады, кейін қан талдамасын жасап, билирубиннің мөлшерін анықтайды. Бұдан басқа, ультрадыбыстық сканерлеуден өткізеді. Алайда тексерістің бұл түрі обырдың алғашқы сатыларын көрсетпеуі мүмкін.
Компьютерлік, магнитті-резонансты томография қолданылады. КТ мен МРТ маманға ісіктің мөлшерін, метастаздардың бар-жоғын анықтауға көмектеседі.
Бұдан басқа, позитронды-эмиссиондық томография деген бар, ол ісіктің орналасқан жерін және ағзаға қаншалықты таралғанын көруге көмектеседі.
Сондай-ақ лапароскопия жасалады, бұл – хирургиялық жолмен жүзеге асырылады. Хирург ішке тілік жасап, сол арқылы лапароскопты енгізеді. Осылайша іш құрылысы тексеріліп, обырдың таралмағандығына көз жеткізіледі. Тек содан кейін ғана қатерлі ісік ота арқылы алынады.
Тексерілудің тағы бір түрі – биопсия. Ісіктің үлгісі арқылы оның қатерлі-қатерсізі анықталады.
Ал емдеудің негізгі үш жолы бар, олар – ота жасау, химиотерапия және сәулелі терапия. Соның ішінде тек ота арқылы ғана 100 пайыз ұйқы безі обырынан емделуге болады.
– Обырдың алдын алуға бола ма?
– Обырға алып келетін факторларды азайтуға болады. Ең бастысы – саламатты өмір салтын ұстану керек.
Әңгімеңізге рақмет!